Президент ұсынған “Әділетті мемлекет құру” тұжырымдамасының алғышарты – қара қылды қақ жарар шешім қабылдайтын толыққанды сот жүйесін қалыптастыру десек, бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан кешенді шаралар тың серпін алды. Саланы реформалау бағытында енгізілген жаңа тәсілдер заң үстемдігін нығайтып, адам құқықтарының мүлтіксіз сақталуы басты назарға алынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқықтық мемлекеттің маңызды ұстанымы – туралықтан таймайтын әділ сот төрелігі екенін, қоғамның сотқа деген сенімін нығайту басымдығы бар мақсатқа айналу қажеттігін, сот жүйесі ешкімге есік ашпайтын меңіреу мекемеге айналмауға тиістілігін бірнеше рет еске салды. Осыған орай сот қызметінің заманауи үлгілері қолданылып, артық сот үдерістері қысқартылды. Үш буынды модель енгізілгеннен кейін істі қарау, үкім, шешім шығару жеделдігі, сот ашықтығы мен қолжетімділігі артты. Кадрлық іріктеу жаңғыртылып, судьялар әдебінің жаңа кодексі қабылданды. Заманауи электрондық сервистер мен жобалар іске қосылып, фронт-кеңселер ашылды. Әкімшілік құқық бұзушылықтардың ауқымды бөлігінің және мемлекеттік органдармен арадағы азаматтық-құқықтық даулардың Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекспен реттелуі сот төрелігін барынша ізгілендірді. Сот процестерін оңтайландыру және дау-дамайларды шешу барысында бітімгершілік тетіктері жандандырылды. Судьялардың кәсібилігіне, сот шешімдерінің сапасына қатысты талаптар күшейтілді.
“Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм” Жолдауында қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыруға ерекше басымдық берілді. Елімізде кезең-кезеңмен жүргізіліп жатқан ауқымды саяси жаңғыртулардың нәтижесінде жұртшылық өз ойлары мен пікірлерін ашық, бүкпесіз айтып, мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне араласа бастауы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қалыпты жағдайға айналды. Бұдан былай әділдік және қауіпсіздік сұраныстарының толығымен өтелуі мемлекеттің тиімді жұмыс істейтінінің басты өлшемі саналады. Президент атап өткендей, Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру – басты талап. Осыған орай құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету, кәсібилік, батылдық және табандылық таныту міндеттері жүктелді. Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстан қоғамында да, билігінде де ешқандай “фобия” болмайтынын, ақша үшін ел ішіне іріткі салуды көздейтін мұндай жымысқы әрекеттерден түк шықпайтынын, үйлесімді, әділетті әрі тұрақты қоғам құру ісі жалғаса беретінін кесіп айтты. Кез келген озық ойлы ұлт алысты көздеп, түрлі арандатушылықтардан биік тұратыны, парасаттылық танытып, тек заңға ғана сүйенетіні әмбеге аян.
Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Конституцияның, заңдардың, өзге де нормативтік-құқықтық актілердің, халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды. Сот билігі барлық істер мен дауларға қолданылады. Соттар шешімдерінің үкімдері мен өзге де қаулыларының республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады. Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады. Бұл жағдайда соттың қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді және ол заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады. Заң қолданған кезде судья мына принциптерді басшылыққа алуы шарт: адамның кінәлі екендігі заң күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі, бір құқық бұзушылық үшін ешкімді де қайтадан қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартуға болмайды, заңмен көзделген соттылығын оның келісімінсіз ешкімнің өзгертуіне қақысы жоқ, сотта әркім өз сөзін тыңдатуға құқылы, жауапкершілікті белгілейтін немесе күшейтетін, азаматтарға жаңа міндеттемелер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды. Егер құқық бұзушылық жасалғаннан кейін ол үшін жауапкершілік алынып тасталса немесе жеңілдетілсе, жаңа заң қолданылады, айыпталушы өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес, адамның кінәлі екендігі жөніндегі кез келген күдік айыпталушының пайдасына қарастырылады, заңсыз алынған айғақтардың заңды күші болмайды. Ешкім өзінің жеке мойындауы негізінде ғана сотталуы тиіс емес.
Конституциямен белгіленген сот төрелігінің принциптері аудандық соттар мен судьяларына ортақ және бірыңғай болып табылады. Өрелі өзгерістер күнделікті қызметімізге оң ықпал етіп, жергілікті сотқа деген сенімділіктің арта түскенін аңғару қиын емес. Сот беделі сот шешімдерінің әділдігіне, судьялардың кәсіби біліктілігіне, жеке басының адамгершілік қасиеттеріне көп байланысты екенін әркез ескеріп отырамыз. Өкінішке қарай, құқықтық сауаттылықтың төмендігінен соттар мен судьяларды еш негізсіз жазғырып жататын жағдайлар күнделікті жұмыс барысында кезігіп жатады. Кей БАҚ өкілдері мен блогерлер әділдік сот залында және сот процесінің қорытындысы негізінде ғана орнайтынына қарамастан сотқа қысым жасауға бейім. Алдын ала күйе жағуға әуес.
Ерекше ескерте кететін бір жайт, соттардың Конституциямен баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілерді қолдануға еш қақысы жоқ. Егер сот қолданылуға тиісті заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп табылса, іс жүргізуді тоқтата тұруға және осы актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Сотқа жүгінуге міндетті. Жыл басынан бері аудандық сотқа 310 талап-арыз түссе, 58-і кері қайтарылды, екеуін қабылдаудан бас тартылды.159 іс бойынша шешім шығарылып, 152 талап-арыз қанағаттандырылды. 33 іс медиация тәртібімен реттелді. Сот орындаушыларына жолданған 439 іс материалының 435-і қаралды. 33 адамға қатысты 28 қылмыстық іс қаралып, 21-і бойынша үкім шығарылды.
4 қазанда Астанада мемлекеттік органдар, ғылыми және кәсіби заң қоғамдастығы, халықаралық ұйымдар өкілдерінің, Парламент депутаттарының, сот судьяларының қатысуымен өткен Қазақстан Республикасы судьяларының IХ сьезіне қатысу құрметіне ие болдым. Алқалы басқосуда сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, әділ сот – мемлекеттің тірегі, сондықтан сот билігі қашанда абыройлы әрі мінсіз болуы тиіс.
“Заң мен тәртіп – әділетті қоғамның негізгі өлшемі. Бұл – заң алдында бәрі бірдей, тең құқылы деген сөз. Сол себепті сот органдары азаматтардың басты қорғаны болуы керек. Елде заң үстемдігі орнаса, халықтың билікке деген сенімі нығаяды”, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев соттардың қызметін одан әрі жетілдірудегі басым міндеттерге де тоқталды. Сот төрелігіне қол жеткізуде соттардың шешіміне кассациялық тәртіппен шағымдану мүмкіндігіне назар аударды.
“Биыл шілде айында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша жеке-жеке кассациялық сот құруды қарастыратын заңға қол қойдым. Олар өз қызметіне келесі жылдың 1 шілдесінен бастап кіріседі. Кассациялық соттардың дербестігі азаматтарымыздың сот төрелігіне қол жеткізуіне мол мүмкіндік беріп, инвестиция тартуға, бизнес жүргізуге оңтайлы жағдай жасайды. Ең бастысы, бұл әділдік қағидаттарын және құқық үстемдігін толық жүзеге асыруға ықпал етеді”, – деген Президенттің пікірінше, келесі басымдық – саланы цифрландыруды жалғастыру. Цифрлық технологиялар аудандық соттардың жұмысын, азаматтардың сот процесіне қатысуын айтарлықтай жеңілдетті. Сондай-ақ сот қызметінің барынша ашық болуын қамтамасыз етті. Биыл сот отырыстары алғаш рет онлайн көрсетіле бастады. Осындай тәсіл арқылы сот істері жұртшылықтың көз алдында мейлінше ашық жүргізіледі. Мұндай қадам – бұрын-соңды болмаған жаңашылдық. Сотқа қатысушы тараптар да ашық сот алаңында өз ойларын еркін жеткізе алады. Біз сот мамандарын іріктеу және құзыретін күшейтуге жете мән беріп отырмыз. Қабылданатын жаңа Әдеп кодексі соттардың тәртібінде жоғары стандарттарды бекітіп, сот жүйесіне қоғамның сенімін нығайта түсері анық.
Президент жыл сайынғы Жолдауында берілген басым тапсырмалар негізінде сот саласында жүзеге асырылып жатқан игі істер айтарлықтай. Қазақстан Тәуелсіздікке жеткен жылдарынан бастап өзінің құқықтық жүйесін белсенді түрде қалыптастырып келеді. “Ұлтты ұлы мұраттар алға жетелейді”, – демекші, мемлекетіміз үшін алда алар асулар мен бағындырар белестер әлі де жетерлік.
Мирас НАҒАЙБАЕВ,
Мағжан Жұмабаев аудандық сотының төрағасы.