«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛАМГЕР РУХЫНА ТАҒЗЫМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымызда “Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді” деген асыл сөз бар. Туған халқына жүйрік қаламымен қалтқысыз қызмет еткен белгілі журналист Маман Ементаев сияқты саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған азаматтардың еңбегі мен есімі ешқашан ұмытылмақ емес.

Көз тартар көркем табиғаты­мен ғана емес, аспандағы аққу­ға үнін қосқан Ақан сері, Үкілі Ыбырай мен атақты ақын Орын­бай Бер­тағыұлы, беріде Шах­мет Құсайынов, Мұса Аса­йы­нов, Байжұман Ғаб­дуллин, Жұ­мабай Есе­кеевтей халқымыз­дың біртуар ұлдарын құндақта­ған қасиетті Айыртау өңірі талай жақсылар мен жайсаңдар дүние есігін ашқан құтты мекен. Осы­нау қасиетті жерде Маман Ементаев сияқты белгілі журна­лист те туған еді. Ол Егіндіағаш ауылының тумасы. 1938 жыл­дың 19 желтоқсаны жарық дү­ние­ге келген. Әкесі Баймақ Айыртау өңіріне белгілі әнші, му­зыкант болған. Маман ағамыз да жастайынан Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Орынбай тәрізді өнер жұлдыздарының ғажайып ән­дерін тыңдап, құлағына құйып, өзі де айтып өскен.

Маман Баймақұлы Сырым­бет орта мектебін бітіргеннен кейін 1958 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік уни­верситетіне оқуға түсіп, 1963 жылы аяқтаған. Университеттен кейін Қарағанды облыстық “Ор­та­лық Қазақстан” газетінде қыз­мет етті. 1966 жылы туған өлке­сіне оралып, облыстық “Көкшетау правдасы” газетіне жұмысқа тұрды. Газеттің мәдениет, ауыл шаруашылығы бөлімдерін басқарды. Қаламынан көптеген очерктер, поэмалар мен өлеңдер туды.

Ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін Құрмет грамоталарымен, “Құрмет белгісі” орденімен марапатталды. Көкшетау қалалық мәдениет бөлімінің өтініші бо­йынша облыс орталығында тұңғыш рет жастардың домбыра оркестрін ұйымдастырып, ақындар айтысының бел ортасында жүрді.

2008 жылы “Ауылым қонған Сырымбет саласына” деп ата­латын өлеңдер жинағы жарық көрді. Маман Баймақұлының қа­ламынан туған шығармаларды Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншілері жиі орындайды. Ақын­ның атына Саумалкөл ауылында көше берілген.

Өнерге қалтқысыз қызмет ет­кен журналистің рухына тағзым ретінде жақында Көкшетау қа­ла­сындағы Жеңіс көшесінің бойында өзі тұрған үйге Маман Ементаевтың мемориалдық тақ­тасы орнатылды. Айтулы шараға Ақмола және Қызылжар өңі­рінің жазушылары мен журна­лис­тері, қала тұрғын­дары қа­тыс­ты. Ескерткіш тақта­ны орна­туға демеушілік көмек көрсет­кен Айыртау ауданында­ғы “Баянтай” жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің дирек­торы Сырымбет Есенғалиевтің еңбе­гін айрықша атап өту қажет. Бұ­дан бұрын ол жыршы Жұма­бай Есекеевтің де Көкшетауда ме­мо­риалдық тақтасын орнату­ға қолдау білдірген болатын.

Белгілі журналист, талантты ақын, сазгер Маман Ементаев­тың есімін ұлықтау мақсатында орнатылған ескерткіш тақтада суреті бейнеленіп, өмір деректері жазылған. Игі шарада Қа­зақстан Республикасы Сенаторлар кеңесінің мүшесі,  жазу­шы-драматург, Маман ағамыз­бен ұзақ жыл бірге қызмет еткен Жабал Ерғалиев сөз алып, мар­құмның адамгершілік қасиеттері мен кәсіби шеберлігіне тоқта­лып, бір шаңырақ астында өт­кен әріптестік, шығармашылық кезеңдерді сағынышпен еске алды.

Қаламгер шаңырағының тү­тінін түтетіп отырған, мол мұ­ра­сын жинақтап, соған жана­шыр болып жүрген жары Үкіжан Қа­лиақпарқызы да естелікте­рімен бөлісіп, аяулы ұлын ұлықтап жатқан жұртшылыққа риза­шы­лығын жеткізді. 

Бұл жиынға арнайы шақы­рылған Айыртау аудандық мәс­лихатының төрайымы Гүлмира Әбілқайырқызы жерлестерінің атынан сөз алып, осы іске ұйытқы болған жандарға алғыс білдірді. 

Марқұмның жерлесі әрі інісі ретінде мен де арнау өлеңімді оқыдым.

Еске алу кешінде Маман Баймақұлының “Айыртау валь­сі”, “Көкшетау вальсі” және тағы да басқа әндері шырқалып, ақын әрі сазгер ағамыздың көзі тірісінде түсірілген бейне мате­риалдар көпшілік назарына ұсынылды.  Еске алу шарасы ақын ағамыздың рухына құран бағышталып, ас берумен қоры­тындыланды. Жиналған қонақтар мен ақынның туған-туыстары осынау игі шарадан рухани азық алып, ризашылық көңіл­мен тарқасты.

Қасым НҰРҒАЛИ,

Айыртау ауданының құрметті азаматы. 

СУРЕТТЕ: М.Ементаев отбасымен бірге.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp