«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жеткіншектер үйі жөнделді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлдағы жеткіншектер үйі 20 жылдан астам уақыт бойы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 700-ден астам балаға пана болып келеді. Қазіргі уақытта мұнда 24 адам тұрып жатыр.

Балалар үйлері мен отбасылық үлгідегі балалар ауылының түлектері үлкен өмірге аяқ баспас бұрын жеткіншектер үйіне орналасады. Бұл мекеме 2001 жылы ашылған болатын.

Мекеме директоры Жұқаш Қосыбаевтың айтуынша, жеткіншектер үйі 52 тәрбиеленушіге арналған. Ғимаратта 20 бір бөлмелі және 4 екі бөлмелі пәтер бар.

“Барлық пәтер тұрмысқа қажетті жиһазбен толық қамтылған. Ас бөлмесінде электр пеші, тоңазытқыш, шкаф, үстел-орындықтар бар. Санитарлық бөлме біріктірілген, тұрмыстық бөлме кір жуатын машиналармен қамтылған. Жастарға ыңғайлы болу үшін бар жағдай жасалған”, – дейді Жұқаш Қосыбаев.

Жеткіншектер үйінде 18 бен 23 жас аралығындағы бойжеткен-бозбалалар тұра алады. Мекеменің мақсаты – балалар үйінен шыққан жасты әлеуметтендіру, өздігінен өмір сүре алатындай етіп бейімдеу. Ал оларға осындағы педагогтар мен мекеме қызметкерлері жол көрсетіп, ақыл-кеңес береді.

“Балаларды тәрбиелеу мен оқытуды мемлекет толықтай өз мойнына алған. Әкімшілік тарапынан тәрбиеленушілерге, оның ішінде бұрынғы тәрбиеленушілерге де тұрғын үй, еңбек, әкімшілік-құқықтық мәселелер бойынша консультациялық көмек көрсетіледі. Ал қоғамға, өмірге бейімдеуде, тұрмыста қажетті дағдыларды меңгеруде педагогтар көмектеседі. Балалардың барлығы шәкіртақы алады, тамақтануға қосымша жәрдемақы беріледі. Тәрбиеленушілердің бір бөлігіне асыраушысынан айрылуына байланысты әлеуметтік көмек қарастырылған”, – дейді мекеме директоры.

Қазіргі уақытта жеткіншектер үйінде 11 бозбала және 13 бойжеткен тұрып жатыр. Олардың төртеуі М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да, бесеуі колледждерде оқыса, қалғаны жұмыс істейді.

“Былтыр жеткіншектер үйінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 35 млн. теңгеге жуық қаражат бөлінді. Ол қаражатқа жиһазды, тұрмыстық техниканы, перделерді жаңаладық. Бейнебақылау жүйесін ауыстырдық. Биыл бөлінген қаражат көлемі – 72,5 млн. теңге. Ол ақшаға бөлмелерге ағымдағы жөндеу жүргізілді, санитарлық бөлмелер жөнге келтірілді”, – дейді Жұқаш Қосыбаев.

Жастар мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға кезекте тұр. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде мекеменің тек 97 тәрбиеленушісі Петропавлдан жалдамалы-коммуналды пәтерге қол жеткізген. Тағы тоғызы облыстың аудандарынан баспана алды.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp