«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мағжанның музасы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ғасыр жасаған актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Хабиба Елебекова Мағжанның поэзиясын ерекше сүйді. 100 жасқа таяған шағында да 40-тан аса өлеңін мүдірместен жатқа оқып отыратын. Сондай бір шабыт үстінде актриса ақын өмірі жайлы мөлтек сырды баяндап беріп еді. Ол сыр Мағжанға муза болған ару Гүлсім ханым хақында болатын.

Иә, ақын поэзиясына бойлаған адамның Мағжанның Гүлсім есімді қызға ғашық болғанын аңғармауы мүмкін емес. Мағжандай сұңғыла сезім иесінің жүрегіне шоқ салған сұлудың өмір дерегі және ақын екеуінің арасындағы махаббат хикаясы жайындағы актрисаның толғанысын таспаға ғана жазып қалдырмай, санамызға тоқып алып едік сонда.

Гүлсім Кемалова – татар қызы. 1914 жылы Петербургтегі ақсүйек қыздардың педагогикалық институтын бітірген. Бірінші дүниежүзілік соғысқа “шафқатлық тәтесі” (медбике) болып қатысқан. Елге қайтқан соң әкесі башқұрт азаматы Мичуринге қосады. Қызылжарға мұғалім болып келген сұлу келіншекке деген ақын сезімі ең алғаш “Гүлсім ханымға” деген өлеңінде бедерленеді. Өлең тарихы мынадай: 1920 жылы Омбыдан Қызылжарға көшіп келген мұғалімдер курсында Мағжан әрі директор, әрі мұғалім болып қызмет етеді. Сол кезде Башқұртстаннан Мичурин деген ауқатты кісі жақында ғана үйленген Гүлсім есімді жас әйелімен көшіп келеді. Келе сала Гүлсім бірден Мағжан басқаратын курсқа математикадан сабақ беретін мұғалім болып орналасады.

Гүлсім келген күннен бастап асқан сұлулығымен, оның үстіне ерекше тәкаппар мінезімен жұрттың көңілін өзіне аударады. Ол ешкімге сәлем де бермей, берген сәлемді де алмай, тіп-тік кіріп, тіп-тік шығып кетеді екен. Бір күні Мағжан оқытушылар бөлмесіне кіріп келсе, Гүлсім үстелдің жанында жалғыз өзі отырады. Сырттан енген ақынға селт етіп қарамайды да. Мағжан Гүлсімге қарама-қарсы отыра қалады. Бірдеңе айтқысы келіп оңтайлана бергенде, үй сыпырушы татар әйел кіріп келіп: “Гүлсім ханым, сізді телефонға шақырады”, – дейді. Гүлсім шығып кетеді. Мағжан үстелдің үстінде қалып қойған Гүлсімнің қалың дәптерін көреді. Дәптерді алады да, оның бір бетіне табан астында шығарып “Бота көз, сиқырлы сөз Гүлсім ханым” деп басталатын 8 жол өлеңді жазады. Сәлден соң Гүлсім бөлмеге қайтып кіріп: “Мағжан мырза, мені қожам шақырып жатыр, рұқсат етсеңіз қайтайын?” деп келісімін алып үйіне қайтады. Ертеңінде Мағжан басқа мұғалімдермен дәлізде келе жатса, ғимаратқа Гүлсім кіріп, топқа қарама-қарсы жүреді. Әдетте жан адаммен тілдеспейтін, сәлем бермейтін паң Гүлсім: “Сәлеметсіз бе, құрметті Мағжан мырза?!” деп қастарынан өте шығады. Сол күні сабақ біткеннен кейін Мағжан Гүлсімге келіп: “Гүлсім ханым, сізді орта жолға дейін шығарып салуға бола ма?” деп сұрайды. Сонда сұлу: “Жоқ, мырза, орта жолға дейін емес, жолдың аяғына дейін шығарып салуыңызға болады!” – деп жауап береді.

Кейіннен Гүлсім Мағжанға былай деп хат жазады:

Жүрәклар тәңірісі отлы!

Көзіңнің шағласын меннан.

Көшір бір өзге алгулға,

Сиқырлы йылдызым, тездан!

Әйелінің Мағжанмен қарым-қатынасын сезген Мичурин Қызылжардан көшіп кетеді. Ол тіпті Мағжанды өлтірмекші де болады.

Гүлсім ханым кетіп қалған соң:

Білдім: бүгін мені тастап кетесің,

Күміс көбік Ақ Еділден өтесің.

Бота көзім, өлтіріп кет қолыңнан!

Тірі тастап кетіп мені нетесің?!.

– деп сезім сергелдеңіне түскен ақын “Кетіпсің Қызылжардан, ханым Гүлсім”, “Айырылғанда”, “Гүлсімге”, “Г…ге”, “Тірілдім”, “Сүй, жан сәулем” деген сынды бір топ өлеңдер циклын жазады. Бұл деректерді кейін сөз зергерінің кітабын құрастырушы Х.Абдуллин мен Б.Дәрімбетовтің зерттеу еңбектерінен де жолықтырдық.

Жалпы Мағжан Жұмабаев туралы өмірбаяндық мәліметтерге үңілгендегі біздің байқағанымыз, ақынның неке-отбасылық тағдырының қайғы-мұңға, қайшылыққа толы болғандығы. Екі рет үйленген. Алғашқы қосағы Зейнеп 1919 жылы 10 ақпанда толғақ үстінде қайтыс болады. Зейнептен қалған Граждан есімді сәби де араға жыл салып қатыгез ажалдың қармағына ілігеді. Кейін әкесі Бекеннің ұйғаруымен Қызылжарда тұратын Дәули Қуанышбаевтай ауқатты адамның Жәмила деген қызына құда түседі. Бірақ қалың малының төленіп қойғанына қарамастан, Мағжан жүрек үніне құлақ асып, қызылжарлық башқұрт байы Хасанның жесірі Зылихамен бірге Уфа, Челябі, одан әрі Ташкент асады. Өмірінің соңына дейін Зылихамен бірге болады.

…Сөйтіп арада бірнеше жыл өтеді. Ол уақытта Мағжан Мәскеуге қоныс аударған болатын. Бірде ақын жары Зылиха екеуі қоғамдық көлікте кетіп бара жатып, баяғы өзі сүйген сұлу Гүлсімге ойда-жоқта кездесіп қалады. Бірақ бір-біріне ләм деуге шамалары келмейді. Дәл сол кезде трамвай келіп тоқтайды да, ғашықтар жолы екіге айырылады. Мәңгілікке… Содан қайтып кездеспейді.

Назерке ЖҰМАБАЙ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp