Футболдан ел біріншілігінің кезекті турында жергілікті “Қызылжар” клубы өз алаңында “Атырау” командасын қабылдады. Тартысты кездесуде жеңіс солтүстікқазақстандық аяқдопшыларға бұйырды.
Ойынның бірінші минуттарынан бастап жерлестеріміз шабуылдауға кірісті. Көп ұзамай матчта алғашқы гол да соғылды. Жерлестеріміз сапынан Рафаэл Сабино көзге түсті. Қонақтар да қарап қалмады. Кездесудің 30-шы минутында Александр Нойок нәтижелі соққы жасап, таразы басын теңестірді.
Екінші таймда “Қызылжар” клубының ойыншылары есепте алға шықты. Алдымен Рубен Брижиду көзге түссе, кейін Евгений Березкин матчтағы басымдықты ұлғайтты. Десе де қонақтар сапынан да гол соғатын аяқдопшы табылды. Атыраулықтар қатарынан Александр Нойок есеп айырмасын қысқартты. Осылайша кездесу 3:2 есебімен аяқталып, жеңіс жергілікті команда еншісіне жазылды.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstik Qazaqstan”.