Хакім Абайдың “Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез” деген пайымынан ілім мен ізгіліктің желі есіп тұрғандай, әл-Фараби бабамыздың “Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы” деген сөзі педагогикалық қауымның бой түзер бағдарындай сезіледі. Уақыт алға озған сайын “Әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастаудың” (А.Байтұрсынов), “Әрбір тәрбиеші баланы ұлт дәстүрімен тәрбиелеудің” (М.Жұмабаев), “Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті” екендігінің (А.Жұбанов) мән-маңызы артып келеді.
“Ұстазы жақсының ұстамы жақсы” демекші, тұтас бір буынның тарихи дәстүрі мен сабақтастығын қалыптастыру мәдениеті мұғалімдерге зор жауапкершілік жүктеумен қатар бүгінгідей жаhандану үрдісіндегі мүлдем жаңаша талаптарды жете ескеруді, жаңа технологиялық өзгерістерге әркез арқа сүйеуді қажет етеді. Сонда Қазақстанның жарқын келешегі заманауи инновациялармен үйлестіріліп, сапалы білім экономиканы қарқынды дамытудың басты шартына айналары сөзсіз. Болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білімі терең, ойы озық білікті мамандар даярлауда, яғни еліміздің кадрлық әлеуетін арттыруда орта білім беру жүйесі маңызды рөл атқаратыны еш талас тудырмайды. Соңғы жылдары бұл бағытта халықаралық білім беру кеңістігіндегі ықпалдастыққа айрықша назар аударылып, мұғалімдердің біліктілігі мен әлеуметтік мәртебесін көтеруге шындап ден қойыла бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм” Жолдауында мектептердің жұмысын жақсартудың кешенді шаралары белгіленіп, “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Осыған орай, арнайы басқару жүйесі енгізілетін болады. Бұдан бөлек, 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі. Демеушілер есебінен қаржы тарта отырып, үш жыл ішінде бұл білім ұйымдары толық жаңартылмақ. Мемлекет кепілді төлемдер үшін қыруар қаражат бөліп, оның ішінде 250 мыңнан астам бала оқитын жекеменшік мектептерге бюджеттен 134 млрд. теңге қарастырылған. Президент “Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық”, – дей келіп, барлық деңгейдегі оқу орындарына талапты күшейту, қабілетті жастарға баса мән беру міндеттерін қойды.
М.Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейдің күнделікті қызметінде толыққанды әрі тиімді жоспарлау, ұйымдастыру, басқарудың тәжірибеде орныққан тиімді тәсілдері кеңінен қолданылады. Жолдауда әрбір оқушының толыққанды білім алып, жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау, жаhандық ғылыми-техникалық даму барысын ескеру арқылы жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды барынша күшейту, еңбек нарығының жаңа сұраныстарына бейімделу тиістілігі, біздің күшіміз – жастардың білімінде екені айтылды. Ақынның атындағы білім ошағы жаңа ғимаратқа қоныстанған. 116 мұғалімнің 7-еуі – педагог-шебер, 23-і педагог-зерттеуші санатына ие. Бәрінің бір мыңнан астам оқушыны жеке тұлға ретінде қалыптастыру жолындағы қалтқысыз еңбегі атап өтуге тұрарлық. Зухра Ауғанбаева, Бақыт Жүзен (қазақ тілі мен әдебиеті пәндері), Бақытжамал Қанафина, Наталья Целуйко (тарих), Гүлмира Канапьянова, Сәуле Даниярова (орыс тілі мен әдебиеті), Алмагүл Садықова (музыка), Темір Сабыр (физика), тағы басқалары – түрлі деңгейдегі ғылыми байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Білім мен тәрбие берудің басты тетіктерінің бірі ретінде орныққан білім беру менеджментінің негізгі мақсаты саланың инновациялық мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану, үнемі алға жылжу, жаңашылдықтардан қалыспау болып табылады. Бірегей озық тәсілдің теориялық-әдіснамалық шарттары педагогикалық менеджменттің қызмет заңдылықтары мен ұстанымдарына, қалыптастырушы факторларына, жүйелілік, құзіреттілік, технологиялық, мектепті және педагогикалық үдерісті басқару тұжырымдамаларына негізделген. Оған үш рет республиканың ең үздік 100 мектебі қатарынан орын алуымыз, бірнеше мәрте қалалық білім бөлімінің “Құрмет кітабына” енуіміз дәлел.
Білім ошағы жаңа үлгідегі мектептер санатына жататындықтан, жалпы білім беретін мектептерге жетекшілік жасау – басым бағыттардың бірі. “Құзыреттілік” орталығының жұмысын жандандыруға белсене атсалысып келеміз. Бірнеше мектептің оқу-тәрбие жұмысының жүйелі түрде жоспарлануына, ұтымды ұйымдастырылуына, сапалық тұрғыдан жақсаруына нақты бағыт-бағдарлар берілді. Семинар, конференция, коучинг, әдістемелік алаң, шеберлік-сыныптары, “дөңгелек үстел”, стартап-студия, эксперттік сессиялар өткізіліп, тиісті бағдарламалар бойынша лонгридтер құрылды. “Жол картасы” аясында ұйымдастырылған шаралардың бірі – педагогтардың түрлі байқауларда жүлделі орындар алуына, тәжірибе алмасуға ықпал жасау. Менеджменттік жұмыстың талапқа сай атқарылуы кадрлардың сапалық құрамымен де таразыланады. Сондықтан жоғарғы деңгейдегі біліктілік өлшеміне әркез баса наза аударылады. Облыстық білім басқармасының ұсынысымен жүзеге асырылып жатқан “Қала – ауылға” жобасы шеңберінде Айыртау ауданының Қаратал, Аксёновка, Казанка мектептерімен екіжақты тәжірибе алмасу екінші жылға аяқ басты. Ең алдымен, туындаған мәселелермен жете танысып, проблемаларды бірігіп шешудің жолдары анықталды. Келесі кезекте ортақ жоспар негізінде онлайн және офлайн форматта кездесулер ұйымдастырылды, білім сапасына қатысты олқылықтардың орнын толтыру тетіктері ұсынылды. Тиімді ынтымақтастық жалғасып келеді.
Оқу мен тәрбие – біртұтас ұғым болғандықтан, құзыреттілік пен дағдыларды дамыту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, оқыту мен тәрбиелеудің алғышарттары “Толық адам” ілімі негізінде қарастырылады. Адам бойындағы адамгершілік ізгі қасиеттердің жиынтығын ата-бабамыздан бізге аманат болып жеткен құндылықтарсыз көзге елестету қиын. Өскелең ұрпақ тәрбиесінде ата-анамен қатар отбасының да рөлі ерекше екенін атап өткім келеді. Мұғалім, ата-ана, оқушы үштігі біртұтас болған жағдайда ғана мектеп жұмысы алға басады. Лицейде “Әжелер мектебі” мен “Әкелер клубының” шаралары дәстүрлі түрде өтіп тұрады. “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы аясында “Даналық мектебі” деп аталатын арнайы жабдықталған кабинет жұмыс істейді. “Ата-аналар қамқоршылық кеңесінің” жұмысы да белсенді.
Қазіргі таңда оқушының медиасауатты болуы – заман талабы. STEAM білім беру жүйесі білім алушылардың функционалдық, оқу және сандық сауаттылығын арттырудың бірегей құралы десе де болады. Әсіресе, ғылыми-зерттеушілік бағытындағы әдістемелік ұсынымдар арқылы толыққанды зерттеулер көбіне робототехникамен байланыстырылады. Лицей ІТ бағытына маманданғандықтан, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды жетік меңгеру және оңтайлы қолдану басты мақсаттарымыздың бірі саналады. Мына білім беру платформалары; “GoogleClassroom” оқу үрдісін ұйымдастыру, тапсырмаларды жариялау, материалдарды жіберу, онлайн-тестілеуде, “Zoom” онлайн сабақтар, конференциялар, вебинарлар өткізуде, “Microsoft Teams” топтар арқылы тілдесуде, бірлескен жобаларды талқылауда, контент жасауға арналған қызметтер ішінде, “Quizz”, “Testpad, Padlet”, “Kahoot” тест және викторина сұрақтарын құрастыруға кеңінен пайдаланылады. “SlidesGo, Gemini” нейрожелілерінде, “ChatGPT” ақпараттарды өңдеуде, “Canva” плакаттар, инфографика жасауда, “OpenAI Docs/Slides/Sheets”, “Pinterest”, “Flickr” түрлі тақырыптарға арналған коллекциялар мен картинкаларды, фотоларды жүйелеуде, “Robotics Kazakhstan” робототехника бойынша тренингтер, байқаулар, шаралар туралы ақпарат алуда, “Мозаик” 3Д көлемді фигуралар жасауға қолданылады. 2024-2025 оқу жылынан бастап әдістемелік нұсқау хат мазмұнына сәйкес, сабақ беруде, сабақтан тыс жұмыстарда жасанды интеллект (ЖИ) мүмкіндіктерін жете пайдалану көзделген. Жолдау талаптары шеңберінде мектепте информатика пәні мұғалімдері мен білім алушылар жасанды интеллект (AI) және ойындарды әзірлеу, оқыту бойынша (Game Development) қанатқақты жобаны сынақтан өткізуде. Курс алты айға есептелген. “Тренинг nFactorial” және “Omnium” жетекші IT мектептерінің басшылығымен өтеді. Оның қорытындысы бойынша әрбір қатысушы оқушылар мен педагогтарды бағдарламалау негіздеріне оқытуға мүмкіндік беретін сертификатты иеленеді.
Ұстаздар қауымы соңғы 3 жыл бойы “Lesson Study” зерттеу сабақтары мен “Action Research” педагогтың жеке іс-әрекетін зерттеу сабақтары негізінде тәжірибе жинақтап келеді. “Lesson Study” зерттеу сабақтары 16 топты қамтыған. Әр топқа 4 мұғалім бекітілген. Біреуі сабақ берсе, үшеуі А,В,С оқушыларын (не топтарын) бақылайды. Бұл жұмыс түрінен облыстық, республикалық деңгейде тәжірибе алмастық. “Өрлеу” БАҰО курс тыңдаушылары үшін семинарлар мен шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Ал “Action Research” зерттеуі бойынша әр педагогқа нақты зерттеу тақырыбы бөлініп беріліп, оқу-тәрбие мақсаттары “Байланыс” жобасы аясында жан-жақты ақпараттандырылады.
Білім алушылар – мектептің негізгі нысаны. Оқу мен оқыту жүйесіндегі әр оң қадам оқушылардың болашағы үшін жасалып жатқан әрекеттер екені сөзсіз. Осы себепті дарынды балалармен жұмыс жақсы жолға қойылған. Мектепішілік “Жас дәурен” оқушылар комитетінде тиімді басқарудың ережелері мен қағидаларын меңгереді. Оқушылардың ғылыми орталығы да осы бағытпен үндес. Араларында ғылыми жобалар байқауларының, пәндік олимпиадалардың, басқа да зияткерлік ойындардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары аз емес.
Кәсіптік бағдар таңдауда, талдау жасауда, маркетинг жолдарын қарастыруда, кез келген ұйымдық және ұжымдық іс-қимыл әрекеттерінде, сапалы білім мен ұлттық тәрбие беру үрдісінде стратегиялық менеджменттің мәні айрықша.
Бикеш КАСЕНОВА,
Мағжан Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің директоры.