Халқымызда “Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді” деген асыл сөз бар. Туған халқына жүйрік қаламымен қалтқысыз қызмет еткен белгілі журналист Маман Ементаев сияқты саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған азаматтардың еңбегі мен есімі ешқашан ұмытылмақ емес.
Көз тартар көркем табиғатымен ғана емес, аспандағы аққуға үнін қосқан Ақан сері, Үкілі Ыбырай мен атақты ақын Орынбай Бертағыұлы, беріде Шахмет Құсайынов, Мұса Асайынов, Байжұман Ғабдуллин, Жұмабай Есекеевтей халқымыздың біртуар ұлдарын құндақтаған қасиетті Айыртау өңірі талай жақсылар мен жайсаңдар дүние есігін ашқан құтты мекен. Осынау қасиетті жерде Маман Ементаев сияқты белгілі журналист те туған еді. Ол Егіндіағаш ауылының тумасы. 1938 жылдың 19 желтоқсаны жарық дүниеге келген. Әкесі Баймақ Айыртау өңіріне белгілі әнші, музыкант болған. Маман ағамыз да жастайынан Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Орынбай тәрізді өнер жұлдыздарының ғажайып әндерін тыңдап, құлағына құйып, өзі де айтып өскен.
Маман Баймақұлы Сырымбет орта мектебін бітіргеннен кейін 1958 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, 1963 жылы аяқтаған. Университеттен кейін Қарағанды облыстық “Орталық Қазақстан” газетінде қызмет етті. 1966 жылы туған өлкесіне оралып, облыстық “Көкшетау правдасы” газетіне жұмысқа тұрды. Газеттің мәдениет, ауыл шаруашылығы бөлімдерін басқарды. Қаламынан көптеген очерктер, поэмалар мен өлеңдер туды.
Ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін Құрмет грамоталарымен, “Құрмет белгісі” орденімен марапатталды. Көкшетау қалалық мәдениет бөлімінің өтініші бойынша облыс орталығында тұңғыш рет жастардың домбыра оркестрін ұйымдастырып, ақындар айтысының бел ортасында жүрді.
2008 жылы “Ауылым қонған Сырымбет саласына” деп аталатын өлеңдер жинағы жарық көрді. Маман Баймақұлының қаламынан туған шығармаларды Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншілері жиі орындайды. Ақынның атына Саумалкөл ауылында көше берілген.
Өнерге қалтқысыз қызмет еткен журналистің рухына тағзым ретінде жақында Көкшетау қаласындағы Жеңіс көшесінің бойында өзі тұрған үйге Маман Ементаевтың мемориалдық тақтасы орнатылды. Айтулы шараға Ақмола және Қызылжар өңірінің жазушылары мен журналистері, қала тұрғындары қатысты. Ескерткіш тақтаны орнатуға демеушілік көмек көрсеткен Айыртау ауданындағы “Баянтай” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сырымбет Есенғалиевтің еңбегін айрықша атап өту қажет. Бұдан бұрын ол жыршы Жұмабай Есекеевтің де Көкшетауда мемориалдық тақтасын орнатуға қолдау білдірген болатын.
Белгілі журналист, талантты ақын, сазгер Маман Ементаевтың есімін ұлықтау мақсатында орнатылған ескерткіш тақтада суреті бейнеленіп, өмір деректері жазылған. Игі шарада Қазақстан Республикасы Сенаторлар кеңесінің мүшесі, жазушы-драматург, Маман ағамызбен ұзақ жыл бірге қызмет еткен Жабал Ерғалиев сөз алып, марқұмның адамгершілік қасиеттері мен кәсіби шеберлігіне тоқталып, бір шаңырақ астында өткен әріптестік, шығармашылық кезеңдерді сағынышпен еске алды.
Қаламгер шаңырағының түтінін түтетіп отырған, мол мұрасын жинақтап, соған жанашыр болып жүрген жары Үкіжан Қалиақпарқызы да естеліктерімен бөлісіп, аяулы ұлын ұлықтап жатқан жұртшылыққа ризашылығын жеткізді.
Бұл жиынға арнайы шақырылған Айыртау аудандық мәслихатының төрайымы Гүлмира Әбілқайырқызы жерлестерінің атынан сөз алып, осы іске ұйытқы болған жандарға алғыс білдірді.
Марқұмның жерлесі әрі інісі ретінде мен де арнау өлеңімді оқыдым.
Еске алу кешінде Маман Баймақұлының “Айыртау вальсі”, “Көкшетау вальсі” және тағы да басқа әндері шырқалып, ақын әрі сазгер ағамыздың көзі тірісінде түсірілген бейне материалдар көпшілік назарына ұсынылды. Еске алу шарасы ақын ағамыздың рухына құран бағышталып, ас берумен қорытындыланды. Жиналған қонақтар мен ақынның туған-туыстары осынау игі шарадан рухани азық алып, ризашылық көңілмен тарқасты.
Қасым НҰРҒАЛИ,
Айыртау ауданының құрметті азаматы.
СУРЕТТЕ: М.Ементаев отбасымен бірге.