Қалалық жастар ресурстық орталығы облыс орталығында “Жастар есірткіге қарсы!” деген ұранмен бастама көтеріп, ұйымдастырылған іс-шаралар барысында ғасыр індеті, онымен күрес жолдары кең мағлұматтар берді. Мекеме, ұйым мүшелерімен кездесіп, сақтық мәселелеріне баса назар аударылды.
Орталықтың жетекшісі Дамир АбдиннІң айтуынша, былтыр облыста есірткі қылмысына қатысты 220 факті тіркелген. Заңсыз айналымнан 760 келі есірткі заттары тәркіленген, оның жеті келісі – синтетикалық есірткі. Өкінішке қарай, жастар арасында нашаға тәуелділік әлі де басым. Оның бір ұшы тұрғындар арасында ақпараттандыру жұмыстарының жеткіліксіздігіне келіп тіреледі. Осыған орай, еріктілер мен есірткіге қарсы күрес басқармасы арасында екітараптық келісімшарт жасалып, нақты міндеттер белгіленген. Оқушылар, студенттер жиналатын орындарда рейд-тексерулер жүргізіліп, ашық диалог аясында қандай қылмыстық жауапкершілік қарастырылатыны түсіндіріледі. Алдағы уақытта жастарды сот отырыстарына қатыстыру, есірткі таратқан сотталғандармен кездестіру үрдісі жалғасын таппақ. Жыл басынан бері ұйымдастырылған форматтағы 850 түрлі іс-шараға жастар ресурстық орталығының мамандары белсене араласқан.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.