«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАУАПКЕРШІЛІК ПЕН КӘСІБИЛІК САЛАҒА СЕРПІН БЕРЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында цифрландыру саласын дамыту, сонымен қатар темір жол мен транзиттік әлеуетті арттыру мәселесі талқыланды.

Цифрлық инфрақұрылым игілігі

Əкімдерге IT мамандарын қол­дау мақсатында өңірлерде цифрлық инфрақұрылым құру тап­сырылды. Цифрлық даму, ин­новациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Жаслан Мə­диев “Astana Hub” жұмысының аясында IT-экспорт көлемін арт­тыру, цифрлық платформалар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен отандық стартаптарды іске асыру бағытында атқары­лып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ “Террико­новая долина” IТ-хабының бас­шысы Сабир Ниязов, “Arlan BioTech” компаниясының бас­шы­сы Болат Сұлтанқұлов, “ITS Partner Ltd” компаниясының бас­шысы Марат Тастеміров баян­дама жасады.

Еліміз əлемде цифрлан­ды­ру саласы дамыған ең озық 30 мемлекеттің қатарына кіреді əрі онлайн қызметтер көрсетуде 8-ші орында тұр. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында IT-қызмет экспорты 306 млн. дол­ларға дейін өсті. Жыл соңына дейін 600 млн. доллардан аса­ды деп күтіліп отыр. Жалпы 5 жыл ішінде отандық IT-қызмет­тердің экспорты 20 есеге ұл­ғай­ды. Елімізде роботтандыру мен жасанды интеллект технология­лары орнықты дамып, көптеген салада трансформация жалға­сып жатыр. Сондай-ақ заңнама­лық база қалыптасып, үнемі же­тілдіріліп отырады. Цифрлық трансформация тұжырымдама­сы қабылданды, венчурлік на­рық пен стартап-экожүйені дамытуда қолайлы экономикалық жағдай жасалды.

“Astana Hub” технопаркі көп­теген стартапқа шын мəнінде, ин­новациялық кластерге əрі ең негізгі əріптеске айналды. Бұл алаңда 1,5 мыңнан аса компа­ния табысты жұмыс істеп жа­тыр. “E-commerce”, “BigData”, “GameDev”, “Fintech”, “MedTech” пен басқа да серпінді жобалардың экспорттық əлеуе­ті жоғары. Олардың белсенді да­муы 2026 жылға қарай ІТ-өнімдер мен қызметтер экспортын 1 млрд. долларға дейін өсіруге ық­пал етпек.

Премьер-министр Үкімет ал­дағы уақытта да IT-технологиялар мен көрсетілетін қызметтер саласын белсенді қолдай бе­ре­тінін атап өтті. Өңірлік акселе­рациялық бағдарламаларды, басқа елдердегі жаһандық əріп­тестік желіні дамыту саясатын одан əрі жалғастыру қажет.

– Мемлекет басшысы 2029 жылы цифрлық технологиялар­дың экономикаға қосатын үле­сін 1 пайызға дейін, ал ІТ-қызметтердегі жергілікті үлесті кемінде 80 пайызға жеткізу мін­детін қойды. Оған қол жеткізуде IT-хабтар мен венчурлік қорлар басты драйверлерге айналуға тиіс. Кейінгі алты жылда елі­міз­де венчурлік қаржыландыру кө­лемі 6 еседен аса өскен. Əрі қа­рай өсу үшін біз осы саладағы озық сарапшыларды тартуы­мыз керек. Бұл орайда білім беру бағдарламаларын дамы­тып, ірі бизнесті тарту жəне сауатты цифрлық инфрақұ­ры­лым құру жұмыстарына жете көңіл бөлу қажет. Цифрлан­ды­ру, ІТ-саланы дамыту жəне ки­берқауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді іске асыру экономиканың дамуына ықпал етуі тиіс, – деді Олжас Бек­те­нов.

Жалпы Президент жүктеген жасанды интеллектіні дамыту міндеттерін іске асыру аясында салалық заңнаманы жетілдіру­де белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Келер жылы Астанада Жасанды интеллект орталығын ашу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде жас таланттарды тар­ту нүктесіне айналуы тиіс. Цифрлық даму министрлігіне осы мəселені ерекше бақылау­да ұстау тапсырылды. IT-саланың жоғары білікті мамандарын даярлау да басым міндет болып отыр. “Astana Hub”-та үздік ха­лықаралық тəжірибе ескеріліп, қажетті жағдайлар жасалған. Цифрлық даму, Ғылым жəне жо­ғары білім, Оқу-ағарту министрліктеріне “Astana Hub”-пен өңір­лік хабтармен өзара тығыз бай­ланыса отырып, одан əрі даму мен оқыту тұжырымдамасын жасау тапсырылды. Осы ретте оқу бітірген мамандардың са­нын көбейту мақсат емес, олар­дың даярлық сапасына баса на­зар аудару қажеттігі аталып өтті. Үздік əлемдік əдістемелерді на­зарда ұстап, цифрлық білім мен дағдыларды арттыру тəсілдерін үнемі жаңартып тұру маңызды.

Сонымен қатар өңірлердегі цифрлық инфрақұрылымды қам­тамасыз ету мəселе­лер­іне əкімдік тиісті көңіл бөлу ке­рек. Салалық министрлікке өңір­лердің əкімдіктерімен бір­лесіп, “Astana Hub”-ты дамыту, өңірлік хабтарды қолдау мен IT-саласында экспортқа бағыт­тал­ған бағыттарды дамыту үшін қо­лай­лы жағдайлар жасау бойынша шаралар қабылдау, сондай-ақ венчурлік қаржыландыруды қол­дау жүйесіндегі тəсілдерді жа­ңарту тапсырылды.

Темір жол саласында серпіліс бар

2030 жылға дейін темір жол көлігін дамыту жөніндегі тұжы­рымдама қабылданғалы бері бұл салаға баса назар аудары­лып келеді. Бүгінде 2,8 мың ша­қырым жол жөнделіп, 143 жо­лаушы вагоны жаңартылған. Ми­нистрліктің мəліметінше, биыл­ғы жылдың 10 айының қорытын­дысында жүк тасымалының кө­ле­мі 3,5 пайызға артып, 263 млн. 400 мың тоннаны құраған. Ішкі тасымалдар 10,8 пайызға өсіп, 156,2 млн. тоннаға жеткен. Ал транзиттік жүк тасымалының көлемі өткен жылдың деңгейін­де қалды. Яғни 22 млн 400 мың тонна.

Қазір Президент тапсырма­сын іске асыру аясында көлік-логистика саласын дамытуда елде ауқымды инфрақұрылым­дық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Былтырдан бері 2,8 мың шақырымнан астам темір жол жөнделді. Жылжымалы құрам­ды жаңарту жұмысы жалғасып келеді. “Қазақстан темір жолы” бас­қарма төрағасы Нұрлан Сау­ранбаевтың мəліметінше, биыл 185 локомотив пен 143 жолаушы­лар вагоны сатып алынған. 2028 жылы жолаушылар ва­гондарының паркі 3 мыңнан аса бірлікке жетіп, елдің қажеттілігін толық қамтамасыз етеді.

Ал Премьер-министр сала­ны жаңғыртуда күш-жігерді арттыру қажеттігіне ерекше тоқтал­ды. Əсіресе темір жол вокзалдары мен стансалардың инф­рақұрылымына ерекше назар аудару керектігін тілге тиек етті. Қазір олардың шамамен 90 пайызы жөндеуді қажет етеді.

– Мемлекет басшысы Қазақстанды толыққанды көлік-логис­тикалық хабқа айналдыру ба­ғытында нақты міндеттер қой­ды. Бұл ретте темір жол сала­сының даму əлеуеті жоғары еке­нін атап өткім келеді. Сондай-ақ ол ішкі жəне транзиттік жүк та­сымалын арттыруда шешуші рөл атқарып отыр. Алға қойылған мақсаттарға жетуге біз қолданыстағы темір жолдар мен логистикалық орталықтар­ды жаңғыртып, жаңаларын салып жатырмыз. Сондай-ақ ва­гон паркін жаңарту жұмыстары да тұрақты жүріп жатыр. Бұл еліміздің көлік жүйесінің тиімділігі мен оның өткізу қабілетін ба­рынша ұлғайтуға мүмкіндік бе­реді. Қабылданған шаралардың нəтижесінде, 2029 жылға қарай транзиттік тасымал көлемі 28 млн. тоннадан 45 млн. тоннаға дейін, ал транзит жиырма футтық баламадағы 2 млн. контейнерге дейін өседі, – деді Олжас Бектенов.

Халықаралық көлік дəлізде­ріндегі отандық бағыттардың бə­секеге қабілеттілігін арттыру маңызды. Премьер-министр шекарадағы мемлекеттік қызметтерді сапалы əрі жедел көрсетуге барлық рəсімді аяқтауды тапсырды. Қазіргі уақытта са­лық жүйесі мен темір жолдың ақ­параттық жүйелері интеграцияланды. Көлік министрлігі мен “Қазақстан темір жолы” компа­ниясы негізгі инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың нақты тетіктерін əзірлеп, қаржыландыру көздерін анықтау тапсырылды.

Сонымен қатар вагондарды жаңартуда қиындықтарға кезігіп отырған жеке тасымалдаушы­ларды қолдау шараларын əзір­леу қажет. Бұған қоса, Үкімет басшысы темір жол жүктерін ауыстырып тиеу көлемін ұлғайту, теңіз тасымалының əлеуетін арттыруға Ақтау портының инф­рақұрылымын жақсарту жұмыс­тарын жеделдетуді тапсыр­ды. Көлік министрлігі мен “Қазақстан темір жолы” компания­сына 2025 жылы контейнерлік хаб салып, Ақтау портының түбін те­реңдету жұмыстарын аяқтау тапсырылды.

(“Egemen Qazaqstan”,

27 қараша 2024 жыл).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp