Өмірде сан түрлі тағдыр иесі бар. Өкінішке қарай, бейнетінің зейнетін көріп, немере-шөбере бағып отыратын жаста қарттар үйін паналаған қам-көңіл жандардың тағдыры ауыр. Өмірде теперіш көрген жандардың жайын ұғып, жағдайын жасау оңай іс емес. Түрлі себептерге байланысты қиын жағдайға тап болған жандарды қорғаншылыққа алған Тайынша қаласындағы “Надежда” әлеуметтік қызмет көрсету орталығының атқарып отырған жұмысы ауқымды.
Тағдыр тауқыметімен қарттар үйін паналаған адамдардың жақындарының махаббат пен мейіріміне зәру екенін ескерсек, олардың әрқайсысына назар аударып, көңілін табу үлкен еңбекті қажет етеді. Аталмыш орталықта тұрып жатқан жандардың көңілі көтеріңкі, жүзі жарқын болуына Жанар Алданазарова бастаған ұжым зор үлес қосуда.
100 орынға арналған “Надежда” әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 92 адам бар. Ең үлкені – 98 жаста. Мұнда көбінесе егде жастағы зейнеткерлер тұрады. Олардан бөлек, қарттар санатына кірмесе де мүмкіндігі шектеулі 18 адам бар. Денсаулығы нашарлаған, өзіне күтім жасай алмайтын жалғызілікті жандарды мемлекет өз қамқорлығына алып отыр. Әлеуметтік орталыққа жетекшілік ететін Жанар Ермекқызының басшылығымен қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға мұнда тиісті жағдай жасалған. Сондай-ақ олар сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етілуде. Орталықта қарттарға тұрмыстық, мәдени, психологиялық, экономикалық, құқықтық, педагогикалық көмек көрсетілетінін де айтып өту қажет. Ерекше күтімді қажет ететін жандардың жайына да баса көңіл бөлінуде.
Жұмыс күнін қарттардың хал-ахуалын сұраудан бастайтын білікті басшы тағдыры қиын жандардың өтінішін ескерусіз қалдырған емес. Әрқайсысымен сөйлесіп, жылы қабақ танытады. Көңілі жүдеу, жүрегі жаралы жандардың алаңсыз өмір сүруі үшін қолдан келгеннің бәрін жасап отырған жетекшінің кішіпейілділігі мен адамгершілігіне қамкөңіл қариялар дән риза. Директор қызметіне тағайындалғанына төрт жыл ғана болса да Жанар Ермекқызының егде жастағы азаматтарға жайлы орта қалыптастыру бағытында атқарып отырған жұмысы ауыз толтырып айтарлықтай.
Бұған дейін Тайынша аудандық білім бөлімінің басшысы, аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарған Жанар Алданазарованың кешегі күні елдің еңсесін тіктеп, халық тұтастығының сақталуына бір кісідей үлес қосқан аға буынға құрметі ерекше. Ол әңгіме барысында орталықта тұрып жатқан әр адам жіті бақылауда екенін, әлеуметтік сала мамандары қарттардың көңіліне кірбің түсірмеуге тырысатынын тілге тиек етті.
– “Адам қартайғанда бір бала” демекші жасы ұлғайған адамдардың көңілін табу оңай емес. Сондықтан біздің орталықта өз ісіне берілген адамдар ғана жұмыс істейді. Бұл жерге ешкім еріккеннен келмейді. Оларға жылы көзқарас, ілтипатты қызмет көрсету – басты міндет. Қазір орталықта 100-ге жуық адам еңбек етуде. Әр қызметкердің орны ерекше. Орталық ашылған уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан санитар Қалжан Қожахметова, медбике Екатерина Ферко сынды әріптестерімнің адал еңбегіне ризамын, – деді Жанар Ермекқызы.
Тайынша қаласының шеткері аймағында орналасқан “Надежда” әлеуметтік қызмет көрсету орталығы қашан барсаң да жайнап тұрады. Айналасы мұнтаздай тап-таза, жан-жағына гүлдер егіліп, абаттандырылған. Жүріс-тұрысы ширақ қарттар да бос отырмай еңбекке араласады. Олар жаз айларында есік алдындағы шағын бақшаға жеміс-жидек пен гүл егуге асық.
Мекеменің материалдық-техникалық базасы да жыл сайын нығаюда. Заман талабына сай жұмсақ жиһаздар сатып алынып, кітапхана қоры толықтырылып отырады. Егде жастағы азаматтарға жайлы орта құру мақсатында қарттар үйінің қабырғасында түрлі демалыс кештері өткізіліп, туған-туысқандармен қауышу күндері ұйымдастырылатынын да айтып өткеніміз абзал.
Гүл НҰРАЛИНА,
журналист.
Тайынша ауданы.