Өңір делегациясы ресми сапармен Қытайдың Шэньси провинциясында болды. Шетелдіктермен кездесу Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары барысында қол қойылған Солтүстік Қазақстан облысы мен Шэньси провинциясы арасында бауырлас қатынастарды орнату туралы келісімнің аясында өтті.
Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Шэньси провинциясының губернаторы Чжао Идэмен ресми кездесу өткізді. Жиында өзара серіктестікті дамыту мәселелері талқыланып, ынтымақтастықты нығайту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Сондай-ақ “Чан-Ба” халықаралық портымен сауда байланысын кеңейту бойынша меморандум жасалды.
Делегация Сиань қаласындағы бірқатар өндірістік нысанды аралады. Солтүстікқазақстандықтар сауда-логистикалық компания және халықаралық порттың қызметімен танысты. Сонымен қатар Ғауез Нұрмұхамбетов “Aiju” компаниясының өндірістік кешенін аралап, оның басшысы Цзя Хэймен кездесті. Сиань қаласында Солтүстік Қазақстан облысы өнімдерінің орталығы ашылды. “Aiju” компаниясы біздің өңірмен бұрыннан серіктес, облыста майлы дақылдарды өңдейтін және ұн тарту кешені кіретін үлкен агроөнеркәсіптік кластері жұмыс істейді.
Бұл компания енді облыс аумағында агропарк салмақ, оның құрамына жел электр стансасы, ет өндеу зауыты, азық-түлік өндірісі мен логистикалық орталық кіреді. Бұл жобалар бойынша жалпы сомасы 93.5 млрд. теңге болатын меморандумдарға қол қойылды, оның 5.5 млрд. теңгесі – “Атамекен-Агро” мен “ФамСам” компаниясы арасында элеватор қондырғысын жасауға бағытталған келісім. Кездесуде облыс әкімі инвесторлармен жобаларды жүзеге асыру бойынша мәселелерді талқылады.
Сапар барысында делегация Янлин қаласындағы Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінің заманауи жылыжайымен және оның жетістіктерімен танысты. Ғауез Нұрмұхамбетов осы университетте білім алып жатқан қазақстандық докторанттармен кездесті. Университетте ғылыми жобаларды зерттеп, әзірлейтін бірлескен қазақ-қытай мал шаруашылығы зертханасының ашылу салтанаты өтті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.