Ата Заңымыздың 7-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Бұдан бөлек, басқа да заңнамалық актілер қазақ тілін мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісі және білім беру салаларында негізгі тіл ретінде қолдануды қамтамасыз етеді.
Өкінішке қарай, іс жүзінде заң талаптары толыққанды орындала бермейді. Өйткені заң әуелі орыс тілінде жазылып, сосын қазақ тіліне аударылады. Мемлекеттік тілге онсыз да шорқақ мемлекеттік қызметкерлер түпнұсқаны оқумен ғана шектелетіні жасырын емес. Тәжірибеге жүгінсек, Парламентте екі заң ғана қазақ тілінде жазылған. Олар “Халықтың көші-қоны туралы” және “Бала құқықтары туралы” заңдар. Заң нормаларын сақтамай жүрген – өзіміз. Кімге ренжисің? Ұлт болып қалғымыз келсе, самарқаулықтан арылмай болмайды. Әлде Міржақып Дулаттың әлі күнге дейін маңызын жоймаған “Оян, қазақ!” ұранын маңдайшаларға, көрнекті жерлерге жазып қою керек пе? Қалай болғанда да мемлекеттік тілге қатысты жауапкершіліктің жүгі, шешімін табар түйіні алдымен билік тізгінін ұстап отырған басшыларға келіп тіреледі.
Азаматтық процестік кодекстің 14-бабы бойынша сот ісін жүргізу тілі сотқа жүгінушілердің таңдауына байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Іс жүргізудің бұл қағидасынан сот қызметкерлері аттап кете алмайтындықтан, мемлекеттік тілде іс жүргізуде белгілі қиындықтар туады. Соттарда қазақ тілінде қаралатын істер жоқтың қасы десе де болады. Негізінен талап-арыздар тек орыс тілінде келіп түсетіндіктен, даулар тек осы тілде қаралады.
Дегенмен, қазақ тілінің мемлекеттік мекемелерде қолданылуында жағымды жаңалықтар бар. 2023 жылдың 16 қазанында Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған жеті жылдық тұжырымдамасы қабылданды. Онда тілімізді дамыту жоспары кеңінен қамтылған. Алайда оған қатысты елімізде жүзеге асырылып жатқан шараларды күндіз шырақ алып іздесең таппайсың. Тұжырымдамаға тереңірек тоқталсақ, бірінші нысаналы индикатор бойынша қазақ тілін меңгерген мемлекеттік қызметкерлердің үлесі 2023 жылы – 81 пайыз, 2024 жылы – 81,5 пайыз, 2025 жылы – 82 пайыз, 2026 жылы – 82,5 пайыз, 2027 жылы – 83 пайыз, 2028 жылы – 83,5 пайыз, 2029 жылы – 84 пайыз болуы тиіс. Екінші нысаналы индикатор көрсеткіштері Қазтест жүйесі бойынша мемлекеттік тілді В1 деңгейінде меңгерген мемлекеттік қызметкер ұсынатын ұйым қызметкерлерінің, сондай-ақ ұлттық компания қызметкерлерінің үлесі 2023 жылы – 37 пайыз, 2024 жылы – 38 пайыз, 2025 жылы – 39 пайыз, 2026 жылы – 40 пайыз, 2027 жылы – 41 пайыз, 2028 жылы – 42 пайыз, 2029 жылы – 43 пайыз, В2 деңгейінде меңгерген мемлекеттік қызметкерлердің үлесі: 2023 жылы – 35 пайыз, 2024 жылы – 40 пайыз, 2025 – 45 пайыз, 2026 жылы – 47 пайыз, 2027 жылы – 47 пайыз, 2028 жылы – 49 пайыз, 2029 жылы – 50 пайыз деңгейіне жетеді деп белгіленген. Бүгінгідей сылбыр қимылмен, тасбақа жүріспен қағазда көрсетілген әп-әдемі жоспарлар су түбі құрдымға кетуі ғажап емес.
Ғалима ТҰРЛЫБАЕВА,
Қызылжар аудандық сотының судьясы.