Облыстық полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің назарына іліккен 33 және 22 жастағы екі петропавлдық, сондай-ақ Қызылжар ауданының 33 жастағы тұрғыны “Artemia salina” шаянын заңсыз аулады деген күдікпен қолға түсті.
Заңсыз әрекеттер Мамлют ауданының аумағындағы Меңкесер тұзды көлінде жүргізілген. Оқиға орнынан полицейлер жалпы салмағы 460 килограммды құрайтын алты қапқа салынған шаян жұмыртқаларын тәркіледі. Жүргізілген сараптама мемлекетке келтірілген зиянды 3 миллион 712 мың теңгеге бағалады.
Заңнама талаптарына сәйкес, балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулағандарға 6 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.
Әсет ҚАНАФИН.