«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНҒАН ЕКІНШІ ҚАЗАҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еуропаның төрінде орналасқан Албания елінен құстай ұшып келген ақжолтай хабар барша солтүстікқазақстандықтардың төбесін көкке жеткізгендей болды.  Қазақстан құрамасының мүшесі Нұрқожа Қайпанов  әлем чемпионатында 70 келіде топ жарып, алтын медальді еншіледі.

Жерлесімізді әлем біріншілігіндегі жеңісімен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.

“Нұрқожа– қазақ еркін күресінің тарихында Ризабек Айтмұқаннан кейін әлем чемпионы атанған екінші спортшы. Қайпановтың қайсарлығы, қажырлы еңбегі және асқан шеберлігі спорт сүйер қауымды ерекше қуантты. Солтүстік Қазақстанның мақтанышы барша қазақстандықтарға үлгі көрсетті. Бұл жеңіс жас спортшыларға шабыт беріп, ел абыройын әлемдік деңгейде асқақтатты. Алдағы уақытта да жаңа жетістіктерге жетіп, жеңіс тұғырынан көріне беруіне тілектеспіз”, – деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.

Айта кетейік, Нұрқожа іріктеуде Митчелл Финесилверді (Израиль), Николай Грахмезді (Молдова), Акаки Кемертелидзені (Грузия) айқын басымдықпен жеңіп, жартылай финалда тәжікстандық Абдулмажид Кудиевті таза жықты.  Ақтық белдесуде жапон балуаны Ешиносуке Аоягиден 5:3 есебімен айласын асырды. 

 Былтыр Сербия астанасы Белградта Ризабек Айтмұхан 92 келіге дейінгі салмақта топ жарған еді. 2019 жылы Нұрқожа Астанадағы әлем чемпионатында күміс медаль еншілеген болатын. Сондай-ақ ол – екі дүркін Азия чемпионы.

Қазақстан құрамасы Тиранадағы әлем біріншілігін 1 алтын, 2 күміс медальмен қорытындылады. Әйелдер күресінен сынға түскен Жәмилә Бақбергенова (72 кг) мен грек-рим күресінің шебері Ержет Жарлықасын (63 кг) күміс жүлде иеленді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.       

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp