Облыстық статистика департаментінде өткен брифингте өңірдің жыл басынан бергі экономикалық дамуы сөз болды. Оң нәтиже барлық негізгі салаларда байқалады. Құрылыс жұмыстары – 26,6 пайызға, тұрғын үйді пайдалануға беру – 19 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару – 15,4 пайызға, негізгі капиталға инвестиция тарту – 6,4 пайызға, бөлшек сауда 2,4 пайызға өскен.
– Қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 486,6 млрд, теңгеге өнім өндірілді. Өңдеу өнеркәсібінде 0,6 пайызға өсім байқалды. Оның шамамен 50 пайызы – азық-түлік өнімдері. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдері мен қызметтерінің жалпы шығарылымы 583 млрд. теңгені құрады. Оның 147,5 млрд. теңгесі – мал шаруашылығына тиесілі. Өсімдік шаруашылығының үлесі – 433 млрд. теңге. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарының көлемі 140 млрд. теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 26,6 пайызға көп, – дейді Ұлттық статистика бюросы облыстық департаменті басшысының орынбасары Жұлдыз Нұрғалиева.
Маманның айтуынша, жүргізілген құрылыс жұмыстарының ішінде баспана салудың үлесі басым. Оның жалпы көлемі 301 млрд. теңгені құраған. Сол секілді 24,5 млрд. теңгеге жолдар мен автомагистральдар салынса, 21 млрд. теңгеге тұрғын үй ғимараттары тұрғызылып, 14 млрд. теңгеге су құбырлары тартылған.
Облыстың табысты экономикалық дамуы – белсенді инвестициялық қызметтің нәтижесі. Оның көлемі 6,4 пайызға өсіп, 316 млрд. теңгені құраған. Жоғары көрсеткіш Ақжар ауданында байқалған.
Бөлшек сауда желісі арқылы 296 млрд. теңгенің тауары сатылған. Оның 183,5 млрд. теңгесі – азық-түлік емес тауарлар. Аталған кезеңде сауда кәсіпорындары 140 млрд. теңгенің, жеке кәсіпорындар 156 млрд. теңгенің тауарын саудалаған.
Бүгінгі таңда өңірдің Еуропалық экономикалық одақ елдерімен өзара саудасы 448 млн. долларға дейін жеткен.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.