«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Естігенді емес, көргенді жазған әсерлірек”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қасиетті Қызылжар топырағында кіндік қаны тамып, білім-біліктерімен, дарын-қабілеттерімен ұлтқа, елге, жерге адал қызмет еткен жандар аз емес. Солардың бір шоғыры туған жерден шалғайда жүр. Бүгін адам өмірінің айтулы белесі – 75 жасқа толып отырған ақын, журналист, сазгер Шашубай Малдыбаев Алматы қаласы маңындағы Қаскелең қаласында тұрып жатыр. Оңтүстік астанаға барған сапарымызда ағамыздың үйіне арнайы ат басын бұрып, мерейтойымен құттықтаған едік.

– Шашубай Ғалымұлы, сізді әкеге қарап өскен ұл десек қателесе қоймаспыз. Қазақ әдебиетінің қоржынын небір көркем дүниелерімен толықтырған әкеңіз Ғалым Малдыбаев – саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған жан. Сіздің де осы саладан маңайынан табылуыңызға әкеңіз ықпал еткен болар?

– Мен 1949 жылы Шал ақын ауданында қазақ әдебиетінің қос бәйтерегі Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің замандасы, Мағжанның шәкірті, Бейімбеттің досы болған ақын Ғалым Малдыбаевтың шаңырағында дүние есігін аштым. Әкем өзі­нің “Өмірден ертегі” атты хикаятында туғанынан шешесінен жетім қалып, байдың есігінде күн кешіп, қозы бақ­қанын, көп қиянат көргенін баяндай­ды. Жасынан таршылық пен жоқшылық­тың зардабын тартқан әкем талапкерлігі, мақсатшылдығының арқа­сында талай жетістікке жеткені көбі­мізге аян. Молдадан сауатын шала ашса да, қолына қалам ұстап, ақ жү­регімен, ақ ниетімен өз елін, жерін өлеңге қосып, халықтың бостанды­ғын, теңдігін және сәулетті болаша­ғын жырына арқау етті. Мен ғана емес бауырынан тараған перзенттерінің барлығы сөз өнеріне жақын. Бұл – бізге әкемізден дарыған қасиет.

– 75 жас уақыт өлшеуішіне салып қарағанда аз ғұмыр емес. Өткен өміріңізге ой жүгірткенде көңіл көкжиегіне қандай оқиғалар қонақтайды?

– Қаламгердің баласы деп қастерлейтін қарапайым халықтың азаматымын. Өзімнің екі туған күнім бар. Анам Зураш Ерғалиқызының айтуынша, 22 қазан күні дүние есігін ашқанмын. Құжатқа туған күнім 7 қараша деп жазылыпты.

Алғашқы ұстазым – Күлбара Исмағұлова. 5-сыныпқа дейін Ленин орта мектебінде оқыдым. Кейін әкем облыс орталығында жаңадан ашылған №2 мектеп-интернатқа берді. Үздік оқығаным үшін 1962 жылдың тамыз-қыркүйек айларында Қырымдағы дүниежүзілік пионерлер лагері – “АРТЕК”-те демалдым. Білім ордасының қабырғасында құрылған үрмелі аспаптар оркестрінің жетекшісі болғанымды да мақтаныш етемін. Мектепті жақсы бағамен тамамдағаннан кейін 1966 жылы Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түстім. Еңбек жолымды 1971 жылы сүйікті басылымым – “Ленин туы” (қазіргі “Soltüstık Qazaqstan”) газетінде әдеби қызметкер болып бастадым.

Жас кезімізде уақыт өтпейтіндей, адамдар қартаймайтындай көрінетін. Олай емес екен. Бәріміз уақыттың уысындамыз. Өткен өміріме бұрылып қарағанда, көп жайттар еске түседі. Бірде төбең көкке бір елі жетпей қалғандай қуанасың, бірде шалқисың, ренжитін де кездер болады. Мені қуантатыны – әке аманатына адал болғандығым. Ол кісінің көзі тірісінде оқырман назарына ұсынылмаған туындыларының 90 пайызын жарыққа шығарыппын. Осы жасқа келгенде әке-шешенің алғысын алған жанның бағдары айқын, болашағы жарқын болатынын түсіндім. Адам қай биіктен көрінсе де, қарапайымдылығын жоғалтып, адамгершілікті өлтіріп алмауы қажет. Қазақта “Батаменен ел көгерер” деген сөз бар. Адамның жолын ашатын да, бағын тұмшалайтын да сөз. Сондықтан болар жас кезімнен үлкендердің, туыстарымның батасын алуға тырыстым.

– Қазақ атамыз армансыз адамды қанатсыз құсқа теңеп жатады. Бала арманыңызға қол жеткіздіңіз бе?

– Менің бала күнгі арманым композитор болу еді. Мектеп қабырғасында жүргенімде-ақ ән шығара бастадым. Алғашқы әнім 9-сыныпта шықты. Оны өзім орындап жүрдім. Сазгерлік қабілетімді жоғары оқу орнында дамытқым келді. Алайда өнер саласына емес филология факультетіне оқуға түстім. Оған еш өкінбеймін. Зейнолла Қабдолов, Рымғали Нұрғалиев, Сұлтанғали Садырбаев, Бейсембай Кенжебаев, Мәулен Балақаев, Мырзатай Жолдасбеков сынды мүйізі қарағайдай тұлғалардың дәрістерін тыңдап, тәрбиесін көрдім.

Қанға біткен қасиет бәрібір кетпейді екен. 1996 жылы Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығына орай өткен республикалық ән конкурсында “Жырау Жамбыл” деп аталатын әнім ынталандыру сыйлығына ие болды. “Қарындастарым – қарлығаштарым”, “Келші, жаным”, “Немере – әнім”, “Қызғанамын”, “Қызылжар – қалам”, “Алтын бесік ауылым”, “Жүрек үні”, “Жаз гүлім”, “Сезім сыры”, “Ауданым – Жамбылым” сынды әндерім ел ішінде кеңінен танылып, орындаушылары қошеметке бөленіп жүр. Қарасам, қырыққа жуық әнім жарық көріпті. Бала арманымның орындалғаны осы болар.

– Сіздің өлең жазатыныңызды жақсы білеміз? Ақындық қырыңыз жайлы айтып бересіз бе?

– Маған жыр жазғаннан ән шығару, әннің ырғағын табу тиімдірек. Миымда қырық әннің әуені жүреді. Теледидар көріп отырғанда да, жай жүргенде де ән шығарамын.

Өзімді ақын емес, әуесқой сазгер деп есептеймін. Ақындық – қанымызда бар қасиет. Ақынның баласы болған соң жыр да жазамын. Өлең техникасын жақсы меңгергенмін. Ақындық пен сазгерлік – екі әлем. Ақындық – сөз құдіреті, сазгерлік – әуен құдіреті. Екеуі қосылса ғана өнер құдіретін танытады.

– Сіз Қызылжарда біраз қызметтер атқардыңыз. Тындыра алмаған істеріңіз бар ма?

– Редакцияда жұмыс істеп жүргенде түрлі тақырыпқа қалам тербедім. Ойлағанымның бәрін қағаз бетіне түсірдім десем артық айтқандығым болмас. Газеттің сол кездегі басшысы марқұм Уәп Рақымжанов ағамызға ерекше ризамын. Ол кісі қарамағындағы әріптестерін ерекше құрметтеді. Өлеңге, әнге жақын жандарды шығармашылық тұрғыдан көп қолдады. Менің де таңғы тоғыздан газет оқырманға жол тартқанға дейін бір орында отыруыма қарсы болды. Емін-еркін жүруіме, өнерімді дамытуға мүмкіндік берді. Соның арқасында облыста тұңғыш “Тамаша” ойын-сауық отауының шымылдығын ашып, режиссерлік, жүргізушілік, ұйымдастырушылық қабілеттеріммен көзге түстім.

Негізі журналистикадағы қызметіме қарағанда қоғамдық жұмыстардағы белсенділігім басым болды. Басшылықта қызмет еткенде де М.Жұмабаев, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Малдыбаев, С.Шаймерденов, Г.Бельгер, К.Салықов, Қ.Кеншінбаев, М.Қанғожин, Е.Асқаров сынды танымал тұлғалардың мерейтойлық шараларын ұйымдастырдым. “Жігіт сұлтаны”, “Қыз сыны”, “Келіндер сыны”, “Сұлулық сыны”, “Аталар байқауы” сынды мәдени шаралардың сценарийлерін жазып, республикалық айтыстар мен мүшайралардың өтуіне мұрындық болдым. “Жігіт сұлтаны” байқауының облыстық кезеңінде жүлдегер атанған Балғат Жантеміровті Алматыға алып барып, республикалық доданың үшінші орынын жеңіп алдық. Атақты Мағжан ақынның 100 жылдығына орай 1993 жылы айтыс өтті. Жыр сайысын ұйымдастыру маған жүктелді. С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының ашылуына себепкер болған азаматтардың бірі болғанымды мақтанышпен еске аламын. Ақ қайыңдар өлкесінің руханиятына шама-шарқым жеткенше қызмет еттім. Адам болған соң ойлаған дүниеңнің барлығы орындала бермейді. Тындыра алмаған істер аз емес. Сол үшін салымды суға кетіріп көрмеппін.

– Газеттің сарғайған парақтарын ақтарып отырып, сіздің “Сыр сандық” айдарына қатысты көптеген мақала жазғаныңызды аңғардым. Оның сыры неде?

– Журналистиканың басқа салаларға қарағанда ерекшелелігі – тілшілердің ел-елді аралап, сапарларға жиі шығатындығында. Сондай іссапарларды тиімді пайдаланып, ауыл тұрғындарымен жүздесіп, әңгімелесетінмін. Ел шежіресін саралап, тарихын талқылайтын кеудесі алтын сандық қариялармен жолығуды әдетке айналдырдым.

Кездесулердің бірінде екінші дүниежүзілік соғыстан жақыны оралмаған ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз “ойпырмайлап” сандық түбінде майдан даласында жазылған хаттардың сарғайып жатқанын айтты. Ауылда жүргенімде анам да “Малғаждардың елге жазған хаты” деген әнді айтып жүруші еді. Содан ұжым болып ақылдасып қарасөзбен, өлеңмен жазылған хаттардың басын бір арнаға тоғыстырып, оқырманға ұсындық. “Сыр сандықтың” оқырманы көп болды. Шалғайда жатқан елді мекендерден хаттар легі тоқтамады. Жүздеген үйдің кебежесінде тозығы жетіп, жыртылып, өңі кетіп, жойылып бара жатқан хаттар қайтадан жаңарып, оқырмандарға жол тартып отырды. “Сыр сандыққа” түскен бес жүзге жуық материалдың денін кәдеге жараттық.

Бұған дейін газетте “Қалжыңхана” деген айдар ашылған. Оны жүргізу міндеті маған жүктелгенімен, мақалалардың барлығы бірдей сәтті шыққан жоқ. Кейін бұл айдарды сатира жанрына икемі бар марқұм Жоламан Шаханов жүргізді.

Алматыда жүрсем де, елдегі жаңалықтардан мақұрым қалған емеспін. Алтын ұямыз “Soltüstık Qazaqstan” газетінің әрбір нөмірін оқып отырамын. “Сыр сандықтың” орнын “Könenıñ közı” деген айдардың басқанына қуанамын.

– Қазіргі журналистерге қандай қасиеттер керек деп ойлайсыз?

– Журналист болғысы келген адам жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбектене беруі керек. Ерінбей, жалықпай, шаршамай, ізденіс үстінде жүрген адам ғана журналистика саласының майталманына айналады.

Әсіресе журналистің жолда көп жүргені дұрыс. Естіген дүниені қағаз бетіне түсіргеннен гөрі жол машақатын тартып, ел-елді аралап, көзіңмен көріп жазған мақалаң әлдеқайда әсерлі шығады. Сұхбаттасатын кейіпкеріңнің не істегенін, өткен өмірін, бағындырған асуларын зерттеп, анализ жасай білуің қажет. Қойған сұрағың кейіпкеріңді ойландыра алса, журналист ретінде жақсы танылып, құрметке бөленесің.

Журналист бола жүріп көп достар таптым. Темірғали Қасенов, Игібай Әлібаев, Молдахмет Тырбиев, Кеңес Тынымбаевтармен, есімі көп атала бермейтін журналист, ақындығы бір төбе Тұрсынбай Кәкімовпен етене жақын араластым.

– Қызылжардан шалғайда жүрсіз. Туған жерді сағынғанда қандай күйде боласыз?

– Қызылжар – қазақ әдебиетінің тұлғалары мен халық қаһармандарын тудырған киелі өңір. Туған қаламның заманға сай дамып келе жатқанына қуанамын. Туған жерін сағынышпен еске алу кез келген азаматқа ауыр тиетінін сыртта жүргендер ғана түсінеді. Елге деген сағынышымды бір-ақ нәрсе арқылы басамын. Ол – ән. Туған жерге деген махаббатымды ән арқылы жеткізуге тырысып жүрмін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp