Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатында тұрғындарды құқықтық ағарту және олардың құқықтарын қорғауға қатысты атқарылған жұмыстар баяндалды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі Жанат Жұмабаевтың айтуынша, сотталғандардан құқықтарын қорғауға қатысты шағымдар жиі түсетін көрінеді.
Биыл ол қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне барып, 103 жазасын өтеушіні қабылдаған. Жеке кездесуде сотталғандар мәселелерін ашық баяндап, шағымдарын айтқан.
– Мен сотталғандардың құқықтары мен оларды ұстау шарттарының сақталуын мониторингілеу мақсатында қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне үнемі барамын. Назар аударатын негізгі мәселелердің бірі – бейнебақылауды қолданудың тиімділігі. Мониторниг кезінде бейнекамералармен 100 пайыз жарақтандырылған ба, бұл жүйе қалай жұмыс істейді, жазбалар прокуратураға және қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне тікелей түсе ме, қылмыс (азаптау) жасаған адамдардың қылмыстық жауаптылықтан құтыла алмауы үшін тиісті шаралар қамтамасыз етіле ме деген мәселеге назар аударамын, – дейді Жанат Жұмабаев.
Азаптаудың және ар-намысты қорлайтын басқа да өтініштер мен жазалардың алдын алу бойынша жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілуде. Түскен шағымдарды қарау қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға, лауазымды адамдарға заң бұзушылықтардың алдын алу және адам құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру бойынша ұсынымдар беріледі. Бұл ретте барлық түзеу мекемелерінде шағым беруге арналған электронды терминалдар орнатылған. Жазасын өтеушілер соттар мен қадағалау органдарына тікелей жүгіне алады.
Сонымен қатар, сотталғандардың өтініштері негізінен сапасыз медициналық көмекке, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты. Бұдан басқа, әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау және еңбек құқықтарын, мүгедек адамдардың құқықтарын бұзу және басқа да мәселелерге қатысты өтініштер жиі түседі.
Баспасөз мәслихаты барысында тағы бір мәселенің беті ашылды. Қазақстанда кәмелетке толмағандарды қорғау жөніндегі арнайы орган – Бала құқықтары жөніндегі уәкіл және оның әр саладағы өкілдері жұмыс істейді. Әйтсе де Петропавл қаласында кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы жоқ екен.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.