Өңірге транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың мамандары келді. Екі күн бойы орталық қызметкерлері дәрігерлермен, тұрғындармен кездесіп, мәйіттік донорлықтың жай-жапсарын түсіндірді.
Транспланттау және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру орталығының бөлім басшысы Қайрат Иманбаевтың айтуынша, елімізде 4080 науқас кезекте тұр. Оның 102-сі – 18 жасқа дейінгі бала. Науқастардың басым бөлігі бүйрегін ауыстыруға мұқтаж.
“Қазіргі уақытта туыстық донорлық бар, бірақ ол көп уақыт алады. Мәйіттік донорлықтың ешқандай зияны жоқ, ол әлем бойынша дамып келеді. Біз де осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бұл өңірде де трансплантацияға мұқтаж жүзден астам науқас бар. Сырқаттардың жүрек, бауыр, бүйрегін ауыстыру қажет”, – дейді Қайрат Иманбаев.
Қазіргі уақытта Қазақстанда жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек, ұйқы безі трансплантацияланады. 2020 жылдан бері 948 адамның ағзасы ауыстырылған. Биыл елімізде 19 адамға ота жасалып, қайтыс болған адамның ағзалары қолданылды. Десек те, әлі де мәйіттік донорлық жайында жұрттың білетіні шамалы. Мәселен жүрек пен өкпені қайтыс болған адамнан ғана алуға болады. Білікті мамандар мәйіттік донорлықтың артықшылығын айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
“Облыста 2012 жылдан бастап 18 мультиоргандық донорлық жасалды. Қазіргі уақытта өңірімізде 104 адам трансплантацияға мұқтаж. Сырқаттардың төртеуі – бала. Өкінішке қарай, күту тізімінде тұрған науқастардың саны жылдан-жылға өсіп келеді. Ағзаны ауыстырумен трансплантологиялық орталық айналысады”, – дейді аймақтық трансплантация үйлестірушісі Әлихан Қабдулов.
Заң бойынша әр адам көзі тірісінде донор болуға рұқсатын бере алады. Маманның айтуынша, келісім болғанның өзінде де туыстарының рұқсаты керек. Ал қайтыс болған адам кем дегенде бес науқасқа өмір сыйлай алады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.