«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МАҢЫЗДЫ ЖОБА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлдағы №2 жылу электр орталығы ауаға тарайтын ластаушы заттардың деңгейін нақты уақыт режімінде бақылайтын автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізді. Өткен жылдың мамыр айында 3 түтін мұржасына орнатылған жүйе атмосфераға бөлінетін зиянды заттардың мөлшерін тіркейді және ақпаратты тұрақты түрде облыстық экология департаментіне, сондай-ақ ұлттық деректер банкіне жіберіп отырады.

“Севказэнерго” АҚ-ның басқарма басшысы Николай Максимовтың айтуынша, мониторинг жүйесі оксид, азот және күкірт диоксидтері, көмірқышқыл газы және шаң сияқты маңызды көрсеткіштерді қамтиды.

– Оксид, азот диоксиді, күкірт диоксиді, көмірқышқыл газы, шаң және онымен байланысты көрсеткіштер – бұл ауа-газ қоспасының, газдардың көлемі, оттегінің пайыздық көрсеткіштері. Мамырдан бастап “Севказэнерго” АҚ көрсеткіштерді қоршаған ортаны қорғау ұлттық деректер банкіне және Солтүстік Қазақстан облысы бойынша уәкілетті орган – экология департаментіне беріп келеді, – дейді басқарма басшысы.

Бұл жүйенің енгізілуі экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды қадамдарының бірі саналады. Себебі бұл технология тұрақты әрі нақты деректерді алуға мүмкіндік береді.

Экология департаментінің бөлім басшысы Дамир Жұмабаевтың айтуынша, мұндай жүйені орнату – еліміздің Экологиялық кодексінің талаптарына сәйкес бірінші санаттағы кәсіпорындар үшін міндетті. Солтүстік Қазақстан облысында бұл міндетті орындап отырған жалғыз кәсіпорын – “Севказэнерго” АҚ. Ал ел көлемінде 91 кәсіпорынға осы автоматтандырылған бақылау жүйесін енгізу талап етілген. Оның ішінде тек  40-ы қазіргі талаптарға сай жұмыс істеп келеді.

Экологиялық бақылауды күшейту мақсатында 2025 жылы 2-ЖЭО-да жаңа №1 түтін мұржасына және Есіл өзеніне су ағызу жүйесіне де осындай автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнату жоспарланған. Жиналған деректер кемінде бес жыл сақталады, бұл өткен кезеңдердегі экологиялық ахуалды бағалауға мүмкіндік береді.

Бұл жоба қала экологиясын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып отыр. Мұндай технологияларды барлық ірі өндіріс орындарында енгізу – экологиялық тәуекелдерді төмендетіп, ауа мен судың сапасын қадағалауға тиімді. Сонымен қатар, экология саласында ашықтықты арттыру тұрғындардың денсаулығын сақтауда маңызды рөл атқарады.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp