Жуырда Албания астанасы Тиранада өткен әлем чемпионатында жерлесіміз Нұрқожа Қайпанов алтын жүлде еншілеп, ел мәртебесін асырған болатын. Чемпионды бала кезінен баптап, күрестің қыр-сырына үйреткен – Аян Бейсембаев. Қазақстан Республикасының құрметті жаттықтырушысымен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.
– Аян Серікұлы, білікті бапкер болу үшін мықты спортшы болу міндетті ме? Өзіңіз спортпен қай жастан айналыстыңыз?
– Мен – Аққайың ауданы, Үлгі ауылының тумасымын. Облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне 9 сыныпта келіп түстім. Кейін Солтүстік Қазақстан кәсіптік педагогикалық колледжінде оқып, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да білімімді шыңдадым. Оқуды тамамдаған соң өзім түлеп ұшқан спорт мектебіне жаттықтырушы болып жұмысқа орналастым. Қазіргі таңда спорт интернатта еркін күрес бағытында 35 бала жаттығады.
Сонымен қатар Жоғары спорт шеберлігі мектебінде де жұмыс істеймін. Ол жерде 8 шәкіртім бар. Осы күнге дейін көптеген дарынды балуандарды тәрбиелеп шығардым. Жастар мен жасөспірімдер арасында ел чемпиондарын, Азия біріншілігінің жүлдегерлерін даярладым. Мысалы 2016 жылы Филиппиннің Манила қаласында жастар арасында өткен Азия чемпионатында шәкіртім Еркебұлан Боранғалиев еркін күрестен 50 килограмм салмақта жеңімпаз атанды. Жастар арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері Шәріп Самрат бар. Мектебіміздің түлегі Ислам Евлоев та 82 келіде грек-рим күресінен жастар арасында әлем чемпионы атанды. Дегенмен, шәкірттерімнің арасында ең биік шыңды бағындырған – Нұрқожа Қайпанов.
– Еркін күрестен ел тарихында тұңғыш алтынды жерлесіміз Ризабек Айтмұқан алғаны белгілі. Бұл жетістікті Нұрқожа Қайпанов қайталады. Шәкіртіңіз әлем чемпионы атанған сәтте қандай сезімде болдыңыз?
– Нұрқожа облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне 7 сыныпта келді. Содан бері 15 жыл жаттықтырып келемін. Баланың күреске деген қабілетін бірден байқауға болады. Нұрқожаны алғаш көргенде көзіндегі жалынды, бойындағы қайсарлықты аңғардым. Ол да өзін жақсы жағынан көрсете білді. Әрине жас болған соң тентектігі де болып тұратын. Нұрқожа өте еңбекқор. Боз кілемде шеберліктен бөлек, жігер де керек, әрі жүйкенің мықты болуы маңызды.
Нұрқожаның ең алғашқы жүлдесі – облыс чемпионы атанғаны. Одан кейін Түркістан қаласында өткен біріншілікте ел чемпионы атанды. Содан бері қатысқан барлық жарыстарында биіктен көрініп жүр. Тек 2023 жылы Алматы қаласында өткен ел чемпионатында жеңіліп қалды. Бұл үлкен сабақ болған сияқты, себебі содан кейін ұтылып көрмеді. Керісінше жігерленіп, қателіктерімен жұмыс істеді. Азия чемпионаттарының 70 және 74 келі салмақтағы екі дүркін чемпионы атанды. Негізгі мақсаты – Олимпиада чемпионы атану. Әзірге әлем чемпионы деген атақ та жаман емес. Соңғы жарысқа біз үш ай көлемінде дайындалдық. Ол физикалық әрі моральдық-психологиялық тұрғыдан дайын болып аттанды, әрі алтын алатынына өзі сенімді болды. Жастайынан көз алдымда өскендіктен оның жүріс-тұрысынан, көзқарасынан-ақ сенімділікті байқадым.
Әлем чемпионатында финалға дейінгі белдесулерінде – 1/16 финалда Митчелл Луис Файнсильверді 9:0 есебімен жеңсе, 1/8 сынында Николай Грахмезді 14:2 ұпайымен тізе бүктірді, 1/4 финалда Акаки Кемертелидзені 12:2 есебімен қапы қалдырса, финалға жолдама берілетін жартылай сында Абдулмажид Кудиевтен 13:2 нәтижесімен айласын асырды. Финалда жапондық Есиносукэ Аоягимен белдесіп, 5:3 есебімен жеңіске жетті. Жапондық балуан UWW рейтингінде 4-ші орында тұрса, Нұрқожа 21-ші сатыда еді, алайда бұл айырмашылық балуанның жеңіске жетуіне кедергі келтірмеді. Шәкіртімнің бағы мен бабы қатар шауып, жеңіс тұғырының ең биік шыңына шыққандағы сезімімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әрине, қатты қуандым. Шәкіртінің жеткен жетістігі – жаттықтырушы үшін үлкен абырой. Нұрқожаның болашағы зор. Алда талай жеңістеріне куәгер боласыздар деп сеніммен айта аламын!
– Нұрқожа бірнеше жыл бұрын үйленгенін, зайыбы да күреспен айналысатынын естідік. Осы рас па?
– Иә, олар – отбасымен күрес спортына берілген жандар. Інісі Құрманбек Қайпанов та – спорт мектебінің шәкірті, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Жары Марина Седнева да – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан чемпионы, әлем чемпионатының күміс, Азия чемпионатының қола жүлдегері. Үш жаста ұлы бар. Балуандар отбасынан шыққан бала да болашақта спортшы болатын шығар деп ойлаймын.
– Елімізде, соның ішінде солтүстікте еркін күрестің даму қарқыны қалай?
– Әлем, ел чемпионын баптап шығару оңай жұмыс емес, уақыт керек, қолдау қажет. Облысымызда күреске деген көзқарас жақсы. Өңірімізде ғана емес, ел көлемінде спортшыларға қолдау көрсетеді. Болашақ балуандар күреске бала кезінде келетінін есепке алсақ, белгілі бір дәрежеге жету үшін 10-15 жылдай уақыты кетеді. Жан-жақты тәжірибе жинап, шыңдалады. Арасында чемпион атағына жеткендер де, жетпегендер де болады. Сондықтан спортшыларды ынталандырып, сый-сыяпат көрсетіп тұрған дұрыс деп есептеймін.
Бүгінде қаншама спорт сарайлары салынып жатыр. Салалық министрдің қабылдауында болған кезде Солтүстік Қазақстан облысында күрес түрлеріне арналған зал салуды жоспарлап отырғаны жайлы айтылды. Барлық жағдай жасалып, жүлде еншілеп жатқан спортшыларымыз мадақталып, жаттықтырушылар құрметтеліп жатса, неге алтын жүлдеге ұмтылмасқа?!
– Бапкер ретінде алға қойған мақсатыңыз қандай? Жеке спорт клубыңызды ашуды ойладыңыз ба?
– Әр спортшының басты мақсаты – Олимпиада. Балуандарды тәрбиелеп, Олимпиада чемпионы дәрежесіне жеткізу – үлкен бақыт. Ал жеке клуб мәселесіне келетін болсақ, әрине ойда бар. Бірақ уақыт тапшы, қаржы қажет. Мәселен, Америкада әр бапкердің өз залы болады. Олимпиада, әлем чемпиондарының өз үйлерінде жаттығу залдары бар. Әрқайсысы жеке дайындалады. Сол себепті жеке зал ашып, өз шәкірттерімді тәрбиелегім келеді. Барлығы – болашақтың еншісінде.
– Жас спортшыларға айтар ақылыңыз бар ма?
– Жастарға айтарым, ең алдымен, алға мақсат қою керек. Кейін өте көп еңбектену қажет және мақсатына жететініне сенімді болғаны жөн. Осы қағидаларды ұстанған спортшы дегеніне жетеді.
Сұхбаттасқан
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.