Есімі елімізге белгілі жазушы-журналист, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегері Жарасбай Сүлейменовтің Республика күні қарсаңында “Парасат” орденімен марапатталғанын көзі қарақты оқырмандарымыз жақсы біледі. Қоғам қайраткеріне бұл орденді Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев табыстады. Қоғамдағы кез келген мәселеге салғырт қарамайтын, тереңнен толғап, толымды ой айтатын қаламгерді марапатымен құттықтап, әңгімеге тартқан едік.
– Жарасбай Қабдоллаұлы, Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен “Парасат” орденімен марапатталдыңыз және оны Ақордада Мемлекет басшысының өз қолынан алдыңыз. Жоғары наградаңыз құтты болсын! Мұндай марапатқа бірінші рет ие болып отырған жоқсыз, бұған дейін “Құрмет”, екінші дәрежелі “Достық” ордендерін алғаныңызды білеміз. Қандай көңіл күйде болдыңыз?
– Әрине, қуандым, қатты толқыдым. Мемлекеттік марапатты Президенттің, Қасым-Жомарт Кемелұлы сияқты әлемдік деңгейдегі ірі қайраткердің қолынан алу үлкен құрмет қой. Жасыратыны жоқ, біздің арамызда “әй, сол сылдырмақта не тұр?!” деп мемлекеттік марапаттың мәртебесін төмендеткісі, құнын арзандатқысы келетіндер де кездесіп қалады. Жоқ, олай емес. Марапатты былай қойғанда, дер кезінде айтылған жылы сөздің өзі адамның жан-дүниесіне керемет әсер етеді. Жігерлендіреді, жаңа жеңістерге бастайды, сеніміңді нығайтып, азаматтық ұстанымыңды қалыптастырады.
Мен орта мектепті тамамдағаннан кейін, 17 жасымда еңбекке араластым: өзімнің туған ауылым – Балуанда екі жыл мал бақтым, бір жыл тракторда істедім. Жалпы еңбек өтілім, әскери борышымды өтеген жылдарды қосқанда, 57 жыл екен. Мақтаныш үшін айтпаймын, ауылда жұмыс істеп жүргенде өмірімде орын алған бір-екі қызық жай әлі күнге есімнен кетпейді. 1967 жылдың көктемінде бөлімше басшылары мені шопандықтан қара мал – тайынша бағуға ауыстырды. Алтыншы сыныптан бастап әкеме көмекші болып ірі қара баққаным, азды-көпті тәжірибем бар, қарсы болған жоқпын. Ол кезде сауын сиыр, бұзау, тайынша бөлек-бөлек бағылатын. Бұзаушылар мен тайынша бағатындарға еңбекақы тәуліктік қосымша салмаққа байланысты төленетін. Содан жаз бойы, әкемнен үйренгенім бар, малды таң атқаннан күн батқанға дейін қамау дегенді білмеймін, соның нәтижесі шығар, тәулік сайын қосымша салмақ алу жөніндегі көрсеткішті 1200-1300 грамнан түсірмедім. Осы еңбегім еленеді деген ой үш ұйықтасам түсіме кіріп пе, бір күні аудандық “Новатор” газетін оқып отырсам, мен туралы қысқа хабар жарияланыпты. Мазмұны төмендегідей: “Семиполка” кеңшарының №2 бөлімшесінің малшысы Жарасбай Сүлейменов ауданның жас мал өсірушілері арасындағы социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, облыстық слетке қатысатын болды”. Ол кезде слет дегенді кім білген, мені ешкім ешқайда шақырған жоқ.
Күзге қарай ғой деймін, бір күні совхоздың бас мал дәрігері Тополян (атын ұмытып қалыппын) біздің үйге арнайы ат басын бұрып, менің қолыма қомақты бір пакетті ұстатты. “Өткенде облыстық слетте саған берілген заттай сыйлық”, – деді. “Мынау жылы кеудеше, мынау “Харьков” электро-ұстарасы, галстугі тағы бар” деп өзі ашып көрсетті. Қуанып қалдым. Бәрінен де арада айлар өтіп кетсе де, аманатқа адалдық танытып, мені бала демей, сыйлықты әкеліп тапсырған мал дәрігеріне риза болдым.
Екінші жағдай: 1969 жылдың көктемінде тракторға отырдым. Ол кездегі техниканың жайы белгілі ғой, маған тигені – ескі “ДТ-54”. Қауырт шақ, механизаторлар екі ауысымда жұмыс істейді. Бригадиріміз Сабыр Ілиясов деген ағамыз “осы не қиратар дейсің” деп ойлады ма екен, маған: “Сен жалғыз істей бер, танапты нығарлаумен айналысасың”, – деді. Айтты, бітті. Ағаларыма ілесіп мен де кірпігіме ұйқы үйірілгенге дейін трактордан түспеймін.
Қызық науқан қорытындысын шығарғанда болды. Менің көрсеткішім бәрінікінен асып түсіпті. Бәлен жылдан бері “темір тұлпар” тізгіндеп жүрген мүйізі қарағайдай ағаларым: “Бұл қалай, тракторға кеше ғана отырған бала бәрімізден озып кетті?” деп есепшіні ортаға алады ғой. Ол кісінің жауабы дайын екен, дала қосында түскі асымызды ішіп тыныстап отырған сәтте қағаздарын жайып жіберіп, “Міне, қараңдар, кімнің қай танапты қанша айналғаны жазулы тұр. Өздеріңіздің айтуларыңыз бойынша айна-қатесіз түсірдім. Қалғанын осы балаға жаздым. Сенбесеңдер, тексеріңдер”,–деп құжаттарын жігіттерге ұсынды. Әңгіме осымен тамам болды.
Тағы бір жай есіме түсіп отыр. 1969 жылдың желтоқсан айында әскер қатарына шақырылдым. Ол кездегі мерзім–2 жыл. Осы екі жылда екі рет қысқа мерзімді демалысқа келдім, суретім бір жарым жыл әскери бөлімшенің құрмет тақтасында тұрды. Өмір жолымның бастауындағы осы жайларды неге еске алып отырмын, арада қаншама жылдар өтсе де еңбектің еленгені ұмытылмайды екен. Жүре-жүре ол өзіме кәдімгідей жауапкершілік жүктейтінін сезіндім.
– Жақында “Qyzyljar” телеарнасында “Сағыныш” атты хабар аштыңыз. Бағдарламаның мақсаты қандай? Көрермендерге не ұсынбақ ойларыңыз бар?
– Менің 20 жылға жуық радио мен теледидар саласында қызмет істегенімді білесіз. Жасырақ кезімде жергілікті телеарнада “Ой-толқын”, “Ой-қамшы”, “Жан-шуақ”, “Тағдыр” деген хабарлар жүргіздім. Олардың бәрі де ойлы, сезімге толы хабарлар болғанын көрермендер біледі. “Ой-толқынды” жерлестеріміз әлі күнге ұмытпай жүрсе, мен үшін ол да үлкен қуаныш. Кейінгі кезде “Осы хабарыңыз жақсы еді, жандандыратын ойыңыз жоқ па?” деп сұрағандар да болды. “Qyzyljar” телеарнасы – ол да менің бір үйім. Осы қабырғада да көп нәрсеге үйрендім, өстім, жетілдім. Ондағы жағдайға да құлағымды түріп отырамын. Шамам келсе, көмектескім келеді. Соңғы жылдары теледидарды да, радионы да жастар жаулап алды ғой. Оған мен қарсы емеспін. Өзім де жүрген жерімде жастарды қолдауды борыш санаймын. Бірақ бұл салада да сабақтастық сақталуы керек деп ойлаймын. Телеарнадағы әріптестеріммен осындай ойларыммен бөліскен едім, олар қолдау білдірді. Сөйтіп, “Qyzyljar” арнасының жаңа жобасы ретінде “Сағыныш” өмірге келді.
Неге “Сағыныш” деп атадық, бір-екі ауыз сөзбен соған тоқтала кетейін. Өздеріңіз білесіздер, адамның қамшының сабындай қысқа ғұмыры кездесулер мен қоштасулардан тұрады. Осы екеуін жалғап тұрған бір керемет сезім бар. Оның аты – сағыныш! Қазақтың ақберен ақыны Төлеген Айбергенов: “Көкірегіңде сағыныш барда мұрат та сенде бар, жаным”, – деп жырлағандай, құшағы ыстық дүние сағынышпен ажарлы, сағынышпен базарлы.
Сағыныш деген мөлдір сезім, ақ сағым, тулаған теңіздің ақ толқыны іспетті! Кімнің де болсын, жүрек түкпірінде сағыныштың ақ желкені көтерілген сәттерде өткен күндер, өмір жолында кездескен қимас жандар көз алдында көлбеңдеп, керемет күйге бөленеді.
Жырақта жүрсеңіз, шалғайдағы туған ауылыңызды, сонда өткен балдәурен балалық шағыңызды, алақанға салып, аялап өсірген ата-анаңызды, тай-құлындай тебісіп өскен достарыңызды еске аласыз. Қуанасыз, мұңаясыз. Керемет бір күй кешесіз. Біздің де хабарымыз қатысушыларды, теледидар алдында отырған үлкен-кішіні, көпшілікті ойландырса, толғандырса дейміз. Сол мақсатпен бағдарламаға есімі елімізге, өңірімізге жақсы мәлім, өз саласында кәсіби шеберліктің шыңына көтерілген, адал еңбегімен құрметке бөленген толағай тұлғаларды шақырып, сағыныш әлеміне сапар шеге отырып, өткен-кеткен, бүгінгі күндеріміз, болашақ жайлы тағылымды әңгіме қозғасақ дейміз.
– Аға, зейнет демалысына шыққаннан бері қолыңыз едәуір босап қалған шығар?
– Негізі солай болуы керек еді. Бірақ жұмысым көбеймесе, азайған жоқ. Менің жас кезімнен қоғамдық жұмыстарға жегілгенімді замандастарым, әріптестерім жақсы біледі. “Ленин туы” (қазіргі “Soltüstık Qazaqstan”) газетінде (1971-1987жж.) істеген жылдары редакция кәсіподақ ұйымына жетекшілік еттім, Петропавл қалалық кеңесінің депутаты болдым. 1987 жылы облыстық телерадио компанияға ауыстым. Мұнда да қоғамдық жұмыстардан шет қалған жоқпын, бастауыш партия ұйымын басқардым, облыстық мәслихаттың депутаты болып сайландым. Әрине, бұл да мен үшін үлкен мектеп болғаны анық. Дейтұрғанмен қазіргі таңда осы қоғамдық жұмыстарды азайтсам ба деген ойға келіп отырмын. Бұл үрдіс басталып та кетті. Әдеп кеңесінің мүшесі едім, ол жұмысты тапсырдым. Өзім құрған Қазақстан Жазушылар одағының облысымыздағы өкілдігінің жетекшісі, сол сияқты облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы міндеттерін де тапсырмақ ойым бар.
– Қоғамдық жұмыстардан шаршадым дейсіз бе?
– Жоқ. Шаршағандықтан осындай қадамдарға барып жатқан жоқпын. Мен өткен мектептен басқалар да өтсін, жастарға жол берейін деген ниет қана. Шығармашылық жұмыс тағы бар…
– Осы жағына да тоқтала кетсеңіз.
– Жазсам ба деген дүниелер көп. Үстіміздегі жылғы алапат су тасқыны жайлы еңбегімді бастап қойдым. Тағы бір көлемді хикаяттың желісі ойымды тербеп жүр. Бірақ соңғы нүктесі қойылмағаннан кейін әзірше атын атап, түсін түстегім келмейді.
– Бүгінгі жастардың тәрбиесіне көңіліңіз тола ма? Елдің ертеңі деп жүрген келешек ұрпаққа сенім арта аласыз ба?
– Сенім артқанда қандай. Ел болашағы – жастар. Ертең тізгін солардың қолына тиеді. Ол дұрыс. Жастарымыз өмір күнбе-күн ұсынып жататын сын-қатерлерге төтеп бере ала ма? Меніңше, мәселе осында. Бірден иә дей алмаймыз. Ол үшін олар көзі ашық, көкірегі ояу, ойлары ұшқыр, ұстанымы берік, белсенді де білімді болулары керек. Жалпы жастарды бір қалыпқа салуға болмайды, олардың арасында алғыр, өнер, білімге құштар жігерлі өрендер аз емес. Осыдан біраз жыл бұрын атақты ғалым, академик Жабайхан Әбділдиннен сұхбат алғанымда: “Бір заңдылық бар, алдыңғы толқын өмір бойы өзінен кейінгілерді сынап келеді. Қай заманда болмасын, тіпті 10-20 ғасыр бұрын да үлкен кісілер заман бұзылып, жастар бүлініп жатыр деп қайғы кешкен” деп еді. Ол рас, өмір бір орында тұрмайды, өзгерістерге ұшырап отырады. Сол өзгерістерге жастар аға буынға қарағанда тезірек бейімделеді. Содан да олар бұрынғылар ұстанған кейбір қағидаларды елей бермейді. Міне, гәп осында. Бүгінгі жастар кітап оқудан қалды. Олардың арасында терең білімге, ғылымға ұмтылудан гөрі ақша табуға, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп пайда табуға құмарлар көбейіп барады. Аға буынның арасында осыған алаңдайтындар көп.
Жақында мен облыс орталығындағы Оқушылар сарайында Қызылжардың қазақ мектептерінің жоғары сынып оқушыларымен кездестім. Бір жарым сағатқа созылған әңгіме барысында сан-алуан тақырыпты қамтыдық. Өте әсерлі әңгіме болды. Кездесуге қатысушылардың белсенділігіне тәнті болдым. Осы кездесу жайында әлеуметтік желіге қысқа ғана хабар салған едім. Соған бүгінде Астанада тұратын жерлесіміз, бүкіл саналы ғұмырын білім саласына арнаған ұлағатты ұстаз Қажымұрат Нәсиев те пікір қосыпты. “Менің ойымша, бүгінгі мектептердің ұстаздарының тәрбие жұмысына уақыты жетпейді, олар таза теориялық білімге көп көңіл аударады. Пән мұғалімі ҰБТ үшін жұмыс істейді, өзінің өткізген 45 минут сабағында, сабақтың тәрбиелік мәніне көңіл аудармайды.Сабақтағы таза білім, тәрбиелік мәнімен ұштаспағандықтан, бүгінгі ұрпағымыз білімді, бірақ тәрбие жағынан кемшілігі шаш етектен…Жалпы мектептік іс-шаралардың көпшілігінің ішкі мазмұны тайыз, сыртқы қалпы даңғазалық бейнеде өтетінін көріп жүрміз. Бүгінгі жастарымыздың көпшілігі қазақ мектептерінде оқыса да, ана тілін сыйламайды, басқа тілде шүлдірлеуді сән көреді. Бұл шындық. Оқушыларымыздың бойында отаншылдық, өз ана тіліне құрмет, ұлттық сана-сезімі болмаса, бұл еңбегіміздің еш кеткені емес пе?!” Осылай дей келіп ардагер ұстаз аға буын білім мекемелеріне тәрбие мәселесінде көмектесуі керек деп ой түйіпті.
Ойымыз бір жерден шығып отыр. Біз ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың: “Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі” деген сөздерін ұмытпауымыз керек. Отаншыл, туған елінің мүддесін бәрінен жоғары қойып, халқына адал қызмет ететін, дауға да, жауға да берілмейтін ұрпақ өсіру үшін оның тәрбиесі түзу болуы керек. Тіршіліктің тірегі – тәрбие.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.