«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тұғырлы тұлға

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінде Қазақстанның халық жазушысы, публицист, әдебиет зерттеушісі және қоғам қайраткері Герольд Бельгердің туғанына 90 жыл толуына арналған еске алу кеші өтті. Шараға колледж оқытушылары, студенттер мен өзге де қонақтар қатысты.

Жиынға қатысушылар Ге­рольд Бельгердің 1941 жылы ата-анасымен бірге неміс ұлты­ның өкілі ретінде Қазақстанға жер аударылғаны, балалық, жас­тық шағы Ысқақ Ыбыраев ауы­лында өтіп, қазақ тілін жетік мең­гергені жайлы тың мағлұматтар­мен танысты. Жазушының “мен екінші сыныпта жазушы бола­мын дедім. Бұл баланың аңғал тілегі болуы мүмкін, бірақ мен өз жолымды осылай таңдадым” де­ген естеліктері де айтылып, шы­ғармашылығынан маңызды де­рек­тер келтірілді.

Артына өшпес із, өлмес мұра қалдырған Герольд Бельгердің қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол – үш бірдей мәде­ниетті бір бойына тоғыстырған тұ­ғыр­лы тұлға. Қарымды қаламгер 20-ға жуық кітап және көптеген очерктер мен мақалалар жазды. Өз туындыларында қаламгер қоғамның түйткілді мәселелерін, уақыт шындығын, адамның көңіл күйін, ұлтаралық қатынастарды қарастырды. Жазушының “Ауыл шетіндегі үй”, “Даладағы шаға­ла­лар”, “Алтын асу”, “Тас өткел”, “Бауырластықтың жанды бей­не­сі”, “Үндестік”, “Уақытпен бетпе-бет”, “Үш ішекті мотивтер”, “Гете және Абай”, “Туыстықтың жанды өрнектері” атты көптеген еңбек­те­рі бар.

Еске алу кешінде жиналған­дар назарына қаламгердің көзі ті­рісінде алынған сұхбат үзінділері мен оның өмірі мен шығармашы­лығынан бейне материалдар көр­сетілді. Шарада колледж студенттері оның шығармаларынан үзінділер оқып, қатысушыларды жазушының әдеби әлеміне жақындата түсті.

Кеш барысында қонақтар да өз естеліктерімен бөлісті. Олар Ге­рольд Бельгер жай жазушы емес, халықтар арасындағы на­ғыз мәдени көпір болғанын атап өтті. Жиыннан рухани ләззат ал­ған қауым Г.Бельгер қазақ әде­биетінің шын жанашыры, жан­күйері болғанын, оның қазақ тілі, бірлік пен татулық туралы айтқан ойлары ұлттық рухымызды көте­руге ықпал еткенін мақтанышпен айтты.

Алмат МАКИШЕВ,

Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжі директорының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp