«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТАНДЫҚ ТАРИХТЫҢ БІЛГІРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Есімі берісі республика, әрісі шетелге жақсы танымал ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, теңеп айтсақ, атағы­нан ат үркетін Бүркіт Ғелманұлы Аяған әлі сиясы кебе қоймаған “Қазақстан тәуелсіздігі – мен үшін бақыт. От пен жалын шарпыса да…” атты өмірбаяндық естелігін­де былай деп жазады: “Менің ес­телік кітабым бір адамның мақса­ты мен арманын, жүріп өткен өмі­рін сипаттайтын шығар? Бірақ мен де “халық” деп аталатын үл­кен топтың бір мүшесі ретінде елімнің азаматымын, оның кеше­гі­сі мен бүгінгісіне және болаша­ғына немқұрайлық танытпайтын­дардың бірімін” деп ағынан жары­лады. Бүкеңнің кәсіби тарихшы ре­тінде өсу, қалыптасу, толысу ке­зеңін кіндік қаны тамған, алаңсыз балалық шағы өткен шалғайдағы шағын ғана Ақтас ауылынан бө­ле-жара қарауға болмайды. Ас­қар тау әкеден ерте айрылу, аяу­лы анасына қолғанат болмақ та­лабы қабырғасы қатпаған, ойы то­лыса қоймаған ойын баласын қа­тарластарынан бұрын есейтті. Өмір ағынына қарсы жүзе оты­рып, ысылды, тек өз күшіне сене алатын мінез қалыптасты. Әсіре­се, әдебиет пен тарих пәндеріне деген ерен құштарлығы мектеп қабырғасында жүргенде оянып, алдына тарихшы болсам деген айқын мақсат қоя бастады. Кей-кей­де өзін көк аспанда әрлі-берлі жүйткитін әскери ұшқышша елес­тетіп, әйтеуір бір сиқырлы құдірет өзіне баурап алатын. Сол кездегі спортқа, оның ішінде футболға және кітап оқуға деген сүйіспен­шілігі өмір сүру ұстанымына ай­на­лып, әлі күнге дейін сол дағды­сынан жаңылған емес. Абай атын­дағы Қазақ педагогикалық институтында оқыған жылдар та­биғатынан сезімтал да арман­шыл албырт жастың өмірін мағы­на­лық жағынан түбірінен өзгер­тіп, ойлау жүйесін шыңдады, ло­гикалық дүниетанымын кеңейтті, зерттеушілік талабын қанаттан­дырды. Институт табалдырығын аттаған кезден бастап ауылда үш баламен қалған анасының “жақ­сы оқы, білім ал, адам қатарына қосыл” деген аманатын естен шы­ғармады. Кейбіреулер сияқты өт­кенге өкініш білдіріп, күйректікке салынған жоқ. Бойына жүре ор­ныққан күрескерлік қасиет оны студенттік ортаның алаңсыз тір­лігінен, сауық-сайранынан гөрі кі­тапханалар мен мұрағаттар, қо­ғамдық жұмыстарға көбірек жете­леді. Тарих факультетінде майын та­мы­зып дәріс оқитын Қадыршат Шүлембаев сияқты ғұлама про­фессорлардың әр лекциясын қалт жібермейтін. Киіктің асығын­дай ғана қағылез келген, сөзі де, ісі де шапшаң ғалым И.Копылов­тың археология мен ежелгі әлем жайлы толғаныстарын қыбыр ет­пей тыңдайтын. Студент кезінде атақты Н.Бернштам экспедиция­сының құрамында жазғы экспе­дицияларға шыға бастауы ғы­лым­ның қия жолындағы алғашқы қа­дамы болды десек қателеспей­міз. Қ.Ақышев, К.Байпақов сы­қыл­ды тарих саласының кори­фей­лерінен тәлім-тәрбие алуы, “Алтын адам” реставраторлары В.Садомсков пен Қ.Итеновпен кез­десулері – өз алдына бөлек әң­гіме. Жасыратыны жоқ, ақбас Ала­тау баурайында орналасқан ең­селі жоғары оқу орнын “қызыл дип­ломмен” бітірген түбіт мұртты боз­баланың есіл-дерті өзін ауылда сағынышпен тосып отырған ана­сы мен бауырларына оралу еді. Тіпті факультет деканының оқы­ту­шылық қызметке қал деген ұсы­нысына да көнбес еді, анасының рұқсат еткен бір ауыз сөзі оның тағдырын мүлдем басқа арнаға бұрып жіберді. Институт комсо­мол комитетінің хатшылығына сайлануы, оқытушылық пен ғы­лымды қатар алып жүруі “қайта құру” саясатымен тұспа-тұс келіп, алпауыт мемлекеттің боданында болған елдердің егемендікке ұм­тылуы, бір партиялық жүйенің құл­дырауы, С.Ақатаев, М.Есена­лиев, М.Тәтімов сынды түрлі ұлт­тық қозғалыс-бірлестіктерге же­тек­шілік еткен зиялы қауым өкіл­дерінің құнды еңбектері идеялас қазақ жастарының демократия­лық қоғам құруға деген сенім отын жағып, сансыратқан сананы дүр сілкіндірді. Оның соңы сталиндік ре­жімнің қылмыстарын ашуды мақ­сат тұтқан “Ақиқат” саяси клу­бының құрылуына ұласып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, Қазақстанның егемендігін жария­лау әрекеттері күн тәртібіне ба­тыл қойыла бастады. Қазақтың жас ғалымдары мен саясатқа енді араласа бастаған отаншыл жі­гіттер құрған “Ақиқат” бейресми ұйымы оралымды ойларымен қо­ғамға кеңінен танылды. Бастап­қыда іс-әрекеттер жасырын жүр­гізілсе, сосын жылдар бойы тұм­ша­ланып келген ақиқаттың тома­ғасының сыпырылуы сол екен, “коммунизм” идеологиясына ашық қарсылық танытушылар қа­та­ры күрт көбейіп сала берді. Құ­лағы түрік “жансыздардың” аңду қимылдары күшейтілгеніне қара­мастан Алаш көсемдерінің есім­дері, олар туралы ақпараттар, ала­пат аштық, саяси қуғын-сүргін, шетелдегі қазақ диаспора­сы, экономикалық дербестік мә­селелері санаға сіңіріліп, мекеме­лерде, жұмысшы-жастар арасын­да кеңінен түсіндірілді. Ұйымның қатары бүгінде есімдері қалың жұртшылыққа кеңінен мәлім Жа­сарал Қуанышалин, Зайлағи Кен­жалин, Камал Бұрқанов, Жап­сарбай Қуанышев, Дос Көшім, Әзімбай Ғали, Алтынбек Сәрсен­баев, Асқар Жұмаділдаев, Дар­хан Мыңбай сияқты озық ойлы өкілдермен толықты. Телеха­барларды “Қазақстан” телеарна­сының журналистері жүргізді. Бал­тық елі республикалары Алаш та­рихымен таныстырылып, Ұлы­британияда шыққан, КСРО-да басылмаған “Қазақтар орыстар туралы” жинақ таратылды.

Бүкең – сол кездегі саясаттан ықпай, 1986 жылғы Желтоқсан кө­терілісін жан-тәнімен қолдаған­дардың бірі. Алаңға жиналып, әкімшіл-әміршіл жүйеге өз қар­сылықтарын білдірген өрімдей ұл-қыздардың арасына барып, олардың болашағына қатты алаң­дады. Жан жары Зәуреш екеуі Мәскеудегі КОКП Орталық Комитетіне ренішке толы хат жазғандарын, қайта құру саяса­тына күмән келтірген көзқарас­тарын ашық білдіргенін біреу бі­лер, біреу білмес. Институт ұжы­мымен кездесуге ҚП ОК-ның хат­шысы З.Камалиденов келіп, “ұлт­шыл”, “маскүнем”, “нашақор” сияқ­ты намысқа тиетін былапыт сөз­дерін еш дәйексіз қарша бо­ратқанда Бүкең “Сіз не айтып тұр­сыз, ол айыптау ғой. Мәселе би­ліктен басталады”, – деген жана­шуын бір жапырақ қағазға жазып, жіберген. Оны оқыған “Вот где сидят националисты!” – деп ыз­ғарлана тіл қатып, онсыз да қара­сұр адамның қап-қара болып түті­гіп кеткенін көрген. Ол кезде әлі де қылышынан қан тамып тұрған билікке қарсы сөз айту – үлкен ерлікпен пара-пар еді.

Орыс жазушысы А.Солже­ни­цынның жұртшылықтың орын­ды ашу-ызасын тудырған “Как нам обустроить Россию?” атты аран­да­тушылық мақаласына жауап ретінде республикалық “Ле­нин­ская смена” газетінің бетінде “Прек­ло­ните голову перед слезой ре­бен­ка и гений, и герой” деген өт­кір мақаласын жариялап, оқыр­ман­дар тарапынан зор қолдау тап­ты. Мерзімді басылымдарда жа­рық көрген уақытпен үндес публи­цистикалық шығармалары кейін “Қазақстан мемлекеті: қо­ғам­дық жүйелердің дамуы” кіта­бы­на топ­тастырылып, басылып шықты.

Бүркітбай Ғелманұлын қазіргі заман тарихынан басқа ежелгі және орта ғасыр тарихы ерекше қызықтырды. Соның бір дәлелі– “Қазақ хандығы тарихы: құрылуы, өрлеуі, құлдырауы” деген тақы­рыппен ұжымдық монография­ның жарық көруі. Материалдар тақырыптар бойынша жіктеліп, жан-жақты зерттелді. Бүкең 10 сы­ныпқа арналған “Қазақстан тари­хы” оқулығының авторы ретінде де белгілі. Докторлық диссертациясы Қазақстанның 1970-1990 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси мә­селелеріне арналды. Президент аппаратында кеңесші, сектор меңгерушісі, бөлім басшысының орынбасары лауазымдарында тә­жірибелі де іскер маман ретінде өзін көрсете білген оған 2004 жылы “Қазақ энциклопедиясы” ЖШС-ның бас директоры-бас ре­дак­торы қызметі сеніп тапсыры­лып, ұжым­ның жұмысы жаңа қы­рынан жан­данды. Озық жобалар жүзеге асы­рылып, энциклопе­дия­ның 10 том­дығы, төрт томдық “Қазақ­станның иллюстрация­ланған та­рихы” жа­рық көрді. Бір­қа­тар туындылар ағылшын тіліне аударыл­ды. Мем­лекет тарихы институ­тының тұң­ғыш басшысы ретінде қысқа мер­зім ішінде қа­лыпта­суына отандық тарихтың ең өзекті тақырыптары бойынша он­да­ған моногра­фиялар мен оқу­лық­тардың дайын­далуына, тың әдіснамалық тәсіл­дер мен прин­циптердің орны­ғуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Бү­кең – шетелдік мұрағаттарда, оның ішінде әлемге әйгілі Гувер мұрағаты мен Нидерландының Корольдік мұ­рағатында өнімді жұ­мыс істеп, Қазақстанға қатысты табылған құнды жәдігерлер мем­лекеттік мұ­рағатқа тапсырылды. Тақырып­тар мен деректерге терең бой­лап, зерделі зерттеулер жазыл­ды, ғылыми-конференциялар, “дөңгелек үстелдер” ұйымдасты­рылды. Ерекше ша­быттан туған маңызды еңбектің бірі Ұлық Ұлыс Алтын Орда та­рихына арналып, жаңа тұжырым­дармен ерек­шеленеді. Моно­графияға “дәріс­тер курсы” тәсілі таңдап алынып, қазақ және орыс тілдерінде тез таралып кетті.

Бүркітбай Ғелманұлы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның бел­ді мүшесі ретінде сталиндік ре­жімнің қылмыстарын әшкерелей­тін 70 томнан астам құжаттың та­рихи айналымға енуіне сіңірген еңбегі айтарлықтай. Түркістанның ор­талық бөлігін қалпына кел­тіру та­рихы бойынша кеңесші бола жүріп, қазақ хандығы мен қа­зіргі заман тарихын үйлестіру ба­ғы­тында айтқан ұсыныстары қа­был алынды. 2021-2024 жылдар ара­лығында ондаған ұжымдық мо­нографиялар мен ғылыми бағдарламаларға жетекшілік етті.

Бүкең хан болсын, қара бол­сын, әркез ойын ашық айтады, іркіліп қалмайды. Ақордада өткен кездесулердің бірінде Қазақ хандығының негізін қалаушылар – Керей мен Жәнібекке ескерткіш орнату қажеттігін алғашқылар­дың қатарында алға тартқан. Ұсы­ныс биліктің назарын аударып, үш жылдан кейін монументтің бі­рінші нұсқасы жасалып, алып ес­керткіш бой көтерді. “Керей мен Жәнібек үлкен шайқастар мен жорықтар жасап, мемлекет құрған­дықтан, хандардың артында сар­баздар сапта тұрса, артық етпес еді”, – деген пікірін де айтқан. Бү­гін­де ескерткіш Астанаға ерекше келбет беріп тұр. Мұндай мысал­дар аз емес.

Жетпістің төріне озған қоғам қайраткері, білікті басшы, айтулы ғалым, Солтүстік Қазақстан об­лы­­сының құрметті азаматы, мем­лекеттік марапаттары бір басына жетерлік Бүркіт Ғелманұлы Аяған іргелі ғылыми зерттеулерімен отандық тарих ғылымын әлемдік деңгейде танытуға сүбелі үлесін қосып келеді.

 Өмір ЕСҚАЛИ,

 “Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp