Петропавлда жазасын өтеп жатқандар жасаған бұйымдардың көрмесі өтті. Шараны облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен кәсіпкерлер палатасы бірлесіп ұйымдастырды.
Қазіргі уақытта өңірдегі түзету мекемелерінде 17 кәсіпкер өз ісін ашқан. Бұл екі тарапқа да тиімді. Ең бастысы – жазасын өтеушілер жаңа кәсіпті меңгереді, қарызын жабу арқылы ертерек бостандыққа шығуға мүмкіндіктері бар.
“Біз өңірдегі түзету мекемелерін аралап шығып, өндіріске жарайтын орындармен таныстық. Соңғы екі жылда жазасын өтеп жатқан әйелдерді оқытуға басымдық берілді, ерлер колониясында өндірісті ұйымдастыру ісі бір жолға қойылды”, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Әсел Самаратова.
Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Виталий Алексеевтің айтуынша, бұл іс-шара пенитенциарлық жүйе мекемелерінде жұмыспен қамту деңгейін көтеру аясында өтіп жатыр. Түзету мекемелерінде қазіргі уақытта ағаштан, темірден, теріден түрлі бұйымдар жасалады. Тігін цехтары да ашылған. Нан-тоқаш өнімдері пісіріледі. Нәтижесінде 620 сотталған жұмыспен қамтылып, орташа айлық еңбекақы алады.
“Мен әйелдер колониясында тігін цехын аштым. Сотталғандар арасынан ынтасы барларды жұмысқа қабылдап, тігіншілікке үйреттік. Қазір төсек-орын: жастық, көрпе, төсек жапқыш, төсек жинақтарын тігеміз. Бұйымдарымыздың бағасы нарықтағыдан төмен, қолжетімді. Алдағы уақытта өндірісті ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Сол себепті желтоқсан айында Нью-Йорк қаласына үш айға оқуға барамыз. Мақсат – тәжірибе алмасу, білімді молайту, шетелдегі кәсіпорындардың жұмысымен танысу, кейін оның бәрін өзіміздің өңірде қолдану”, – дейді жеке кәсіпкер Айсұлу Мұрзанова.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.