Ақша – экономиканың ең басты өлшемі. Өндірілген тауар, көрсетілген қызметтің құны ақша арқылы анықталады. Кәсіпорыннан бір ине шығарылса да оның нарықтағы бағасы белгіленеді. Басқаша айтқанда экономика ел дамуының күретамыры болса, ақша – оның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп тұрған басты ресурс.
Қаржы – басқаруы қиын экономикалық құралдардың бірі. Қазіргідей қиын кезде қолда барды еселеу емес, сол қалпын сақтап қалу да оңайға соқпайды. Осы шаруаның бәрін ұршықша иіріп, есеп-қисаптан жаңылмай, ел қазынасының сақшысы болып келе жатқан қаржы саласы мамандарының жұмысы құрметке лайық.
Халықтың жайлы тұрмысы мен әл-ауқаты ел қазынасының кіріс-шығысына байланысты. Қаржының қай салаға қанша мөлшерде жұмсалатыны, уақытында игерілуі қашан да қоғам назарында. Өңірде бұл жұмыстарды облыстық қаржы басқармасының мамандары атқарып келеді. Басқарма қызметі облыс аумағында бюджеттің атқарылуын бақылау, қаржыны басқаруда мемлекеттік саясатты қалыптастыру және жүзеге асыруға бағытталған.
– Осы жылдың үш тоқсанында облыс қазынасына 89,5 млрд. теңге қаржы түсті. Оның 37,4 млрд. теңгесі аудандарға бағытталып отыр. Біз бөлінген қаржының уақытылы игерілуіне де талдау жүргіземіз. Тоғыз айда өңір бюджетінің 52 млрд. теңгесі, қала, аудан бюджеттері 107 пайызға игерілген. Алайда бөлінген қаражаттың тиісті бағытта жұмсалуы кешеуілдеп жататын жағдайлар да кездеседі. Қазан айының басындағы жағдай бойынша 6,88 млрд. теңге игерілмеген. Оның 6,39 млрд. теңгесі – Ұлттық қордан бөлінген ақша. Көп жағдайда жобаларды жүзеге асырудағы әкімшілік бақылаудың жоқтығынан жоспар уақытында орындалмай жатады, – дейді басқарма басшысы Наталья Дышкант.
Бұл күні сала мамандары, бюджетке жауапты мемлекеттік қызметшілер, қаржыгерлер мен банк қызметкерлері өз кәсіби мерекесін атап өтеді. Қаржы қызметкерлері күні барлығы үшін ортақ мереке. Осы ретте елдің ақшасын сақтап, халықтың сеніп тапсырған аманатына жауапкершілікпен қарап жүрген екінші деңгейлі банк қызметкерлері де ескерусіз қалмауы керек. Бүгінде жұртшылықтың бір ғана қосымша арқылы аударым жасап, депозит ашып, сауда жасап, тіпті құнды қағаздар сатып алып, мемлекеттік қызметтерге қол жеткізіп отырғаны елдегі банк жүйесінің елеулі жетістігі саналады. Жылдағы үрдіске сай облыс орталығында екінші деңгейлі банк қызметкерлерінің басын қосқан шара өтті. Мерекелік шараға жиналғандар арнайы сыйлықтарға ие болды.
– Іс-шараға “ForteBank”, “Қазақстан Халық Банкі”, “Отбасы банк” және “Банк ЦентрКредит” сынды қаржы ұйымдарының мамандары келді. Негізгі мақсат – сала қызметкерлерін мерекемен құттықтап, көтеріңкі көңіл күй сыйлау. Аздаған жыл ішінде еліміздің банк жүйесі жетіліп, жаңа деңгейге жетті. Кәсіби мерекеге орай жиналғандар арасында шағын байқау өткізіп, жеңімпаздарға құнды сыйлықтар табыстадық, – дейді шараны ұйымдастырушылардың бірі Анжелика Белескаева.
Қаржы саласы қызметкерлері күнінің 15 қарашаға қойылуы да тегін емес. Өйткені, 1993 жылы дәл осы күні еліміздің ұлттық валютасы айналымға енгізілген. Содан бері төл теңгеміз тәуелсіздігіміздің айғағы, экономикалық еркіндігіміздің кепілі болып келеді. Мемлекетіміздің әлеуеті теңгенің тұрақтылығы мен валюта нарығындағы құнына байланысты. Қазақстанда өндірілген әр тауар теңгемізді қуаттап, бағасын арттырады. Жеке валютамыздың сәтті қолданысқа енгізілуі – еліміздің егемендік жылдарындағы елеулі жетістігі.
– Валютамыздың теңге деп аталуында да үлкен мән бар. Бұл – көшпенділер өркениеті кезінде пайда болған сөз. Бірнеше ғасыр бұрын қазақ даласындағы көне шаһарларда теңге соғу өнері қарқынды дамыған. Қалалардың жұрттарынан ескі теңгелер жиі табылады. Қазақтың “теңге ілу” ойыны да бұл сөзімді айғақтайды. Тіпті кей тарихшылар орыстың “деньги” сөзінің шығуын да теңгеге апарып тірейді. Даламызда билік құрған әр билеуші өз теңгесін соқтырып отырған. Бұл өнер, әсіресе, Алтын орда кезеңінде өркендеді. 1993 жылы ақшамызды “сом”, “алтын” деп атау туралы ұсыныстар болды. Алайда теңге ұлттық валютамыздың өткенмен сабақтастығын көрсететін атау еді. Содан бері ақшаның құны да, дизайны да көп өзгерді. Бүгінде қазақ теңгесі әсемдігі, қауіпсіздігі жағынан да дүниежүзінде алдыңғы сатыда, – дейді Назарбаев зияткерлік мектебі тарих пәнінің мұғалімі Сарыхан Кәрімжанұлы.
Теңге дегенде ойға Оралхан Бөкейдің “Бес тиын” әңгімесі оралады. Туындыда ауылдың есеп-қисабына жауапты Зәкең атты кейіпкер туралы айтылады. Жұмыс тәртібінен жаңылмай, өз ұстанымынан айнымайтын жанды біреулер қызметінен түсірмек болып ауылға тексеріс шақырады. Тексерушілер ақша айналымын ары санап, бері санап небәрі 5 тиын ғана жетіспейтінін анықтап, бастарын шайқайды. Келгендердің бәрі есепшінің тыңғылықты жұмысын мақтасып жатқанда Зәкең әлгі жетіспейтін 5 тиынның есебін ойлаумен болады. Ақыры балтамен үстелінің тақтайын ашып қалғанда арасынан 5 тиынын тауып, көңілі орнына түседі. Қарашада меншікті мерекесін атап өтетін қаржы мамандарының бәрі де елдің сеніп тапсырған ақшасына осы Зәкеңдей тиянақты қарап, тиынына дейін игілікті іске жұмсаса дейміз.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.