Есімі елімізге ғана емес, одан тысқары жерлерге де мәлім ақын, жазушы, драматург, айтыскер, манасшы Баянғали Тақанұлы Әлімжанов 70 жасқа толды. 1954 жылдың 16 қазанында Ақмола облысының Біржан сал ауданындағы Степняк қаласында дүниеге келген ол Абай атындағы орта мектепті, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы факультетін бітірген. Қаламгердің шығармалары әлемнің бірнеше тіліне аударылған. 80-нен астам кітабы, 30 томдық шығармалар жинағы жарық көрген. Өн бойына мың сан өнер тоғысқан талант иесін Көкшетау мен Қызылжардың төл перзенті десек, артық айтқандығымыз болмас. Ақын өз жырларына аққайыңдар өлкесінің тұмса табиғатын, ақжайлау адамдарын жиі арқау етеді. Назарларыңызға қаламгердің сиясы кеппеген туындыларын ұсынып отырмыз.
Жетпіске беттеп барамын…
Толғанып оқып толқынды жырын ағаның,
Айнаға қарап, самайдың санап бар ағын ,
Отыздан астық, ордамыз қандай бұзған деп,
Күрсініп қойып , биігін көздеп дананың,
Жер менен көкті сыйғызған түгел жүрекке,
Жастық-ай, шіркін!
Елжіреп еске аламын.
Ойпырмай, сонда, неғылған уайым… ал, енді,
Алпыстан асып, жетпіске кетіп барамын!
Табалап кейде, жараңды тырнап, жағып тұз,
Артыңнан қалмай, абалап жатса парықсыз,
Соларға тіпті селт етіп мойын бұрмастан,
Дүние кезіп, мұхитта жүзіп, жарып мұз,
Құландар жортып, қырандар ұшқан ғаламды,
Өнермен тербеп, өлеңмен өрнек салыппыз.
Алланың нұрын риясыз елден аямай,
Алпыстан асып, жетпіске жетіп қалыппыз.
Кенжесі болдым , еркесі есті ортаның ,
Көп еді ерлер бетіне шыққан сорпаның,
Арулар қандай әдемі еді , әдепті,
Ататын күліп арманға толы әр таңым.
Адамдық пенен адалдық алда тұратын,
Қайтадан сондай болар ма заман…
Қорқамын!
Ата боп енді, арқалап парыз , аманат,
Алпыстан асып, жетпіске қарай жортамын!
Жалындап келіп, жанымнан шықпас қарағым,
Алыстан сыйлап, ақырын күліп қарадың.
Жүрегім әлі бүлк ете қалар еріксіз ,
Елеусіз ғана жалт ете қалса жанарың.
Ұша да жаздап…
Балдардан ұят… тоқтаймын,
Салмағы басып, сабыр мен әдеп, сананың.
Бәрі де заңды, дәмімен мәнді уағында ,
Алпыстан асып, жетпіске беттеп барамын.
Өткеннің үзбей бүгінге жалғап жібін біз,
Өнеге болса ертеңге, шүкір, ізіміз.
Аталық дәуір – бұл да бір дәурен, кім білген,
Жемісі піскен, жып-жылы қоңыр күзіміз.
Кісілік үлгі, келісті сөзді көркемдеп,
Күпілдей берсек, көрсетпей түбін күбіміз,
Алжыған кәрі, айкәпір елге атанбай,
Нұр, шуақ төгіп, жарқын боп жүрсек жүзіміз!
Даңғаза мен дүние
Онсыз дағы таппай жүрсе жан маза,
Даңғырлайды жарнама мен даңғаза.
Құтылмайсың құлағыңды бассаң да,
Қуалайды секілденіп қан жаза.
Жалт қаратып, тандырам деп елді естен,
Жұлынады, жанға тыным берместен.
Тықпалайды ғажаптарды ғасырлық,
Өздері де оншалықты сенбестен.
Шалалық көп жан-жағыңнан қаптаған,
Керемет деп көпірмелер мақтаған.
Жаңалық қып көрсетеді жаһандық,
Ескі жәйтті жылтырақпен қаптаған.
Желпілдетіп, десе: «Міне, даналық!»
Елпең қағып, ақиқатқа санадық.
Қабылдаймыз ойланбастан бәрін де,
Осы күні өтірік те жаңалық!
Бас айналып, көз алданып жалтылға,
Елең етіп, ере жаздап таңқылға,
Есің жиып, жан-жағыңа қарасаң,
Дүние сол бәз-баяғы қалпында.
Қолың жете қалатындай алтынға,
Алданасың амалсыздан жарқылға,
Ал дүние барады өтіп жайымен,
Сол баяғы міз бақпаған қалпында.
Дақпырт қуып, қол созатын қаңқуға,
Ақымақтық бар ма еді ата салтында?!
Қандай жақсы дүниенің тұрғаны,
Баяғыдай сабырлы бір қалпында.
Қарлы дала. Жылқылар
Құрт көжесі мың ауруға болар ем,
Қара қоста күн болар ма алар дем,
Түлкі тымақ, сеңсең тұлып киіп ап,
Құрық ұстап, жылқышы боп қалар ма ем?
Қарлы дала қайталанбас картина,
Қарындашпен, бала болып, салар ма ем!
Бұйра бұлттар кең жайылған көгінде,
Ен далада жылқылар жүр тебінде,
Тегін емес телміруім табынға,
Бір жақындық бар-ау, сірә, тегімде,
Жал-құйрығың сан мың жылдан суылдап,
Жануарым, іздеп мені келдің бе?
Арғы дәуір адырынан шұрқырар,
Арғымақта арлы ғұнның ғұрпы бар,
Зымыранға зеңгірдегі бір қарап,
Аппақ қарда борт, борт желіп бұрқырар,
Ғылым билеп, құбылғанмен бар ғалам,
Өзгермеген жылқышы мен жылқылар !
Құйрық , жалын қырау басқан құнандар,
Құлағыңа келетіндей ұрандар,
Қарды теуіп, теріп жеген қорегін,
Қамбар боздың тұяғынан сыр аңғар.
Бар дүние өзгерсе де, өзгермес,
Жылқы барда жырың да бар, ұлан бар!
Ескерткіш
Ұшып едің аруақ болып,
Аппақ нұрға айналып.
Қарауытып қалай тұрсың,
Қара тасқа байланып?!
Жалғызсырап бір бұрышта,
Тұрғандайсың мұңайып.
Күн қақтаған жансыз тұлға,
Кімге мақтан, кімге айып?!
Ереуілдеп тұрсың ба әлде,
Кім екен деп ең биік?
Қыстыға ма ышқына алмай,
Мыс боп қатқан шер, күйік?!
Ұқтың ба әлде, кісі жоғын,
Бар әлемге ұнайтын?
Күйзелдің бе, кім біледі,
Кезіңді ойлап құлайтын?!
Дүниенің түбі бар ма?
Түсін мейлің, түсінбе!
Тапқан жақсы ат, мақсатыңыз,
Тас боп қатқан мүсін бе?!
Мүсінімен өлшене ме,
Кісілігі адамның?
Түсінігі шегендеулі,
Шарттылығы қоғамның.
Мәнді тірлік таппаған соң,
Мәңгі тас боп қалдың ба?
Әлде бәлкім, алданыш па,
Мәңгіліктің алдында!
Бұлақ пен айдын
Тап-таза мөлдір бұлағым,
Өзенге барып құлай ма?
Алыстан келген ағылып,
Айдынның суы лай ма?
Лайға кеткен жұтылып,
Бұлағым үнсіз жылай ма?
Айдынға неге асықтың,
Тап-таза тұнық бұлағым?
Бастауда қалсаң болмай ма,
Желкілдеп жасыл құрағың?
Алысқа неге құмарсың?…
Менің де келер жылағым!
Күз бен құс
Қалайсың , құрбым,
Бабаның түсіп ізіне,
Жеттік пе біз де,
Өмірдің қоңыр күзіне,
Қарашы көкке,
Құстар да қайтып барады,
Бірінен кейін,
Тәртіппен бірі тізіле!
Ұша жаздаймын,
Қиқуы құстың жеткенде,
Суылдап қанат,
Ауылды басып өткенде.
Қолымды бұлғап,
Қаламын қырда амалсыз…
Қайтады құстар,
Оралу үшін көктемде!
Өмір қызық…
Ойлап көрсең сабырмен,
Өмір қызық бір түрлі,
Бүгін күйіп-піскен нәрсең,
Ертең қандай күлкілі.
Өмір ғажап, қарапайым,
Жаратқанның сыйлығы,
Қолдан бәрін бүлдіретін,
Пенделердің қылығы.
Бұйырғанға шүкірлік қып,
Жақсы дәурен сүріңіз.
Күйкілікке күйінбеңіз,
Көңілденіп күліңіз.
Өмір деген тарау,тарау,
Өзінше әркім түйеді:
Қасиетті қасірет пе?
Күлкі ме әлде киелі?
* * *
Қостаған
Екі жол өлең жазуды бір кез бастағам,
Ат қойдым енді қысқа да нұсқа – қостаған!
* * *
Жанын ұқсаң , адамның бәрі жақсы,
Жынына тисең, айналады жаманға!
* * *
Бой алдырма қисық ойға қаңғыбас,
Жарға жығар, жұмысың да мандымас!
* * *
Көркемдік қашар көңілден,
Керілген кезде көкірек!
Үштаған
Көз майын тауысып үштаған сызған күшті адам,
Жаңалық ашып, жалпыға жолды нұсқаған,
Ойланып көрсең, шынында ғажап үштаған!
* * *
Үштаған жырмен мен де бір қызық бастадым,
Сызды екен алғаш үштаған бейне тасқа кім?
Ұшында жұмбақ түйіскен мәңгі қас- қағым!
* * *
Адамзат кейде секілді үлкен жанды ауыз,
Жан-жағын жайпап, опырып жұтқан жалмауыз,
Жемейтін ауыз болса да, демейтін сірә, бар ма ауыз?!
* * *
Ей, жолаушы, қайда асықтың, нені іздеп ?
Өткендердің айтқаны бар негіздеп,
Сабырмен кеш, өмір түпсіз теңіз деп!
* * *
Тобыр бөлек, шоқ жұлдыз, шоғыр бөлек,
Жолы да ерек, ұғынсаң жөні бөлек,
Қилы-қилы сыр шертер өмір дерек.
* * *
Өтеді-ау деп күн артынан күн жылжып,
Өзіңді-өзің мүжи берме, тым жүнжіп,
Ешкімге өмір берілмеген мың жылдық!
Төрттаған
Адамға ең бастысы, иман, ақыл,
Бойыңа білім, қуат жиған мақұл.
Сақтайды сабыр – соттан, шүкір – оттан,
Әдепсіз мінез, нәпсі тыйған батыр!
* * *
Аталар – аспандағы аруағымыз,
Ағалар – асқар таулар, ардағымыз.
Оттан – ұшқын, асылдан – сынық деген,
Біздің де ізгілік жол арманымыз!
* * *
Адамның ізгілік сезімін ояту –
Мәңгілік парызы ақынның,
Әлемді құтқарса құтқарар тек қана,
Шуағы мейірім, рахымның!
Бестаған
Жармасып жүйрік уақыт жалына біз,
Жалған деп, жанталастан жалығамыз,
Жан қызығар түк жоқ деп жабығамыз ,
Жан алқымға келгенде , неге бірақ,
Жанымды сақтай көр деп жалынамыз?!
***
Қайырлы болу қиын ба, досым, шынында?
Ерінесің бе, жоқтауға жоғын әркімнің?
Жарайды, онда, жасама жанға жамандық,
Жаман сөз айтпа…
Сонда, бәлкім, шуақты болар әр күнің!
Баянғали ӘЛІМЖАНОВ.