«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАЗА СУДАН ТАПШЫЛЫҚ ЖОҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығында өткен бри­фингте Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі Рахат Смағұ­лов бір жылда атқарылған істер туралы баяндады.

Өткен он айда ауданда жал­пы көлемі 64 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі шыға­рылған. Диқандар 434,5 мың гектар алқапқа дән сепкен. Оның 333,9 мың гектары дәнді дақылдардың үлесінде. Астық шығымдылығы гектарынан 21 центнерден айналған. Мұнда ас­тық кептіретін 32 орын мен сақ­тайтын 4 элеватор жұмыс істей­ді. Оған қоса ауданда 5 ірі сүт фермасы бар. Биыл 3 кәсіп­орынды кеңейту жобасы жүзеге асуда. “СК Агро 2050” серік­тестігі 3600 ірі қараға арналған ірі тауарлы-сүт фермасының құ­рылысын бастаған. Болашақта серіктестіктегі мал басын 10 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.

Алайда сала мамандарын алаңдатып отырған түйткілдер де аз емес. Жерді тиімсіз пайда­ланып отырған шаруалар бар. Соң­ғы үш жылда ауданда заң­намаға сай 30 мың гектардан ас­там жер мемлекетке қайтарыл­ған. Биылғы тексеру аясында бір­қатар жер иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Қабылданған шешімдер кей ша­руашылықтардан түсетін са­лықты 20 есеге дейін арттыруға мүмкіндік берген. Оған қоса пай иелеріне дивиденд беруге де баса мән беріліп отыр. Бүгінде пай иелерінің 80 пайызына дивиденд төленген.

Абаттандыру мен әлеумет­тік инфрақұрылымды дамыту үшін тауар өндірушілермен жалпы құны 1,4 млрд. теңге бо­латын 67 меморандум жасалған. 10 айда шаруашылықтар бұл жұмыстарға 770 млн. теңге бөлген.

– Биыл 665 жаңа жұмыс орны ашылды. Бизнес бастама­ларға 31 млн. теңгенің 21 гранты бөлінді. Түрлі бағдарлама­лар аясында 360 адам жұмысқа қабылданды. Нәтижесінде ау­дан­дағы атаулы әлеуметтік кө­мек алатын отбасылар 72-ден 48-ге дейін азайды. Жыл со­ңында жұмыссыздық көрсеткіші 4,8 пайыз болады деп күтілуде, – деді Рахат Смағұлов.

Биыл Мағжан Жұмабаев ау­данында “Сулышоқ – Возвышенка”, “Чистое – Қарақоға”, “Қарақоға – Надежка” бағытындағы жолдарды жөндеу қаржылан­дырылған. Бірқатар ауылдар­дың кірберіс жолдары мен көшелері қалыпқа келтірілген.

– 61 елді мекеннің 34-і толық жарықтандырылды. Биыл 14 ауылға 250 жарықшам орнатыл­ды. Барлық ауылдарда ор­та­лықтандырылған су бар. Келер жылы ұзындығы 104 ки­лометр болатын су желісін жаңғырту жоспарда бар. Биыл Но­вотроицкое, Таман ауылда­рында су тарату желілерінің құрылысы аяқталды. Тағы бірнеше ауылда осы бағыттағы жұмыс­тар жалғасуда. Келесі жылы Қа­рақоға және Успенка ауылдарында сумен жабдықтау жүйе­сін күрделі жөндеу жоспар­ланған. Веселовка, Достық, Еремеевка, Ұзынкөл ауылдарында сумен жабдықтау объектілерін жөндеу көзделген. Придорожное, Золотая Нива және Пролетарка ауылдары үшін жобалық-сметалық құжат­тар әзірленіп жатыр, – деді Ра­хат Назымбекұлы.

Баспасөз мәслихатында аудан әкімі құрылыс, жылумен жабдықтау, денсаулық сақтау, мәдениет салаларындағы жұ­мыстарға тоқталып, жоспарла­рымен бөлісті.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp