Облыстық қуыршақ театрының 35-ші жаңа маусымы ресейлік режиссер Борис Ходыревтің “Благодарный журавль” спектаклінің тұсаукесерімен басталды. Жаңа маусым актриса, Мәдениет саласының үздігі Айгүл Кенжеғозина-Хасенованың шығармашылық мерейтойымен тұспа-тұс келді.
Тоғыз жастан асқан балаларға арналған спектакль жапон драматургі Дзюндзи Киноситаның пьесасы негізінде қойылды. Басты рөлді – Айгүл Науқанқызының өзі сомдады. Қойылымда қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелер мен махаббат, сатқындық, жомарттық пен сараңдық көрініс тауып, адами құндылықтар негізге алынды.
Жаңа маусымды осындай тың туындымен бастаған облыстық қуыршақ театрының алда атқарар жұмысы ауқымды. Шығармашылық ұжымның алдағы жоспарларымен бөліскен театрдың бөлім меңгерушісі Наталья Жанибекова қазір жұмыс қауырт екенін жеткізді. Биыл кішкентай көрермендерге 4-5 жаңа қойылым ұсынылмақ. Алда жаңажылдық ертеңгіліктер мен түрлі мерекелік шаралар бар.
Спектакль қызылжарлық балалардың көңілінен шықты. Қойылымда Мәдениет саласының үздіктері Сапар Мәпенов пен Ольга Васильева және әртістер Нұрсұлтан Қалқабек, Артур Вайковский, Алексей Васильев, Виктория Лысенко кішкентай көрермендерге ерекше әсер cыйлады. Спектакльден соң театр ұжымы Айгүл Науқанқызын мерейтойымен құттықтап, ыстық ықыластарын жеткізді.
Ермек ЖҰМА,
“Soltüstik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.