Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінде Қазақстанның халық жазушысы, публицист, әдебиет зерттеушісі және қоғам қайраткері Герольд Бельгердің туғанына 90 жыл толуына арналған еске алу кеші өтті. Шараға колледж оқытушылары, студенттер мен өзге де қонақтар қатысты.
Жиынға қатысушылар Герольд Бельгердің 1941 жылы ата-анасымен бірге неміс ұлтының өкілі ретінде Қазақстанға жер аударылғаны, балалық, жастық шағы Ысқақ Ыбыраев ауылында өтіп, қазақ тілін жетік меңгергені жайлы тың мағлұматтармен танысты. Жазушының “мен екінші сыныпта жазушы боламын дедім. Бұл баланың аңғал тілегі болуы мүмкін, бірақ мен өз жолымды осылай таңдадым” деген естеліктері де айтылып, шығармашылығынан маңызды деректер келтірілді.
Артына өшпес із, өлмес мұра қалдырған Герольд Бельгердің қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол – үш бірдей мәдениетті бір бойына тоғыстырған тұғырлы тұлға. Қарымды қаламгер 20-ға жуық кітап және көптеген очерктер мен мақалалар жазды. Өз туындыларында қаламгер қоғамның түйткілді мәселелерін, уақыт шындығын, адамның көңіл күйін, ұлтаралық қатынастарды қарастырды. Жазушының “Ауыл шетіндегі үй”, “Даладағы шағалалар”, “Алтын асу”, “Тас өткел”, “Бауырластықтың жанды бейнесі”, “Үндестік”, “Уақытпен бетпе-бет”, “Үш ішекті мотивтер”, “Гете және Абай”, “Туыстықтың жанды өрнектері” атты көптеген еңбектері бар.
Еске алу кешінде жиналғандар назарына қаламгердің көзі тірісінде алынған сұхбат үзінділері мен оның өмірі мен шығармашылығынан бейне материалдар көрсетілді. Шарада колледж студенттері оның шығармаларынан үзінділер оқып, қатысушыларды жазушының әдеби әлеміне жақындата түсті.
Кеш барысында қонақтар да өз естеліктерімен бөлісті. Олар Герольд Бельгер жай жазушы емес, халықтар арасындағы нағыз мәдени көпір болғанын атап өтті. Жиыннан рухани ләззат алған қауым Г.Бельгер қазақ әдебиетінің шын жанашыры, жанкүйері болғанын, оның қазақ тілі, бірлік пен татулық туралы айтқан ойлары ұлттық рухымызды көтеруге ықпал еткенін мақтанышпен айтты.
Алмат МАКИШЕВ,
Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжі директорының орынбасары.