«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұлттық мүддемен үндес

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлттық мүдде жолында өткенімізді тануға тарихшы ғалымдармен қатар ақын-жазушылар да өз үлесін қосуда. Өкінішке қарай тоталитарлық жүйе кеңестік қаламгерлердің бұл тақырыптарға терең бойлауына мүмкіндік берген жоқ. Соған қарамастан өз шығармаларында өткір тақырыптарды көтерген авторлар табылып жатты. Еліміз Тәуелсіздік алған уақыттан бастап қатал цензура әлсіреп, зиялыларымыз ұлт үшін өзекті тақырыптарды еркін жазуға мүмкіндік алды.

Егемендік жылдары жазылған романдардың ішінде Смағұл Елубайдың “Жалған дүние” романы да бар. Туынды жазушының бұрын жарық көрген “Ақ боз үй”, “Мінәжат” романдарының жалғасы ретінде жазылып, трилогияны түйіндеп тұр. Мұнда да алдындағы екі романдағыдай ұлт тағдыры, қазақ халқының басынан өткен қилы оқиғалар, егемендікке жету жолындағы талпыныстар сөз болады.

Өткен ғасырдың алғашқы жартысында болған қанды, қасіретті оқиғалардың бәрі қазақ халқының болмысында, өмір салтында, санасында өз ізін қалдырды. Нәтижесінде “халықтар түрмесі” атанған КСРО-да ұлтымыз өз тілінен, мәдениетінен, әдебиетінен ажырап қала жаздады. “Жалған дүние” романында осындай рухани тоқырау жылдарындағы ел басынан өткен оқиғалар сипатталады. Роман талай зобалаңды басынан өткізген Хансұлудың қартайған шағын бейнелейді. Бас кейіпкер Едіге өз қатарластарымен тіл табыса алмай, ағысқа қарсы жүзген балық сияқты күн кешіп, қиындық көреді. Ал үлкен қалада басшылық қызметте істейтін Тұлымхан жұмысынан айырылып, ауылда күн кешеді. Мұндағы негізгі оқиға жазушы Едігенің айналасында өрбиді. Өзінің ашаршылық шындығын әшкерелеген романын қағазға бастыра алмай сандалған кейіпкердің алдынан кедергілер шыға береді. Тіпті әйелінің өзі күйеуінің бұл ісінің дұрыс еместігін айтады. Бейбіт заманда бар күш-қуатын әдебиетке арнап, балалық шақтан қиындық көрген жазушы өмірден баз кешеді. Бұл жағынан алғанда Едігені автордың прототипі деп алуға да негіз бар.

Шығармадағы басты қаһарман Едіге санасы азат, ойы еркін, ұлттық рухқа суарылған, кеңестік идеология мен партиялық ұранға уланбаған ұлтының нағыз ұланы еді. Іс-әрекеті мен ұлттық мүдде жолындағы жанкештілігіне қарап оны Алаш арыстарының 70-жылдардағы жалғасы деуге де болады.

Қорыта айтқанда, Смағұл Елубайдың “Жалған дүние” романында ұлттық мүдде тұтас шығармаға ортақ идея болған.

Майра ӘШІМОВА,

С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың қызметкері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp