Өңірде медициналық қызметке қатысты түсетін шағымдардың 80 пайызы емханалардың жұмысына байланысты. Өткен 10 айда өңірдің 339 тұрғыны 1414 call-орталығына жүгінген. Олардың көпшілігі көрсетілген медициналық қызмет сапасына шағымданған.
“Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Айнагүл Дәулетшинаның сөзінше, келіп түскен шағымдардың 131-і медициналық қызмет сапасының төмендігіне, 86-сы медициналық көмек көрсетуге, ал 37-сі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуден бас тартуға және 22-сі медициналық қызметті ұзақ күтуге қатысты болған. Сондай-ақ тұрғындар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС), емханаға тіркеуге қатысты, ақ халаттылардың әдеп қағидаларын бұзғаны жөнінде шағымданған.
– Талдау көрсеткендей, шағымдардың басым бөлігі алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін емханалардың жұмысына байланысты. Бұл барлық шағымдар мен өтініштердің шамамен 80 пайызын құрайды. Сондай-ақ кеңес алу үшін филиалға жүгінгендер қарасы көп. Мысалы 10 айда 3296 тұрғыннан өтініш келіп түссе, олардың 600-ге жуығы филиалдың азаматтарды қабылдау бөлмесіне жүгінген, – деді “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Айнагүл Дәулетшина.
Жалпы облыстағы 539 487 тұрғынның 457 291-і міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.