«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗГІ ӨЛШЕМІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент ұсынған “Әділетті мемлекет құру” тұжырымда­ма­сының алғышарты – қара қылды қақ жарар шешім қабылдай­тын толыққанды сот жүйесін қа­лыптастыру десек, бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан кешен­ді шаралар тың серпін алды. Са­ланы реформалау бағытында ен­гізілген жаңа тәсілдер заң үс­тем­дігін нығайтып, адам құқықтары­ның мүлтіксіз сақталуы басты на­зарға алынды. Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық­тық мемлекеттің маңызды ұста­нымы – туралықтан таймайтын әділ сот төрелігі екенін, қоғам­ның сотқа деген сенімін нығайту басымдығы бар мақсатқа айналу қажеттігін, сот жүйесі ешкімге есік ашпайтын меңіреу мекемеге айналмауға тиістілігін бірнеше рет еске салды. Осыған орай сот қызметінің заманауи үлгілері қол­данылып, артық сот үдерістері қысқартылды. Үш буынды мо­дель енгізілгеннен кейін істі қа­рау, үкім, шешім шығару жедел­дігі, сот ашықтығы мен қолжетім­ділігі артты. Кадрлық іріктеу жаң­ғыртылып, судьялар әдебінің жаңа кодексі қабылданды. За­манауи электрондық сервистер мен жобалар іске қосылып, фронт-кеңселер ашылды. Әкім­шілік құқық бұзушылықтардың ауқымды бөлігінің және мем­ле­кеттік органдармен арадағы аза­маттық-құқықтық даулардың Әкім­шілік рәсімдік-процестік ко­декспен реттелуі сот төрелігін ба­рынша ізгілендірді. Сот процес­те­рін оңтайландыру және дау-дамайларды шешу барысында бітімгершілік тетіктері жандан­ды­рылды. Судьялардың кәсіби­лі­гі­не, сот шешімдерінің сапасы­на қатысты талаптар күшейтілді.

“Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қо­ғамдық оптимизм” Жолдауында қоғамда заң мен тәртіп идео­ло­гиясын терең орнықтыруға ерек­ше басымдық берілді. Елімізде ке­зең-кезеңмен жүргізіліп жатқан ауқымды саяси жаңғыртулардың нәтижесінде жұртшылық өз ой­лары мен пікірлерін ашық, бүкпе­сіз айтып, мемлекеттік шешім­дер қабылдау үдерісіне араласа бастауы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қалыпты жағдайға айналды. Бұдан былай әділдік және қауіпсіздік сұраныс­та­ры­ның толығымен өтелуі мемле­кеттің тиімді жұмыс істейтінінің бас­ты өлшемі саналады. Прези­дент атап өткендей, Қазақстан­ды қауіпсіз әрі жайлы елге ай­нал­дыру – басты талап. Осыған орай құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты меке­мелерге азаматтардың қауіпсіз­дігін барынша қамтамасыз ету, кәсібилік, батылдық және табан­дылық таныту міндеттері жүк­телді. Мемлекет басшысы өз сө­зінде Қазақстан қоғамында да, би­лігінде де ешқандай “фобия” болмайтынын, ақша үшін ел ішіне іріткі салуды көздейтін мұн­дай жымысқы әрекеттерден түк шықпайтынын, үйлесімді, әді­лет­ті әрі тұрақты қоғам құру ісі жал­ғаса беретінін кесіп айтты. Кез келген озық ойлы ұлт алысты көздеп, түрлі арандатушылық­тардан биік тұратыны, парасат­тылық танытып, тек заңға ғана сүйенетіні әмбеге аян.

Заң мен сот алдында жұрт­тың бәрі тең. Сот билігі Қазақ­стан Республикасының атынан жү­зеге асырылады және өзіне аза­маттар мен ұйымдардың құ­қықтарын, бостандықтары мен заң­ды мүдделерін қорғауды, Конс­титуцияның, заңдардың, өзге де нормативтік-құқықтық ак­тілердің, халықаралық шартта­рдың орындалуын қамтама­сыз етуді мақ­сат етіп қояды. Сот би­лігі бар­лық істер мен дауларға қолданы­лады. Соттар шешімде­рінің үкім­дері мен өзге де қау­лы­ларының республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады. Судья сот тө­релігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады. Бұл жағдайда соттың қызметіне қан­дай да болсын араласуға жол бе­рілмейді және ол заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады. Заң қолданған кезде судья мына принциптерді басшылыққа алуы шарт: адамның кінәлі екендігі заң күшіне енген сот үкімімен та­нылғанша ол жасалған қылмыс­қа кінәлі емес деп есептеледі, бір құқық бұзушылық үшін ешкімді де қайтадан қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартуға бол­майды, заңмен көзделген сот­ты­лығын оның келісімінсіз еш­кімнің өзгертуіне қақысы жоқ, сот­та әркім өз сөзін тыңдатуға құ­қылы, жауапкершілікті белгі­лей­тін не­месе күшейтетін, азамат­тарға жаңа міндеттемелер жүк­тейтін немесе олардың жағ­дайын нашарлататын заңдар­дың кері күші болмайды. Егер құ­қық бұзушылық жасалғаннан кейін ол үшін жауапкершілік алы­нып тасталса немесе жеңілде­тілсе, жаңа заң қолданылады, айыпталушы өзінің кінәсіздігін дә­лелдеуге міндетті емес, адам­ның кінәлі екендігі жөніндегі кез келген күдік айыпталушының пайдасына қарастырылады, заң­сыз алынған айғақтардың заңды күші болмайды. Ешкім өзінің жеке мойындауы негізінде ғана сот­талуы тиіс емес.

Конституциямен белгіленген сот төрелігінің принциптері аудандық соттар мен судьяларына ортақ және бірыңғай болып табылады. Өрелі өзгерістер күнд­е­лікті қызметімізге оң ықпал етіп, жергілікті сотқа деген сенімділіктің арта түскенін аңғару қиын емес. Сот беделі сот шешімдері­нің әділдігіне, судьялардың кә­сіби біліктілігіне, жеке басының адамгершілік қасиеттеріне көп байланысты екенін әркез ескеріп отырамыз. Өкінішке қарай, құ­қықтық сауаттылықтың төменді­гінен соттар мен судьяларды еш негізсіз жазғырып жататын жағ­дайлар күнделікті жұмыс бары­сында кезігіп жатады. Кей БАҚ өкілдері мен блогерлер әділдік сот залында және сот процесінің қорытындысы негізінде ғана ор­найтынына қарамастан сотқа қы­сым жасауға бейім. Алдын ала күйе жағуға әуес.

Ерекше ескерте кететін бір жайт, соттардың Конституция­мен баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келті­ретін заңдар мен өзге де нор­мативтік-құқықтық актілерді қол­дануға еш қақысы жоқ. Егер сот қолданылуға тиісті заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт азаматтың құқықтары мен бос­тандықтарына нұқсан келтіреді деп табылса, іс жүргізуді тоқтата тұруға және осы актіні консти­ту­циялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Сот­қа жүгінуге міндетті. Жыл ба­сы­нан бері аудандық сотқа 310 талап-арыз түссе, 58-і кері қай­та­рылды, екеуін қабылдаудан бас тартылды.159 іс бойынша ше­шім шығарылып, 152 талап-арыз қанағаттандырылды. 33 іс ме­диа­ция тәртібімен реттелді. Сот орындаушыларына жолданған 439 іс материалының 435-і қа­ралды. 33 адамға қатысты 28 қылмыстық іс қаралып, 21-і бойынша үкім шығарылды.

4 қазанда Астанада мемле­кеттік органдар, ғылыми және кә­сіби заң қоғамдастығы, халық­аралық ұйымдар өкілдерінің, Пар­ламент депутаттарының, сот судьяларының қатысуымен өт­кен Қазақстан Республикасы су­дьяларының IХ сьезіне қатысу құр­метіне ие болдым. Алқалы басқосуда сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікі­рін­ше, әділ сот – мемлекеттің ті­регі, сондықтан сот билігі қашан­да абыройлы әрі мінсіз болуы тиіс.

“Заң мен тәртіп – әділетті қоғ­ам­ның негізгі өлшемі. Бұл – заң алдында бәрі бірдей, тең құқылы деген сөз. Сол себепті сот ор­гандары азаматтардың басты қор­ғаны болуы керек. Елде заң үстемдігі орнаса, халықтың би­лікке деген сенімі нығаяды”, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сот­тардың қызметін одан әрі жетіл­дірудегі басым міндеттерге де тоқталды. Сот төрелігіне қол жет­кізуде соттардың шешіміне кассациялық тәртіппен шағымдану мүмкіндігіне назар аударды.

“Биыл шілде айында қыл­мыстық, азаматтық және әкімші­лік істер бойынша жеке-жеке кас­сациялық сот құруды қарастыра­тын заңға қол қойдым. Олар өз қызметіне келесі жылдың 1 шіл­десінен бастап кіріседі. Касса­циялық соттардың дербестігі аза­маттарымыздың сот төрелігіне қол жеткізуіне мол мүмкіндік бе­ріп, инвестиция тартуға, бизнес жүргізуге оңтайлы жағдай жа­сайды. Ең бастысы, бұл әділдік қағидаттарын және құқық үстем­дігін толық жүзеге асыруға ықпал етеді”, – деген Президенттің пікі­рінше, келесі басымдық – сала­ны цифрландыруды жалғас­ты­ру. Цифрлық технологиялар ау­дандық соттардың жұмысын, аза­маттардың сот процесіне қаты­суын айтарлықтай жеңілдетті. Сондай-ақ сот қызметінің барынша ашық болуын қамтамасыз етті. Биыл сот отырыстары ал­ғаш рет онлайн көрсетіле бас­тады. Осындай тәсіл арқылы сот істері жұртшылықтың көз алдын­да мейлінше ашық жүргізіледі. Мұндай қадам – бұрын-соңды бол­маған жаңашылдық. Сотқа қа­тысушы тараптар да ашық сот алаңында өз ойларын еркін жет­кізе алады. Біз сот мамандарын іріктеу және құзыретін күшейтуге жете мән беріп отырмыз. Қабыл­данатын жаңа Әдеп кодексі сот­тардың тәртібінде жоғары стан­дарттарды бекітіп, сот жүйе­сіне қоғамның сенімін нығайта тү­сері анық.

Президент жыл сайынғы Жол­дауында берілген басым тап­сырмалар негізінде сот саласын­да жүзеге асырылып жатқан игі істер айтарлықтай. Қазақстан Тәуелсіздікке жеткен жылдары­нан бастап өзінің құқықтық жүйе­сін белсенді түрде қалыптасты­рып келеді. “Ұлтты ұлы мұраттар алға жетелейді”, – демекші, мем­лекетіміз үшін алда алар асулар мен бағындырар белестер әлі де жетерлік.

Мирас НАҒАЙБАЕВ,

Мағжан Жұмабаев аудандық сотының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp