«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЯЛЫ АЛАҚАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өмірде сан түрлі тағдыр иесі бар. Өкінішке қарай, бейнетінің зейнетін көріп, немере-шөбере бағып отыратын жаста қарттар үйін паналаған қам-көңіл жандардың тағ­дыры ауыр. Өмірде теперіш көрген жандардың жайын ұғып, жағдайын жасау оңай іс емес.  Түрлі себептерге байланысты қиын жағдайға тап болған жандарды қорғаншылыққа алған Тайынша қаласындағы “Надежда”  әлеуметтік қызмет көрсету орталығының атқарып отырған жұмысы ауқымды.

Тағдыр тауқыметімен қарт­тар үйін паналаған адамдардың жақындарының махаббат пен мейіріміне зәру екенін ескерсек, олардың әрқайсысына назар аударып, көңілін табу үлкен ең­бекті қажет етеді. Аталмыш ор­талықта тұрып жатқан  жандар­дың көңілі көтеріңкі, жүзі жарқын болуына Жанар Алданазарова  бастаған ұжым зор үлес қосуда.

100 орынға арналған “На­дежда” әлеуметтік қыз­мет көрсе­ту орталығында 92 адам бар. Ең үл­кені – 98 жаста. Мұнда көбі­несе егде жастағы зейнеткерлер тұрады. Олардан бөлек, қарттар санатына кірмесе де мүмкіндігі шектеулі 18 адам бар. Денсау­лы­ғы нашарлаған, өзіне күтім жа­сай алмайтын жалғызілікті жан­дар­ды мемлекет өз қамқорлы­ғына алып отыр. Әлеуметтік ор­та­­лыққа жетекшілік ететін Жанар Ермекқызының  басшылығымен қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға мұнда тиісті жағдай жасалған. Сондай-ақ олар сапа­лы медициналық көмекпен қам­тамасыз етілуде. Орталықта қарттарға тұрмыстық, мәдени, психологиялық, экономикалық, құқықтық, педагогикалық көмек көрсетілетінін де айтып өту қа­жет. Ерекше күтімді қажет ете­тін жандардың жайына да баса көңіл бөлінуде.

Жұмыс күнін қарттардың хал-ахуалын сұраудан бастайтын білікті басшы тағдыры қиын жандардың өтінішін ескерусіз қалдырған емес. Әрқайсысымен сөйлесіп, жылы қабақ танытады. Көңілі жүдеу, жүрегі жаралы жандардың алаңсыз өмір сүруі үшін қолдан келгеннің бәрін жасап отырған жетекшінің кіші­пейілділігі мен адамгершілігіне қамкөңіл қариялар дән риза. Директор қызметіне тағайын­дал­ға­нына төрт жыл ғана болса да Жанар Ермекқызының егде жастағы азаматтарға жайлы орта қалыптастыру бағытында атқарып отырған жұмысы  ауыз толтырып айтарлықтай. 

Бұған дейін Тайынша аудан­дық білім бөлімінің басшысы, аудан әкімінің әлеуметтік мәсе­ле­лер жөніндегі орынбасары қыз­метін абыроймен атқарған Жа­нар Алданазарованың кешегі кү­ні елдің еңсесін тіктеп, халық тұ­тастығының сақталуына бір кісі­дей үлес қосқан аға буынға құр­меті ерекше. Ол әңгіме ба­ры­сын­да орталықта тұрып жат­қан әр адам жіті бақылауда еке­нін, әлеу­меттік сала мамандары қарт­­тардың көңіліне кірбің түсір­меуге тырысатынын тілге тиек етті.

– “Адам қартайғанда бір ба­ла” демекші жасы ұлғайған адам­дардың көңілін табу оңай емес. Сондықтан біздің орта­лықта  өз ісіне берілген адамдар ғана жұмыс істейді. Бұл жерге ешкім еріккеннен келмейді.  Оларға жы­лы көзқарас, ілтипат­ты қызмет көр­сету – басты мін­дет. Қазір орталықта 100-ге жуық адам еңбек етуде. Әр қызмет­кердің орны ерекше. Орталық ашылған уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан санитар Қал­жан Қожахметова, медбике Ека­терина Ферко сынды әріптес­терім­нің адал еңбегіне ризамын, –  деді Жанар Ермекқызы. 

Тайынша қаласының  шетке­рі аймағында орналасқан “На­деж­да” әлеуметтік қызмет көр­сету орталығы қашан барсаң да жайнап тұрады. Айналасы мұн­таздай тап-таза, жан-жағына гүл­дер егіліп, абаттандырылған. Жү­ріс-тұрысы ширақ қарттар да бос отырмай еңбекке араласа­ды. Олар жаз айларында есік алдын­дағы шағын бақшаға же­міс-жидек пен гүл егуге асық.

Мекеменің материалдық-тех­никалық базасы да жыл сайын нығаюда. Заман талабына сай жұмсақ жиһаздар сатып алынып, кітапхана қоры толықтырылып отырады. Егде жастағы азамат­тар­ға жайлы орта құру мақса­тында қарттар үйінің қабыр­ғасында түрлі демалыс кештері өткізіліп, туған-туысқандармен қауышу күндері ұйымдастыры­латынын да айтып өткеніміз аб­зал. 

  Гүл НҰРАЛИНА,

журналист.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp