Қазақстанда халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар жеңімпаздарын қолдау бағытында маңызды норма қабылданды. Енді жеңімпаздар “Болашақ” халықаралық стипендиясы бағдарламасы аясында бакалавриат деңгейінде білім алу мүмкіндігіне ие бола алады. Тек бағдарлама талаптарына сәйкес болуы керек. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі жазбасында мәлімдеді.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұл түзету – талантты жастарды қолдауға арналған маңызды шешім. Бұрын “Болашақ” бағдарламасы тек магистратура мен докторантура деңгейіндегі оқуды қаржыландыратын. Дегенмен, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жеңімпаздары үшін бұл талаптар қиындық туғызған. Әлемнің жетекші университеттері мұндай дарынды балаларға бірден бакалавриатқа гранттар ұсынатындықтан, көптеген талантты жас шетелге кетіп, сол жақта тұрақтап қалатын.
“Біз оларға осындай қолдау көрсете алмадық. Көпшілігі шетелде оқып, сол елдерде тұрақтап қалып жатты. Бұл жағдай мемлекетіміздің интеллектуалды әлеуетіне кері әсерін тигізетін”, – деді депутат.
Жаңа норма осы мәселені шешуге бағытталған. Енді Қазақстанның дарынды жастары бакалавриат деңгейінде “Болашақ” бағдарламасы арқылы әлемнің үздік университеттерінде білім ала алады. Бұл олардың елге оралып, өз білімін Қазақстанның дамуына бағыттауына мүмкіндік береді.
Асхат Аймағамбетовтің пікірінше, дарынды оқушыларды мемлекеттік деңгейде қолдау – бұл тек олардың болашағына салынған инвестиция ғана емес, сонымен бірге елдің стратегиялық дамуына бағытталған маңызды қадам. Мұндай қолдау арқылы мемлекет талантты жастардың шетелде білім алу мүмкіндігін арттырып қана қоймай, оларды Қазақстанда тұрақтандыруға жағдай жасайды.
Бұл түзету тек білім беру жүйесіне ғана емес, жалпы мемлекетке ұзақ мерзімді стратегиялық пайда әкелмек. Қазақстанның талантты жастары енді шетелдік жетекші университеттерден сапалы білім алып, инновация мен ғылымның жаңа бағыттарын меңгеріп келеді. Олар алған білімдерін елдің әлеуметтік және экономикалық дамуына бағыттай алады.
Дарынды жастарды шетелде сапалы біліммен қамтамасыз ету арқылы мемлекет ұлттық кадрлар қорын арттыруды көздейді. Әсіресе, әлемдік деңгейде сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алған жастар елдің ғылымын, технологияларын және экономиканы жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік алады.
Бұл жаңалықты қоғам да жылы қабылдап отыр. Білім саласының мамандары мен ата-аналар аталған өзгерісті Қазақстанның білім беру саласындағы үлкен жетістік ретінде бағалауда. Осылайша “Болашақ” бағдарламасындағы бұл жаңашылдық елдің интеллектуалды ресурсын сақтауға, талантты жастарды қолдауға және олардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған ауқымды бастама болып табылады.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.