«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨМІРДЕН НЕГЕ ТҮҢІЛДІҢ ЕКЕН, ЖАС ӨРЕН!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кез келген ата-ана сәбиінің дені сау болғанын, қоғамда өз орны бар тұлғаға айналғанын қалайды. Қолындағы барлық мүмкіндіктерін осы жолға сарқа жұмсайтындары да анық. Алайда әке мен шешенің аманатына айналған гүл-тағдырлардың абайсызда үзіліп кетіп жатқаны жанды ауыртады. Елімізде соңғы жылдары балалар арасында суицид жасау жиілеп кетті. Он екіде бір гүлі ашылмаған жеткіншектердің мұндай қадамға баруына не себеп? Бұл мақаламызда осы тақырып төңірегінде толғанатын боламыз.

Үстіміздегі жылдың қыркү­йек айында Алматыда көпқа­бат­ты үйдің төбесінен секір­ген өрімдей қыздардың өлімі жағамызды ұстатты. Араға біршама уақыт салып тағы бір жет­кіншек 13-ші қабаттың балконы­нан құлап кетті. Алғашында мар­құмның балконнан құлап кеткені туралы айтылған еді, кейін құ­зырлы органдар оның жоғары қа­баттан өз еркімен секіргенін дәлелдеді. Шекара академиясы курсантының да жоғары қабаттардың бірінен құлап мерт болуы, зәулім ғимараттан секір­ген тағы бір 18 жастағы жасөс­пірімнің өлімі сынды жайттарды мысал ретінде тізе беруге бо­лады.

Шын мәнінде балалар ара­сындағы суицидтің орын алуы­на не түрткі болуы мүмкін? Рес­ми дереккөздерде балалардың көпқабатты үйлердің төбесінен секіріп кетуіне телефондағы түр­лі қауіпті ойындар негіз болғаны айтылуда. Бұл туралы бас про­куратура да мәлімдеме жасаған болатын. “Прокурорларға әр факт бойынша тергеуді ерекше бақылауды тапсырдым. Әлеу­меттік желілер балалардың суи­цид белсенділігіне әсер ететін­діктен прокурорлар 15 мың күдік­ті сайт пен сілтемені бұғат­тады. Сондай-ақ прокурорлар қиын тұрмыстық жағдайдағы отбасылармен жұмыс істеп жа­тыр. Бас прокуратура мемле­кет­тік органдармен бірлесіп, суицидтің алдын алу бойынша шұ­ғыл шаралар кешенін әзір­лей­ді”, – деді Қазақстан Респуб­ликасының Бас прокуроры Бе­рік Асылов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында.

Осы ретте құзырлы орган­дар дереу іске кірісулері үшін міндетті түрде бала өлімі тірке­луі керек пе деген сауалдың туындауы заңдылық.

ЮНИСЕФ-тің жаһандық есе­бін­де “әлемдегі әрбір үшінші ин­тернет қолданушысы – бала” де­лінген. Бұл – ғаламтордағы ба­ла түгіл өмірдің ақ пен қарасына қаныққан ересектердің өзін тура жолдан тайдыруға әлеуеті жете­тін қажетті-қажетсіз ақпараттар­дың сәби санасына ешқандай кедергісіз енуіне ешкім тосқа­уыл қоя алмайды деген сөз. Елі­мізде балалардың интернет қолдануына ешқандай шектеу жоқ. Кез келген сайт қолжетімді. Сондықтан да жастарды өлімге итермелейтін қауіпті ойындар­дың құрығына түскен жеткін­шек­тер виртуалды әлемнің құр­баны болуда. “Компьютердің, технологияның дамыған зама­нында балаға смартфон ұстауға шектеу қойып отырған ата-ана не бір мекеме жоқтың қасы. Ин­тернет желісін емін-еркін пайда­ланып отырған сәбилеріміз қа­уіп пен қатердің ортасында жүр. Олардың айдың-күннің ама­нында арам ниетті қаскөйлердің ортасында жүріп, адасып кетпе­уіне кім кепілдік бере алады? Сондықтан балаларға интернет желісінде арнайы шектеу ма­ңызды”, – дейді Петропавл қа­ласындағы Ә.Бөкейхан атын­дағы №25 орта мектептің пси­хологы Гүлнұр Бүркітқызы.

Иә, ғаламтордағы ақпарат­тың дұрысы да, бұрысы да бар. Оларды сұрыптаудан өткізіп жатқан ешкім жоқ. Кейбір жұ­мысбасты ата-аналар балала­рының телефонда не қарайты­нына да мүлде бас қатыр­май­ды. Білімдерін толықтыратын алтын уақыттарын виртуалды әлемге жұмсаған жеткіншектер­ден ертең қандай ұрпақ өсетінін елестете беріңіз.

Қоғамдағы қатыгездікті, зор­лық-зомбылықты насихаттай­тын қауіпті ойындар балалар­дың санасын улап жатқаны алаң­датады. Ойын демекші, мамандар балалардың ұялы телефондарына жүктелген қо­сымшаларға назар аударуға ке­ңес береді. Мәселен сарап­шы­лар “Тихий дом”, “Разбуди меня в 4:20”, “Море китов”, “Синий кит”, “Красный дельфин”, “Млеч­ный путь”, “U19”, “F57”. “SchoolBoy RunaWay – Stealth” сынды ойындар қауіпті екенін айтады. “Telegram” және “TikTok” әлеуметтік желілері арқылы да қауіпті ойындарға шақыртулар келуі ықтимал.

– Кез келген бала жайдан-жай суицид жасамайды. Үйде немесе баланың жеке басында қан­дай да бір проблемалар болуы мүмкін. Қоғамға, ортаға бейімделмесе, айналасындағы адамдармен тіл табыса ал­маса, бала психологиялық күй­зеліске ұшырайды. Яғни, ты­ғырықтан шығар жол таппай қиналады. “Мен не үшін өмір сүре­мін?” деген оймен өзіне-өзі қол жұмсауы ықтимал. Жалпы суи­цидке барудың себеп-салдары көп. Мысалы, әлеуметтік-мате­риалдық жағдай, достармен, ата-анамен арадағы қарым-қатынас, түрлі кикілжің, денсау­лық жағдайлары әсер етуі мүм­кін. Яғни баланы сондай жағ­дай­ға жеткізудің бір ғана себебі болмайды. Сондықтан жеткін­шектердің жай-күйін үйде ата-анасы, мектепте мұғалімдері на­зарда ұстауға тиіс, – дейді психолог.

Облыстық полиция департа­ментіне сұрау салғанымызда ондағы мамандар бізге биыл өңірде жеткіншектер арасында бірде-бір суицид деректері тір­келмегенін айтты. Бірақ бұл алаң­дауға негіз жоқ деген сөз емес. Сондықтан қай істе бол­сын алдын алу артық етпейді.

– Бала тағдыры – ұлттың бо­лашағы. Баланың жақсы тәрбие алуы мұғалімге, ата-ана мен ара­ласатын ортасына тікелей байланысты. Жыл бойы білім беру ұйымында аутодеструк­тив­ті мінез-құлық бойынша мек­теп оқушыларымен шаралар жүйелі түрде жүргізіледі. Бұл бір күндік жұмыс емес. Психолог, сынып жетекшілері, мұғалімдер тарапынан балалар үнемі бақы­лауда. Олардың көңіл күйле­ріне де ерекше назар аударамыз. Жылдың басында мектепке жа­ңадан қабылданған оқушылар­дан сауалнама алынады. Жал­пы жылына екі мәрте оқушы­лармен психологиялық-диаг­ностикалық тестілеу жүргі­зіледі. Сол арқылы балалардың бо­йындағы үрей, қорқыныш сезім­дерін, агрессиялық қасиет­терін білуге болады. Осы тесті­леудің нәтижесінде оқушылар­мен тү­зету-дамыту жұмыстары жүргі­зі­леді, – дейді Қожаберген жырау атындағы №6 орта мек­теп­тің психологы Маржан Исе­кова. Ол аталмыш білім беру ұйымында балалардың жас ерекшелік­теріне сай психо­ло­гия­лық ба­ғыт­тағы түрлі тренинг­тер өткі­зілетінін, буллинг пен кибербул­линг мәселесі бойын­ша жеке және топтық сабақтар, сынып­тар­мен, ата-аналармен психо­логиялық-ағартушылық, кеңес беру жұмыстары жүргізі­летінін атап өтті. Құқық қорғау органда­ры қызметкерлерімен түрлі кез­десулер ұйымдасты­ры­лып, пси­хологтар тарапынан балалар­мен жұмыс істеуде сынып же­тек­шілерімен тығыз қарым-қаты­нас орнағанын тілге тиек етті. Мұндай жұмыстар ел­дегі бар­лық мектепте жүргізі­летіні анық.

Мақаланы жазу барысында бірқатар аға буынмен әңгіме­лес­тік. Олардың дені бұл мәсе­ленің бір ұшын отбасындағы тәрбиемен ұштастырды. “Қазақ – сөздің қасиетін сезінген халық. Адамды айықтыратын да, өл­тіретін де сөз. Қазіргі қоғамға, со­ның ішінде балаларымызға жы­лы сөз жетпейді. Әке мен ше­шенің, ұстаздың, құрбы-құрдас­тың жылы сөзін естімеген бала қатігез болып өседі. Қатігездіктің шырқау шыңы адамды өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізуі мүмкін. Әр адам дә­рігер секілді ауруды емдей алмаса да, жақсы сөзімен, ақыл-кеңесімен адам жанын емдей алады. Біз осыған терең мән бермей жүрміз. Ата-бабамыздан келе жат­қан салт-дәстүріміз, діни ұстанымдары­мыз арқылы балалардың сана­сына кішкентай кезінен бастап өз-өзіне қол жұмсаудың қылмыс екенін, өз ғұмырын ғана қиып қой­май, ата-анасын орны тол­мас өкінішке қалдыратынын ай­тып түсіндіруіміз қажет”, – дейді еңбек ардагері Ғалия Әскер­қызы.

Ардагердің айтып отырған сөзінің жаны бар. Жан жады­ра­тар жылы сөздің азаюуы салда­рынан қоғамда буллинг, кибер­буллинг ұғымдары кеңінен етек алып барады. Кибербуллинг дегеніміз – адамды интернетте, әлеуметтік желі мен түрлі мес­сенджерлерде қорқытып, зор­лық көрсету. Бұған кез келген адам тап болуы мүмкін. Әсіре­се, шабуыл жасайтындар негізі­нен кәмелет жасына толмаған мектеп оқушыларын нысанаға алатын көрінеді. Сондықтан қазір көптеген елде балаларды ғаламтордағы қысымнан қор­ғайтын заң бар. Бала тағ­дыры – ойыншық емес. Сондық­тан біз­дің елімізде де жасөспі­рімдердің интернетте қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезек күттірмей­тін мәселе.

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Коллажды жасаған

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp