Отбасы құндылығы – ұлттық тәрбие негізі. Осынау құндылық тұтас ұлттың өмір бойы ұстанатын басты қағидасы болуы керек. Отбасында тәртіп, ар-ұят, сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, береке, бірлік болса, қоғамның іргетасы берік деген сөз. Өйткені Отан отбасынан басталады.
Жас ұрпаққа отбасы құндылығына негізделіп берілген тәрбие – өмірлік азық. Ұлт болып сақталу үшін ұлттық болмысымыздан, ұлттық құндылықтарымыздан ажырамауымыз керек. Өкінішке қарай, бүгінде отбасы тәрбиесінде ұлттық құндылықтарымыздан алшақтап барамыз. Көпті көрген қария ретінде мені осы мәселе қатты толғандырады.
Мен тәуелсіз елімнің амандығын тілеумен қатар, жастар білімді, намысшыл, саналы, мейірімді, адал болса деймін. Елдің әрбір азаматы – мемлекетіміздің бір бөлшегі. Еліміздің көркеюі мен нығаюы азаматтарына байланысты. Бұл орайда ұлтты ұйыстыру жолында кәріс халқының ұстанымына қайран қаламын. Олар үйде, мейлі жұмыста болсын, бірінші тәртіпке назар аударады екен. Ұлтты ұйыстыру тәртіпке негізделеді. Ал ағылшын қоғамы баланы жастайынан елдің азаматы, елдің тірегі ретінде тәрбиелеуге ден қояды. Дәл осындай тәрбие үрдісі Жапония, Франция, Финляндия елдеріне де тән. Сондықтан біздің елімізде әр отбасының, әр балабақшаның, әр мектептің негізгі мақсаты – баланы отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу болуы тиіс. Өйткені қазір құндылықтарымыз құлдырауда. Ол елдің ертеңіне, тәуелсіздігімізге қауіп төндіретіні айтпаса да белгілі жағдай ғой. “Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге…” – деп кезінде ұлы ойшыл, ағартушы Абай атамыз айтқандай, біз пайдадан бұрын, ар-ұятты бірінші орынға қоюымыз керек. Сонда тәрбиелі ұрпақ қалыптасады. Келмеске кеткен өткен кезеңдерді еске алсақ, бұрынғы және қазіргі тәрбиеде алшақтық бары байқалады. Бәлкім заманның ағымы солай шығар. Десе де адамгершілік, кішіпейілділік, имандылық – әркімнің бойынан табылуы тиіс қасиет. Сонда қоғам да адамдарға қауіпсіз болар еді.
Қазақ халқының басынан не өтпеді?! Аштық, репрессия, соғыс сынды қилы кезеңдерді еңсерген халқымыз жарқын болашаққа сенді, сол жолда тынбай еңбек етті. Сондықтан біз үлкен қасіретпен, ата-баба қанымен келген Тәуелсіздігімізді ерекше қастерлеуіміз керек. Жаңа Қазақстанда адал еңбек ететін әділ ұрпақ қалыптасуы тиіс. Сол себепті әрбір отбасында саналы ұл-қыз тәрбиеленгені жөн. Отанға деген махаббат сөзбен емес, іспен дәлелдеуді қажет етеді. Қазақ “Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды” деп бекер айтпаса керек. Бұл орайда тәжірибелі ұстаз, көпті көрген қария ретінде бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі ерекше екенін айтқым келеді. Демек, отбасында балаларымызға көңіл бөліп, олармен жиі сөйлескен жөн.
Қыз – ұлт мақтанышы! Мемлекетіміздің беріктігі, болашағы қыздарымызға тікелей байланысты. Бүгінгі қыз – ертеңгі ұлт ұйытқысы, ел анасы. Сондықтан әр қазақтың қызы тәрбиелі болуы керек. Әйел – әлемнің тірегі ғой. Үйдің берекесі мен жылуы әйелге байланысты. Әйел ақылды, сабырлы болса шаңырақ шайқалмайды. Отбасылық құндылықтардың сақталуы да әйелге байланысты.
Қазақ тарихы мен мәдениетін зерделесек, сан ғасырлар бойғы күресте даналығымен, ұлттық рухты ұрпағының бойына игі ісімен сіңіре білген парасатты аналар аз емес. Дүйім жұртты тамсандырған Домалақ ана, өмірі ат үстінде өткен Бопай, Шоқанды қанаттандырған Айғаным, Абайды тәрбиелеген Зере аналардың ізімен жүрсек жаман болмаймыз. Шыңғыс ханның сүйікті жары, сенімді серігі әрі дана кеңесшісі болған Бөртенің де тарихта есімі ерекше аталады. Сол аналардың өмірінен өнеге алуымыз керек.
Шыңғыс хан үлкен ұлы – Жошының қазасын естіген соң, басын көтермей, жатып қалады. Көңіл айтып келген небір сұлтандарға да басын көтермейді. Халқының арасына іріткі түсе бастағанын сезген Бөрте Шыңғыс ханның басын көтеріп, ел ісіне араласу амалын ойластырады. Көрнекті этнограф ғалым Ақселеу Сейдімбектің “Қазақтың күй өнері” атты еңбегінде келтірілген аңыз былай дейді: “Қаралы хабар жеткен соң, Шыңғыс хан өзін-өзі іштей қажап, өкініштің уына белшесінен батып, үш күн, үш түн дөңбекшиді. Ешбір басу сөзге жұбанбай, қайғы өзегін өртеп, құмыға береді. Сонда Шыңғыс ханның бәйбішесі, ақылы кемел Бөрте алдымен ес жиып, болған іске беріктік танытып, күйеуіне былай деген екен:
– Хан ием, сен қайғырып жатқанда халқың ғау-ғау көтеріп, бүлік шығарғалы жатыр!
– Е, менің халқым бүлік шығаратындай не болыпты?! – дейді Шыңғыс хан.
– Сенің халқыңды екі ұдай етіп, егеске түсірген дау бар көрінеді, – депті Бөрте, – оның себебі, бір бай өзінің ықыласы ауып, көңілі жарасқан тамырына ат басындай алтын сыйлаған екен. Сәті түсіп, орайы келгенде қарымтасын қайтарар деп ойлайды бай. Бірақ арада біраз уақыт өтсе де, тамыры қарымта қайтаратын шырай танытпайды. Сонда бай ренжіп, өз алтынын қайта сұрайды. Тамыры бермей, дау болып, төрелету үшін биге жүгінсе, билер де әділдік қылмай, жартысы “бергенін қайтарсын” дейді, жартысы “қайтармауға тиісті” дейді. Осымен елдің арасы екі ұдай болып тұр.
Мұны естігенде Шыңғыс хан ренжіп:
– Ах, бұлары қалай? Билік әділ болмаған екен. Сыйды ала білген кісі, бере де білсе керек емес пе? – депті.
Бөртенің де күткені осы болса керек:
– Хан ием, сабыр қыл! Тәңірім саған бала беріп еді, оны уақыты жеткенде өзі алды. Құдіреттің ісіне көну керек. Тәңірі саған Жошыны сыйлап еді, енді сол сыйын мерзімі келгенде сен де қиналмай қайтара біл! – деген екен. Шыңғыс хан Бөрте бәйбішенің осы бір басу сөзінен кейін есін жиып, еңсесін көтереді”. Міне, дана әйелдің көрегенділігі мен парасаттылығы осындай болады. Аңыз болса да осындай кемел аналардың өмірінен тағылым алуға тиіспіз.
Кез келген білімнің өзегі – тәрбие. Адам баласына тән жақсы қасиеттерді өскелең ұрпаққа жас кезінде сіңірте алмасаң, онда берген білімнен еш қайыр болмайды. Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби “Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы” дейді. Біз ұрпағымыздың білімді болғанын қалаймыз, алайда тәрбиені де естен шығармаған абзал.
Балаға ата-анадан жақын, жанашыр адам жоқ. Жұмысбастылықты сылтау етпей, әрбір ата-ана баласымен досындай сырласа білгені жөн. Сонда отбасында береке, түсіністік орнайды. Бала жақсы мен жаманды ажырата алмаса, ар-ұят, обал дегенді білмесе, ертең ол қандай адам болады? Сондықтан ертеңімізді ойласақ, ұрпағымыздың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, дұрыс тәрбие беруіміз қажет.
Қымбат ЕСМҰҚАНҚЫЗЫ,
Петропавл қаласының құрметті азаматы, ардагер-ұстаз.