Петропавл қаласындағы “Royal Palace” мейрамханасында Солтүстік Қазақстан облысының іскер әйелдері бас қосып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Бұл шара “Туған жер” қоғамдық ұйымы мен облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында “Әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін насихаттау” жобасының шеңберінде өткізілді.
Шараның мақсаты – өңірдегі іскер әйелдердің жетістіктерін көрсету. Олардың құқықтарын кеңейтуге қолдау жасап, кәсіпкер әйелдерге арналған алаң құру. Жобаны ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар іскер әйелдердің басын қосып қана қоймай, сонымен қатар олардың бизнесте және қоғамда өз орнын табуға көмектеседі.
Іс-шара “Солтүстік Қазақстан облысындағы іскер әйелдерді шабыттандыратын оқиғалар” тақырыбы аясында өткен кездесуден басталды. Бұл жерде жетістікке жету тарихы, қиындықтарды еңсеру тәсілдері, кәсіпкерлік жолындағы алғашқы қадамдар мен кездескен қиыншылықтар жайында ой бөлісілді.
Сонымен қатар шара аясында қатысушыларға өз кәсібін жаңа деңгейге көтеруге, бизнесін дамытуға бағытталған жәрмеңке ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде әйелдерге арналған қолөнер бұйымдары, тағам өнімдері, киім-кешек және косметикалық тауарлар ұсынылды. Жәрмеңкеге келушілер іскер жандардың туындыларымен танысып, сатып алып жатты.
Жәрмеңкемен қатар, түрлі шеберлік сабақтары да өткізілді. Бұл сабақтарға қатысушылар заманауи бизнесті жүргізу әдістерін, маркетингтің тиімді тәсілдерін, өз ісін жаңа деңгейге көтерудің құпияларын үйренді. Шеберлік сабақтарын өңірдің белгілі кәсіпкерлері мен бизнес тренерлері өткізді.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.