“Қақ” көлі қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Тимирязев ауданының аймағында орналасқан. Айдынының ауқымы 45 шаршы километр. Кейбір жылдары мүлде кеуіп қалатын әдеті бар, бірақ өзінің ірілігімен, жылы жақтан қайтқан жыл құстарының базарына айналатын көркімен ерекше. Көлдің маңайы балғын құрақ, шалғын шөп. Ғасырлар бойы бұл көлдің маңайы Атығай, Керей мен Уақ аталарының жазғы қонысы, жайылымы болған. Ел аузында “Қақ” кепті дегенше, бақ кетті десеңші”, – деген сөз қалған. Яғни көлдің халық шаруашылығына, адамдардың күн көрісіне тигізетін әсері өте зор болғанын дәлелдейді.
Ендігі баяндауымыздың желісі Кенесары көтерілісіне байланысты болмақ. Ресей патшалығының 1822 жылғы шығарған шешімдері қазақ даласындағы хандық жүйенің жойылуына және қазақ жұртының дербестігін ыдыратуға жасалған үлкен саяси іс болды. Бұл реформа ғасырлар бойы қалыптасқан хандық билікті жойып, орта санаттағы билік өкілдерінің дәрежесін биіктетіп, ел басқару жүйесіне жаңа топтарды алып келді. Осы топтардағы өкілдер аға сұлтан, болыс, ауылнай билігіне жетіп, жеке бас бағының жетістігінен аса алмай қалды. Патша үкіметіне керегі де осы еді. Билік иелерінің үнсіз қолдауымен қазақ даласының ең құнарлы деген, суы мол деген, тоғайлы-орманды деген жерлеріне келімсектерді орналастыру екпінді түрде жүре бастады.
Көп рулар бұл іске іштей қарсы болса да, бет жыртып айтып, білек сыбанып кірісуде босаңдық танытты. Осындай отаршылдық саясатқа қарсы шыққан Абылай ханның ұлы Қасым мен оның балалары еді. Ұлы даланың көп жерінде отаршылдыққа қарсы көтерілістер болғанымен, Кенесары көтерілісінің орны мен мағынасы, мақсаты мен ұйымдастыру жүйесі ерекше еді. Кенесары бір орталықтан басқарылатын, ханға бағынатын мемлекет құрды. Ханның жанынан жоғарғы кеңесші ұйым – арнайы кеңес құрылды. Мемлекеттің саясаты мен басқару жүйесін, әскери құрылымы мен сот жүйесін, басқа ауқымды істерін жүргізу үшін қаражат қажет. Оның көзі – салық. Салық саясаты елдегі ахуалды, жан басына түсетін салмақты ескере отыра ұйымдастырылды. Мал шаруашылығымен айналысатындарға – зекет, диқандарға – ұшыр салығы салынды. Мал саны қырықтан аспайтын үйлер салықтан босатылды. Салық жүйесінен түскен пайданың барлығы қозғалысқа қатысқан әскерлерді керекті жабдықтармен қамтамасыз етуге жұмсалды. Салықты жинайтын жасауылдар болды.
1841 жылы Кенесары әскерінің саны 20 000-нан асып кеткен еді. Алғашында келісім берген қазақ руларының кейбірі салықтың салмағынан қаша бастады. Кенесарының келіссөзге шақырғанына қарамастан, кейбір рулар мүлде бас тартты. Бұған келіспеген Кенесары әскер шығарып, зордың күшімен салық жинауға кірісті. Әсіресе бекініс пен редуттердің жанындағы ауылдарды шауып, малдарын айдап әкетіп отырды. Халықтың жадында сақталған бір мәлімет бойынша, Преснов редутін шауып, өртеп келе жатқан Кенесары қолының бір бөлігі қазіргі Айымжан ауылының жанында Есболдың шілігінен су алып келе жатқан жас қызды атып кетеді. Екі-үш күннен кейін қыздың денесі табылып жерленеді. Сол жер қазір Айымжан ауылы атанып отыр.
Ермахан Бекмахановтың еңбегінен үзінді келтірейін: “Бопай Қасымова өзінің 200 адамымен Аманқарағай округінің қырғыздарынан (қазақтарынан) көптеген малды тартып әкетті және қайтар жолда Сырымбет шатқалына тоқтап, қойманың құлпы мен есігін бұзып, ондағы киіздерді, елтірілерді және көп азық-түлік қорын алып кеткен”. Бұл – Аман-қарағай дуанына кіретін Самай-Керей болысының 7-8 ауылының малы болатын. Дерек бойынша Самай-Керей болысының басшысы (волостной правитель) Тайпақ Сапулатов, ауыл старшыны (ауылнай) Итқара Тұяқов, билер Нүркен Түменов, Тұрлыбек Сатыпалдин Батыс-Сібір губерниясының басшысына арыз жазады. Губерния басшылары “шара қолданыңдар” деп бұрыштама қойып, дуан басшылар аға сұлтан Шыңғыс Уәлихановқа және заседательдері (орынбасарлары) Есеней Естемісов пен Тәбей Барлыбаевтарға береді. Бопай қолын қуған Шыңғыс пен Есенейдің әскері біраз жылқысын қайтарып алады.
1837 жылы Петропавл маңындағы Ақтау бекінісінен шыққан хорунжий Рыжов бастаған казактардың отрядын талқандап, көп адамдарын қолға түсіріп, қару жарақтарын иеленеді. Тарихшы-ғалым Е.Бекмахановтың зерттеуінше, 1837-38 жылдары Кенесары көтерілісіне Қарқаралы округінің барлық болыстары, оның ішінде Жиенбай-Шақшақ, Қара-Ақтымбет, Керей-Кәрсен, Қояншы-Тоғай болыстары қосылады. 1837 жылы Аманқарағай округінен 2000-нан астам адам келіп қосылған. Округ қарамағына Арғын-Атығай, Қыпшақ, Керей, Уақ, Қанжығалы руларының адамдары кірген. Сол кезде Кенесарыға демеу болып, бас көтергендер Сүйіндік Арғыннан Сейтен, Тайжан Азнабайұлдары, Таймас Бектасұлы, Қыпшақ Иман Дулатұлы (Амангелдінің атасы), Табын Жоламан Тіленшіұлы, Дулат Бұғыбай батыр, Арғын-Шұбыртпалы Ағыбай, Ұлы жүзден Сұраншы мен Бәйсейіт батыр, Атығайдан Аңғал мен Жеке батырлар, Торғай өңірінен Табын, Тама, Шөмекей, Төртқара руларын бастаған Жоламан батырлар еді. Қызылжар өңіріндегі Керейден Медебай, Уақтан Қожық Мақашұлы, Балта Керей Итеке батырдың Қошқарбай дейтін баласы, Нұралы Керейден Кеген мерген, Атығай-Бәйімбеттен Құлтума батыр қол жинайды. Әсіресе Қожық Мақашұлы көтерілісшілерге көп жылқы мен басқа да мал беріп, көмек жасайды, әскер жинап берген.
Қалың ормандай қаптап көтерілген елге, алқалы топтағы ел билеушілері бас бола алмады. Себебі ел басшыларының көбі патша билігіне тәуелді, жалтақ, жағымпаздық күйде еді. Көбінің патшадан алған атақ, шен, сыйлықтары алдарынан кесе көлденең шығып, қолдарын жіпсіз байлады. Осы жерде Доскей ақынның “Кенесары” жырынан үзінді келтірсем артық болмас.
“Наград берем деген соң,
Қыпшақтан кетті Ыбырай,
Советник боп Тұрлыбек
Ол да кетті сұмырай.
Бәсентиін Мәсеке
Шыдап тұрсын ол қалай.
Қаз дауысты Қазыбектің
Аруағын аттап, сыйламай
Ауылынан кетті Шалғынбай.
Жемсауы тойып параға
Тобықтының елінен
Суырылып шықты Құнанбай.
Құдайменде қалған жоқ,
Найманнан шыққан Ерден де
Алды-артына қарамай,
Ол да кетті жарамай.
Параны жақын жағалай”.
Осы жырдағы тарихи тұлғалар, өз заманының алпауыттары бұқара халық жағына шықпай бұғып қалды. Тіпті төре тұқымы, туыс деген Жамантай төре, Құдаймендіұлы Қоңыр төре, Рүстем төре, Ахмет Жантөрин, Боранбай Бекмұратов, Сүйік Аблайханов, Кішкене Перназаров, Арыслан Жантөрин, Шорманның Мұсасы мен Қызылжар өңірінің белді деген ел басшылары Атығайдағы Жылғара, Керейдегі Есеней, Итеке, Барлыбай тұқымынан Тәбей, Атығай-Бағыстан шыққан атақты Маңдай Тоқтамысовтар Кенесары қозғалысына қарсы шықты. 1846 жылы Ұлы жүздің игі жақсысы Лепсіде жиналып, генерал Вишневскийге хат жазып, өз ойларын былай деп білдірген: “Біздің жерімізге келген Кенесары Қасымовты дұшпанымыз деп білеміз және оның іс-әрекеттері туралы мәліметтерді тез арада хабарлап тұруды міндетімізге аламыз”.
1837 жылы Петропавл қаласының маңындағы “Ақтау” бекінісіне Кенесары қолы шабуыл жасап, бекіністі өртеп жібереді. Бұл патша билігіне тиген қатты соққы болды. Кенесары қозғалысына қарсы іс-шаралар ұйымдастырыла бастады, соның бірі жергілікті қазақтарды айдап салу әдісі еді. Бұл әдіс өзінің жемісін берді.
1841 жылы көктемде Есенейдің бастауымен, Керей, Уақ, Атығай, Қарауыл руының басшыларының қолдауымен қол жиналып, Кенесарыға қарсы шығуға, жасақ құруға сауын айтылды. Сол жылдың жазында Есенейдің қолы 1200 адам болды. Кенесары қолы 945 адам. Соғыс болатын жер “Қақ” көлінің аумағы болып бекітілді. Негізгі қару-жарақ – шиті мылтық, найза, қылыш, садақ, сойыл, шоқпар, қолоқ. Бұл қақтығыста не Кенесары, не Наурызбай болмаған. Күні бойы болған соғыстың ақыры Кенесары қолының жеңілісімен аяқталады. Екі жақтан да адам шығыны болады.
Бұл қақтығыс туралы мен 1992 жылы Жамбыл ауданы, Амангелді ауылының тумасы, сол маңайға аты жайылған пірәдар, жасынан көз жанарынан айырылып қалса да, көкірек көзі ашық, ислам дінін уағыздаушы, өте білімді Бари (толық аты Қабдолбари) атты адамнан жазып алып едім. Сол соғысқа Баридің атасы Жылкелді жауынгер болып қатысып, ұрыс кезінде ерекше көзге түскен екен. Кескілескен кезде не аңғарсын, жаудың атқан оғы сауытын бұзып өтіп, бел омыртқасына қадалыпты. Аттан омақаса, жер тірей құлап, естен танып, ұрыс даласында жатып қалады. Есін жиса соғыс бітіпті. Маңайын барлап қараса, аты алыс емес екен, соған жер сүйеніп жетіп, күшін жинап, атқа отырып, еліне қайтқан екен. Үйінде ем-дом жасатып, есін жинайды. Жылкелдінің аман-есендігін естіген Есеней ерлігіне риза болып, астына ат, үстіне шапан жабады. Ел аузынан жеткен әңгімелерде сол соғыста мерт болған Кенесары әскерінің жауынгерлері “Қақ” көлінің, бір бөлігі Ақжан ауылының маңына жерленген делінеді.
“Қақ” соғысы сол кездегі орыс патшалығының алпауыт саясатына шырмалған қазақ жұртының соры еді. Сол кезде елім, жерім деп еңіреген ерлердің ісін арашалайтын жұрттың босаңдық танытуы қазақ даласын тереңірек отарлауға кең есігін ашып беріп еді. Сөйтіп, Кенесары көтерілісінің мәні мен мағынасы көмескіленіп, ол туралы айтуға да ауыз бармайтын жайға келдік. Тіпті сол қақтығысқа қатысқан ата-бабаларымызды айтуға да қорландық.
Кенесары көтерілісіне дейін Қызылжар өңірінде де бас көтерген тұлғалар болған. Мәселен Марал ишан мен Шақшақ көтерілісін алайық, қазіргі Ресей еліндегі Түмен, Қорған, Омбы облысы жерінде ата жұрты үшін бас көтерген Абақ Жәнібек батыр 1810-1820 жылдары жеңіліске ұшырап, патша үкіметінің сұрқия саясатының кесірінен Абақтардың жөңкіле көшіп, Қытай ауып, Моңғолияға кетуі, Бексейіт батыр, Айтбай батыр, Сарман батырлардың Балта Керей жерлері үшін болған соғысы, Көшебе Сартай батырдың казактардың жазалаушы әскерімен соғысуы, қазақ жұртының жер үшін жанталасқан жігерінің бір пұшпағы ғана. Бұл – беті әлі ашылмаған, бұғып жатқан тарихымыздың бір бөлігі ғана, Ресей архивтерінде шаң басып жатқан, жоқтаушысы жоқ жетім тақырып. Тарихтың бізге берер сабағы әлі көп, соның ішінен сортаңы мен собығын дұрыс таңдап, тарих сөресінен сүбіле орын беру – бізге парыз.
Дәстен БАЙМҰҚАНОВ,
өлкетанушы, “Асыл мұра” орталығының ғылыми қызметкері.