“Өнер – қоршаған әлемді образдар арқылы суреттеу” депті аталған ұғымның анықтамасында. Демек өнер атаулының заты өмірдің өзінен де биік әрі көркем болуы керек. Егер біз өмірді дәл сол қалпы суреттесек, ол нағыз өнер емес, нәрсіз, сөлсіз натурализм болар еді. Көркем туындылардың ғасырдан ғасырға жетіп, адамзат санасында мәңгі жасай беруінің құпиясы да осында. Алайда осы бір алтын ережені жұртшылықты былай қойғанда, сол өнерді тудырушылардың өздері де білмей жататыны өкінішті. Егер біздің авторлар нағыз көркем туындының қадірін түсінсе бүгінгідей мәнсіз әндер көп болмас еді ғой.
Қазір қай жерде жүрсе де құлаққап арқылы қалаған әуенін тыңдайтын жастар көп. Көлікте де, көшеде де көретініміз осы. Бірде көшеде алыстан талып жеткен үн естідім. Не жедел жәрдем, не полиция көлігінің дабылы, не ән емес. Сол сәт музыканы бар даусына шыңғыртып қойған қара көлік қасымнан өте шықты. Әлгі дыбыстың осы көліктен шығып жатқан ән екенін сонда білдім. Ән дегенде де, сіз бен біздің ұғымымыздағыдай ән емес. Құлақты жарып жіберердей әуен мен сөздің жиынтығы ғана. Тыңдаған бірнеше секунд ішінде еңсені басып жіберерліктей ауыр дүние. Үрейімді ұшырған әлгі көлік алысқа ұзап кеткенше өз-өзіме келе алмай тұрдым.
Өнерде аты алға озып, шекараларды бұзатын шын таланттар да, көпке ілесіп, түрлі жолдармен танымал болуға ұмтылатындар да болады. Бұл – бұлжымас өмір заңдылығы. Бәріне уақыт төреші. Кімнің қай биікке жеткеніне келесі буын баға береді. Сол кезде кеше өзін жартықұдай сезініп жүргендердің есімі аталмай қалуы да мүмкін. Алайда бұл қай заманда да осылай екен деп жайбарақат жүруге болмайды. Талай жасты соңына ерткен ән көшін бүгін түземесек, ертең барымыздан айырылып қалуымыз ғажап емес. Бүгінгі танымал әндердегі олқылықтар мен оспадарлықтың көптігі қоғам назарын аударуды қажет етеді.
Сөз жоқ, қазіргі ән өнерінде өзіндік өрнегімен көзге түсіп, толымды туындыларымен тыңдарманның жүрегінен орын алып жүрген жастар бар. Бар әлемді аузына қаратып, еліміздің рухани потенциялын төрткүл дүниеге көрсеткен Димаш Құдайбергеннің өзі неге тұрады? Сол сияқты халықаралық деңгейде қазақ атын танытып, ән қасиетін жан-жүрегімен түсініп, ісіне жауапкершілікпен қарап, адал еңбек етіп жүрген өнерпаздар аз емес. Жастарымызға жігер беріп, жүрегіне ізгілік дәнін егуде осындай жандардың көп болғаны керек.
Жүрек тербетер әсем ән тыңдағанда ақын Кәкімбек Салықов:
Сыңғырлап бұлақ аққандай,
Кербез ән толқып сырғыды.
Жүрекке шырақ жаққандай,
Сайрады қазақ бұлбұлы, – деп тамсанған екен.
Алайда қазіргі орындаушылардың бәрі сыңғырлаған үн, кербез әнімен алға озып тұрмағаны өкінішті. Жеңіл-желпі дүниелердің жастар арасында танымал, сұранысқа ие болып тұрғаны да ұрпақ тәрбиесіне кері әсер етіп отыр.
Қазіргі ән мәтіндерінің тілі алашұбар. Қазақ тілінде баламасы жоқ сөзді сол қалпында пайдаланса, ештеңе емес қой, күнделікті көшедегі орыс тілін сол қалпы әнге айналдыру, арасына қазақша шумақтар тықпалап, қойыртпақ дүние жасаудан кім ұтатыны түсініксіз. Күнделікті көп адамның арасында болатын ауызекі әңгіме дәл сол қалпы киелі сахнаға шығып кеткен. Соңғы жылдары ағылшынша, тіпті түрікше сөздерді де қолданатындар көбейген. Сонда сөз жазғыш ақынсымақтар қазақ тілінің мүмкіндігіне күмән келтіре ме, әлде өздерінің өресі сондай ма? Шет тілінен сөз алғыштарға дәл сол шет тілінде “De gustibus aut bene, aut nihil” (не өте жақсы талғам болады, не ештеңе болмайды) дегің келеді. Сондықтан мұндай дүниелердің талғам ұғымына еш қатысы жоқ. Жеңіл ән жазу автор мен орындаушы талғамының ерекшелігінен гөрі мүлде жоққа саяды. Осындай әндерді тыңдағанда, бір мәтінде айтылғандай “бұл баланың әңгімесі қай тіл?” деп түсінбей қаламыз.
Бүгінгі хиттердің таза қазақша жазылған мәтіндерінде де қате көп. Тіпті кейбіреуін айтуға ауыз бармайды. Ал “бір соқсаң”, “келіп ап”, “күдігің қирайды”, “Жақсы құл боласың, бұрыс жолдан былай тұр”, “Ауышып алып қауышқан”, “быттидың”, “сенім талды” деген мысалдар бір шолып шыққандағы бірден көзге іліккен бергі жақтағы дүниелер ғана. Көркемсөздің зергері Ғабит Мүсіреповтің сөзімен айтсақ, терең індетіп, астарына барыспай-ақ “қармақсыз қолға іліккен” қателер. Бұл ретте мәтіннің мазмұны, көркемдік деңгейі мен эстетикалық құндылығы жайлы айтып жатудың өзі артық. Егер бұл талаптардың сүзгісінен өткізсек, “ертеңгі күнге анық қалуға жарайтын сөз” аз.
Қазіргі жастар жиі тыңдайтын әндердің тақырыптық аясы да тар. Жауапсыз махаббат, жылт еткен сезім, сатқындық пен сұмдықты сөз еткен бір-бірінен аумайтын әндер көп. Ондай әншілер өздерін сахнаға жаңа ой, ерекше идея алып шыққандай сезінеді. Алайда мұның бәрі соңғы бірнеше жылда әбден тап-таурын болған “ескі әуенге” айналды. Пессимизм, өмірден жалығу, айналадағылардан сырт айналу, көңілтолмаушылықты тақырып еткендер көп. Онсыз да ұнжырғасы түсіп жүрген жастардың бұдан кейін тіпті өмірден баз кешіп кетуі мүмкін ғой.
Қазіргі жас тыңдарманның көбі ойлы ән мәтінінен гөрі ыңылдап айтуға немесе билеуге ыңғайлы әуенге мән беретін сияқты. Ал ондай әуенді ойлап табу қиындық тудырмайды. Қазіргі заманауи бағдарламалар арқылы бірнеше сағатта әуен жазып шығуға болады. Осылайша кеше ғана біреудің аз уақытта құрай салған шығармасы көп өтпей біреудің көлігінде, біреудің құлаққабында ойналып жатады.
Қазір өнер кеңістігі еркін, бәсеке ашық болғандықтан, қандай да бір әнге тыйым салып, таратуға рұқсат бермей қою мүмкін емес. Бұл жағдайдан шығудың бір жолы – көрерменнің талғамын қалыптастыру. Егер жастарымыз ойлы, оқыған, мәдени құндылықтарға сусындаған болса, киелі сахнаны қор қылғандардың адымы қысқарар еді. Керісінше шын дарындар төрге шығып, қазақ өнері жаңаша дамитын болады. Жастарымыз ұсынған нәрсені сол қалпы қабылдай бермей, өзіне керегін, қымбатын алып үйренсе, көп өнерпаз ән деген қасиетті ұғымға басқаша қарай бастар еді.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.