Жүз жылдан астам тарихы бар мемлекеттік статистика органдары ұзақ қалыптасу жолынан өтті. Тіпті оның тарихы қазақ елінің қалыптасу жолымен астасып жатыр десек те болады. Сонау Қазақ хандығы құрылған кезде Шу және Талас өзендерінің аңғарларында (қазіргі Жамбыл облысының аумағы) халық саны 200 мың адамды құраған екен. Ал XV ғасырдың аяғында бұл көрсеткіш 1 миллионға жеткен деседі. Бұл деректердің тарихи негізі бар.
Жалпы Қазақстан аумағында алғашқы ресми мемлекеттік статистикалық орган – 1868 жылдың 22 қаңтарында құрылған Түркістан губерниялық статистикалық комитеті және оған ведомстволық бағынысты Сырдария және Жетісу облыстарындағы статистикалық бюро.
1920 жылғы 26 тамызда Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік Республикасы құрамында Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы құрылды. Көп ұзамай Қазақ АКСР Үкіметі 8 қарашада “Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік статистикасы туралы ережені” бекітті. Осылайша, Қазақстанның бірыңғай орталықтандырылған статистикалық органдарының құрылған күні кәсіби мереке ретінде аталып өтілуде.
Ұлттық статистика бюросы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Жұлдыз Нұрғалиеваның айтуынша, департамент бүгінде мемлекеттік органдарды, іскер топтар мен жұртшылықты өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы объективті статистикалық ақпаратпен қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ облыс аумағында статистикалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын бақылау және қадағалау жөніндегі басқа да функцияларды қамтиды.
Бүгінгі таңда облыстың мемлекеттік статистика органдарында 108 адам еңбек етеді. Ұжымның 89 пайызы – қыз-келіншектер. Жауапты салада еңбек етіп жүргендердің 48-і республиканың статоргандар жүйесінде 20 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Ал Елена Басова, Найля Сулейменова, Екатерина Зубарева, Ирина Усова, Наталья Вайтович, Фарида Закирова, Нұржамал Қасейінова секілді қызметкерлердің статистика органдарындағы еңбек өтілі 30 жылдан асқан.
Ұжымдағы қызметкерлер біліктіліктері және жоғары тәжірибенің арқасында талай белестерді бағындырып үлгерді. Бұл орайда 40 қызметкердің кеудесіне “Статистика үздігі” төсбелгісі тағылған. Сонымен қатар “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл” мерейтойлық медалімен Ғалия Шәріпова, “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл” медалімен Фарида Закирова, Роза Әміренова, “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл” медалімен Жорабек Дәуренов, Марал Нұржауыпова, “Астана – 20 жыл” медалімен Найля Галимова және “Қазақстан Конституциясына 25 жыл” медалімен Ирина Усова марапатталды.
Күні бүгін барлық мемлекеттік статистикалық есептілік департаментке электронды түрде ұсынылады. Респонденттерге Ұлттық статистика бюросының көпфункционалды веб-порталы арқылы есептілікті онлайн режімде қалыптастыру және ұсыну қолжетімді. Статистикалық деректерді ұсынудың электрондық нысанына көшу респонденттерге түсетін жүктемені айтарлықтай азайтқан. Яғни уақытты үнемдеуге, есептілікті базада сақтауға, арифметикалық және логикалық бақылауларды өз бетінше орындауға мүмкіндік берді.
Департамент басшысының орынбасары Жұлдыз Нұрғалиеваның сөзінше, Ұлттық санақтарды жүргізу кезінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар қолданылады. Мәселен, 2021 жылғы Ұлттық халық санағын және 2024 жылғы қанатқақты ауыл шаруашылығы санағын жүргізу кезінде ақпарат жинауда интервьюерлердің портативті есептеу құрылғылары (планшеттер) арқылы сұрау әдісі және интернет желісін онлайн режімде пайдалана отырып, өз бетінше толтыру әдісі пайдаланылды. Өз бетінше толтыру әдісі респонденттерге ыңғайлы уақытта сұрақтарға жауап беруге, тексеру жүргізу құнын төмендетуге мүмкіндік берді. Ал планшеттерді пайдалану жеке деректердің қорғалуын арттырды.
– Биыл статистика органдары ЮНИСЕФ әзірлеген Халықаралық мультииндикаторлық кластерлік зерттеудің (MICS) 7 раундын өткізуде. Тек біздің облыста қараша айының соңына дейін 1500 үй шаруашылығына сауалнама жүргізіледі. Жиналған деректер әйелдер мен балалардың денсаулығы мен әл-ауқатын бағалауға, сондай-ақ олардың дамуының негізгі көрсеткіштері бойынша сенімді ақпарат беруге мүмкіндік береді, – дейді Ұлттық статистика бюросы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Жұлдыз Нұрғалиева.
Статистика органдарының алдында келер жылдарға көптеген маңызды жұмыстар мен өзгерістер, жоспарлар тұр. Қазіргі уақытта Мемлекеттік статистика мен ұлттық деректер экожүйесін дамыту тұжырымдамасына сәйкес, басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін және баламалы көздерді пайдалануға көшу жұмыстары жүргізілуде. Осы жұмыстың нәтижесінде статистикалық есептілік нысандарының саны қысқарады, нәтижесінде респонденттерге деген жүктеме азаймақ.
Келер 2025 жыл Статистика органдары қызметі үшін де маңызды жыл болмақ, Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізу жоспарланған. Ауқымды іс-шара ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын барлық заңды және жеке тұлғаларды қамтитын болады.
– Мереке қарсаңында сан жылдар бойы заманауи есептеу құралдары мен жүйелерінсіз еңбек еткен ардагерлерімізді ұмыт қалдыруға болмайды. Ол кезеңде барлық есептер қағаз түрінде ұсынылып, қолмен өңделді. Аға буын шоттар мен телетайптар, кейінірек калькулятормен есептеді, – дейді Жұлдыз Нұрғалиева.
Жалпы статистика қызметкерлері өз міндеттерін орындауда үлкен жауапкершілік, ұқыптылық және дәлдік секілді қасиеттерімен ерекшеленеді. Олардың жұмысы аса көзге көрінбегенімен, еңбектерінің нәтижелері барлық салаға пайдалы.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.