«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚАҚ” СОҒЫСЫНЫҢ ҚҰПИЯСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Қақ” көлі қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Тимирязев ауданының аймағында орналасқан. Айдынының ауқымы 45 шаршы километр. Кейбір жылдары мүлде кеуіп қалатын әдеті бар, бірақ өзінің ірілігімен, жылы жақтан қайтқан жыл құстарының базарына айналатын көркімен ерекше. Көлдің маңайы балғын құрақ, шалғын шөп. Ғасырлар бойы бұл көлдің маңайы Атығай, Керей мен Уақ аталарының жазғы қонысы, жайылымы болған. Ел аузында “Қақ” кепті дегенше, бақ кетті десеңші”, – деген сөз қалған. Яғни көлдің халық шаруашылығына, адамдардың күн көрісіне тигізетін әсері өте зор болғанын дәлелдейді.

Ендігі баяндауымыздың желі­сі Кенесары көтерілісіне байла­нысты болмақ. Ресей патшалы­ғының 1822 жылғы шығарған шешімдері қазақ даласындағы хандық жүйенің жойылуына жә­не қазақ жұртының дербестігін ыдыратуға жасалған үлкен сая­си іс болды. Бұл реформа ға­сыр­лар бойы қалыптасқан хандық билікті жойып, орта санаттағы билік өкілдерінің дәрежесін биік­тетіп, ел басқару жүйесіне жаңа топтарды алып келді. Осы топ­тардағы өкілдер аға сұлтан, бо­лыс, ауылнай билігіне жетіп, жеке бас бағының жетістігінен аса алмай қалды. Патша үкіме­тіне керегі де осы еді. Билік ие­лерінің үнсіз қолдауымен қазақ даласының ең құнарлы деген, суы мол деген, тоғайлы-орман­ды деген жерлеріне келімсек­терді орналастыру екпінді түрде жүре бастады.

Көп рулар бұл іске іштей қар­сы болса да, бет жыртып айтып, білек сыбанып кірісуде босаңдық танытты. Осындай отаршылдық саясатқа қарсы шыққан Абылай ханның ұлы Қасым мен оның балалары еді. Ұлы даланың көп же­рінде отаршылдыққа қарсы кө­те­рі­лістер болғанымен, Кенеса­ры көтерілісінің орны мен мағы­на­сы, мақсаты мен ұйымдастыру жүйе­сі ерекше еді. Кенесары бір ор­талықтан басқарылатын, хан­ға ба­ғынатын мемлекет құр­ды. Хан­ның жанынан жоғарғы кеңес­ші ұйым – арнайы кеңес құрыл­ды. Мемлекеттің саясаты мен бас­қару жүйесін, әскери құрылы­мы мен сот жүйесін, басқа ау­қымды істерін жүргізу үшін қара­жат қа­жет. Оның көзі – салық. Салық саясаты елдегі ахуалды, жан ба­сына түсетін салмақты ескере оты­ра ұйымдастырылды. Мал ша­руашылығымен айналы­са­тын­­­­­дарға – зекет, диқандарға – ұшыр салығы салынды. Мал саны қырықтан аспайтын үйлер са­лықтан босатылды. Салық жүйе­­сінен түскен пайданың бар­лығы қозғалысқа қатысқан әс­кер­лерді керекті жабдықтармен қам­тамасыз етуге жұмсалды. Са­лық­ты жинайтын жасауылдар болды.

1841 жылы Кенесары әскері­нің саны 20 000-нан асып кеткен еді. Алғашында келісім берген қазақ руларының кейбірі салық­тың салмағынан қаша бастады. Кенесарының келіссөзге шақыр­ғанына қарамастан, кейбір ру­лар мүлде бас тартты. Бұған ке­ліспеген Кенесары әскер шыға­рып, зордың күшімен салық жи­науға кірісті. Әсіресе бекініс пен редуттердің жанындағы ауылдар­ды шауып, малдарын айдап әкетіп отырды. Халықтың жа­дын­да сақталған бір мәлімет бойынша, Преснов редутін шауып, өртеп келе жатқан Кенесары қолының бір бөлігі қазіргі Айымжан ауылының жанында Есболдың шілігінен су алып келе жатқан жас қызды атып кетеді. Екі-үш күн­нен кейін қыздың денесі та­былып жерленеді. Сол жер қазір Айымжан ауылы атанып отыр. 

Ермахан Бекмахановтың ең­бегінен үзінді келтірейін: “Бопай Қа­сымова өзінің 200 адамымен Аманқарағай округінің қырғызда­рынан (қазақтарынан) көптеген малды тартып әкетті және қай­тар жолда Сырымбет шатқалы­на тоқтап, қойманың құлпы мен есігін бұзып, ондағы киіздерді, елтірілерді және көп азық-түлік қорын алып кеткен”. Бұл – Аман-қарағай дуанына кіретін Самай-Керей болысының 7-8 ауылының малы болатын. Дерек бойынша Самай-Керей болысының бас­шы­сы (волостной правитель) Тай­пақ Сапулатов, ауыл стар­шы­ны (ауылнай) Итқара Тұяқов, билер Нүркен Түменов, Тұрлы­бек Сатыпалдин Батыс-Сібір гу­берниясының басшысына арыз жазады. Губерния басшылары “шара қолданыңдар” деп бұрыш­тама қойып, дуан басшылар аға сұлтан Шыңғыс Уәлихановқа жә­не заседательдері (орынбасар­ла­ры) Есеней Естемісов пен Тә­бей Барлыбаевтарға береді. Бопай қолын қуған Шыңғыс пен Есенейдің әскері біраз жылқы­сын қайтарып алады.

1837 жылы Петропавл ма­ңын­дағы Ақтау бекінісінен шық­қан хорунжий Рыжов бастаған казактардың отрядын талқан­дап, көп адамдарын қолға түсі­ріп, қару жарақтарын иеленеді. Тарихшы-ғалым Е.Бекмаханов­тың зерттеуінше, 1837-38 жыл­да­ры Кенесары көтерілісіне Қар­қаралы округінің барлық болыс­тары, оның ішінде Жиенбай-Шақшақ, Қара-Ақтымбет, Керей-Кәрсен, Қояншы-Тоғай болыста­ры қосылады. 1837 жылы Аман­қарағай округінен 2000-нан ас­там адам келіп қосылған. Округ қарамағына Арғын-Атығай, Қып­шақ, Керей, Уақ, Қанжығалы ру­ларының адамдары кірген. Сол кезде Кенесарыға демеу болып, бас көтергендер Сүйіндік Арғын­нан Сейтен, Тайжан Азнабай­ұлдары, Таймас Бектасұлы, Қып­шақ Иман Дулатұлы (Амангелді­нің атасы), Табын Жоламан Ті­леншіұлы, Дулат Бұғыбай батыр, Арғын-Шұбыртпалы Ағыбай, Ұлы жүзден Сұраншы мен Бәй­сейіт батыр, Атығайдан Аңғал мен Жеке батырлар, Торғай өңі­рінен Табын, Тама, Шөмекей, Төртқара руларын бастаған Жо­ламан батырлар еді. Қызылжар өңіріндегі Керейден Медебай, Уақтан Қожық Мақашұлы, Балта Керей Итеке батырдың Қошқарбай дейтін баласы, Нұралы Керейден Кеген мерген, Атығай-Бәйімбеттен Құлтума батыр қол жинайды. Әсіресе Қожық Ма­қаш­ұлы көтерілісшілерге көп жыл­қы мен басқа да мал беріп, көмек жасайды, әскер жинап берген.

Қалың ормандай қаптап көте­рілген елге, алқалы топтағы ел билеушілері бас бола алмады. Себебі ел басшыларының көбі патша билігіне тәуелді, жалтақ, жағымпаздық күйде еді. Көбінің патшадан алған атақ, шен, сый­лықтары алдарынан кесе көлде­нең шығып, қолдарын жіпсіз байлады. Осы жерде Доскей ақын­ның “Кенесары” жырынан үзінді келтірсем артық болмас.

“Наград берем деген соң,

Қыпшақтан кетті Ыбырай,

Советник боп Тұрлыбек

Ол да кетті сұмырай.

Бәсентиін Мәсеке

Шыдап тұрсын ол қалай.

Қаз дауысты Қазыбектің

Аруағын аттап, сыйламай

Ауылынан кетті Шалғынбай.

Жемсауы тойып параға

Тобықтының елінен

Суырылып шықты Құнанбай.

Құдайменде қалған жоқ,

Найманнан шыққан Ерден де

Алды-артына қарамай,

Ол да кетті жарамай.

Параны жақын жағалай”.

Осы жырдағы тарихи тұлға­лар, өз заманының алпауыттары бұқара халық жағына шықпай бұ­ғып қалды. Тіпті төре тұқымы, туыс деген Жамантай төре, Құ­даймендіұлы Қоңыр төре, Рүс­тем төре, Ахмет Жантөрин, Бо­ран­бай Бекмұратов, Сүйік Аблай­ханов, Кішкене Перназаров,                                                                                                                                                                                                                                                                            Арыслан Жантөрин, Шорман­ның Мұсасы мен Қызылжар өңі­рі­нің белді деген ел басшылары Атығайдағы Жылғара, Керейдегі Есеней, Итеке, Барлыбай тұ­қымынан Тәбей, Атығай-Бағыстан шыққан атақты Маңдай Тоқта­мысовтар Кенесары қозғалысына қарсы шықты. 1846 жылы Ұлы жүз­дің игі жақсысы Лепсіде жи­налып, генерал Вишневскийге хат жазып, өз ойларын былай деп білдірген: “Біздің жерімізге келген Кенесары Қасымовты дұшпанымыз деп білеміз және оның іс-әрекеттері туралы мәлі­мет­терді тез арада хабарлап тұруды міндетімізге аламыз”.

1837 жылы Петропавл қала­сы­ның маңындағы “Ақтау” бекі­ні­сіне Кенесары қолы шабуыл жа­сап, бекіністі өртеп жібереді. Бұл патша билігіне тиген қатты соққы болды. Кенесары қозғалы­сына қар­сы іс-шаралар ұйым­дас­ты­ры­ла бастады, соның бірі жер­гі­лік­ті қазақтарды айдап салу әдісі еді. Бұл әдіс өзінің жемісін берді.

1841 жылы көктемде Есеней­дің бастауымен, Керей, Уақ, Аты­ғай, Қарауыл руының басшыла­ры­ның қолдауымен қол жина­лып, Кенесарыға қарсы шығуға, жасақ құруға сауын айтылды. Сол жылдың жазында Есенейдің қолы 1200 адам болды. Кене­сары қолы 945 адам. Соғыс бо­ла­тын жер “Қақ” көлінің аумағы болып бекітілді. Негізгі қару-жа­рақ – шиті мыл­тық, найза, қы­лыш, садақ, со­йыл, шоқпар, қо­лоқ. Бұл қақты­ғыста не Кене­са­ры, не Наурыз­бай болмаған. Күні бойы болған соғыстың ақыры Кенесары қолы­ның жеңілісімен аяқталады. Екі жақтан да адам шығыны болады.

Бұл қақтығыс туралы мен 1992 жылы Жамбыл ауданы, Амангелді ауылының тумасы, сол маңайға аты жайылған пі­рәдар, жасынан көз жанарынан айырылып қалса да, көкірек көзі ашық, ислам дінін уағыздау­шы, өте білімді Бари (толық аты Қабдолбари) атты адамнан жа­зып алып едім. Сол соғысқа Ба­ридің атасы Жылкелді жауынгер болып қатысып, ұрыс кезінде ерекше көзге түскен екен. Кес­кілескен кезде не аңғарсын, жау­дың атқан оғы сауытын бұзып өтіп, бел омыртқасына қадалып­ты. Ат­тан омақаса, жер тірей құ­лап, естен танып, ұрыс даласын­да жатып қалады. Есін жиса со­ғыс бітіпті. Маңайын бар­лап қа­ра­са, аты алыс емес екен, соған жер сүйеніп жетіп, күшін жинап, атқа отырып, еліне қайт­қан екен. Үйінде ем-дом жаса­тып, есін жи­найды. Жылкелдінің аман-есен­дігін естіген Есеней ерлігіне риза болып, астына ат, үстіне шапан жа­бады. Ел аузы­нан жеткен әңгі­мелерде сол соғыста мерт бол­ған Кенесары әскерінің жауын­герлері “Қақ” кө­лінің, бір бөлігі Ақжан ауылының маңына жер­ленген делінеді.

“Қақ” соғысы сол кездегі орыс патшалығының алпауыт саяса­ты­на шырмалған қазақ жұр­ты­ның соры еді. Сол кезде елім, жерім деп еңіреген ерлердің ісін арашалайтын жұрттың босаң­дық танытуы қазақ даласын те­реңірек отарлауға кең есігін ашып беріп еді. Сөйтіп, Кене­са­ры көтерілісінің мәні мен мағы­на­сы көмескіленіп, ол туралы айтуға да ауыз бармайтын жайға келдік. Тіпті сол қақтығысқа қа­тысқан ата-бабаларымызды ай­туға да қорландық.

Кенесары көтерілісіне дейін Қызылжар өңірінде де бас көтер­ген тұлғалар болған. Мәселен Марал ишан мен Шақшақ көтері­лісін алайық, қазіргі Ресей елін­дегі Түмен, Қорған, Омбы облы­сы жерінде ата жұрты үшін бас көтерген Абақ Жәнібек батыр 1810-1820 жылдары жеңіліске ұшырап, патша үкіметінің сұрқия саясатының кесірінен Абақ­тар­дың жөңкіле көшіп, Қытай ауып, Моңғолияға кетуі, Бексейіт ба­тыр, Айтбай батыр, Сарман ба­тырлардың Балта Керей жерлері үшін болған соғысы, Көшебе Сартай батырдың казактардың жазалаушы әскерімен соғысуы, қазақ жұртының жер үшін жанта­ласқан жігерінің бір пұшпағы ғана. Бұл – беті әлі ашылмаған, бұғып жатқан тарихымыздың бір бөлігі ғана, Ресей архивтерінде шаң басып жатқан, жоқтаушысы жоқ жетім тақырып. Тарихтың бізге берер сабағы әлі көп, соның ішінен сортаңы мен собығын дұрыс таңдап, тарих сөресінен сүбіле орын беру – бізге парыз.

Дәстен БАЙМҰҚАНОВ,

өлкетанушы, “Асыл мұра” орталығының  ғылыми қызметкері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp