Елімізде еңбек адамының мерейі өсіп, мәртебесі артып келеді. Жұмысты ауырсынбай, еңбектің ауыр қамытын арқалап жүрген жандардың әрқайсысы құрметке лайық. Олар өз мамандығына деген адалдығын күн сайынғы төгетін маңдай терімен дәлелдеп келеді. Қанша жерден технологияның биігіне шықтық десек те, өндірісте кәсіби жұмыс күші жоғары бағаланып, сұранысқа ие бола бермек.
Киров атындағы зауыт – жүздеген адамды жұмыспен қамтып отырған ең ірі өндіріс орындарының бірі. Мұндағы жұмыс барысы асқан жауапкершілік пен мұқияттылықты қажет етеді. Әр салаға қажетті өнімдер уақтылы шығып тұруы үшін қондырғылар кедергісіз жұмыс істеуі керек. Зауытта бұған электр жөндеуші Есенғали Растенов жауапты. Тәжірибелі маман зейнетке шықса да сүйікті жұмысынан шеттеген емес.
Еңбек адамының өз мамандығына деген әуестігі әскерге барған кезінде басталған. Кейіпкеріміз қарулы күштер қатарында радиотелеграфист болып, техниканың қыр-сырын тани түскен. Борышын өтеп келгеннен кейін облыс орталығындағы техникумда білім алып, кәсіби маман атанған. Ұзақ жылдық жұмысында электр жөндеуші “Қазақтелеком”, “ҚазМұнайГаз” сияқты ірі компаниялар мен өндіріс орындарында еңбек еткен. Соңғы 11 жыл ол Киров зауытындағы электр қондырғылары мен электр желілерінің қалтқысыз жұмысын қадағалаумен келеді. Бұрын бірнеше цехқа қызмет көрсеткен маман бүгінде тұтас өндіріс орнында бір өзі электр жөндеуші болып жүр.
– Жұмысым өзіме ұнайды. Осы саладағы жалпы тәжірибем 48 жылға жуықтапты. Соның бір бөлігі Киров зауытында өтуде. Күнделікті қуат көзімен жабдықтауда, электр желілерінде, станоктардың жұмысы мен жарықтандыруда ақау болмауын қадағалаймын. Кінәрат табылса, бірден жөндеуге кірісемін. Білгенімді үйретіп жүрген жастар да баршылық. Жылда колледж студенттері келіп, тәжірибеден өтеді. Олардың арасында оқуды аяқтаған соң осында келіп, ізімді жалғағысы келетіндер де бар, – дейді маман.
Есенғали Растеновтің көпжылдық жұмысы зауыт басшылығы тарапынан еленіп келеді. Бұған дейін оған марапаттар мен сыйақылар берілген. Күні кеше Қорғаныс өнеркәсібі күніне орай Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Алғыс хатын иеленген. Өз саласының білгірі күш-қуаты жеткенше жұмыстан қол үзбеуге ниетті.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.