Шал ақын аудандық тарихи-өлкетану музейіне келушілердің назарын бірден өзіне аударатын құнды жәдігерлердің бірі – “Украина-4” кинопроекторы. Оны көру үшін музейге арнайы бас сұғатындар аз емес екен.
1970-1990 жылдарды кинотеатрлардың шарықтау кезеңі десек, артық айтқандығымыз болмас. Алғашқы кинотеатрлар тек фильмдер көрсететін орын ғана емес, сонымен қатар мәдени өзгерістердің символына айналды. Халық кинотеатрлардың алдында кезекке тұратын. Осындай ұмытылмас сәттерді шалақындықтар да ерекше ықыласпен еске алады.
Шағын ғана Сергеевка қаласының өзінде сол жылдары “Ишим”, “Экран”, “Строитель”, “Юбилейный” деп аталатын кинотеатрлар болыпты. Мәдениет ошағының жұмысын жандандырған “Радуга”, “КПТ-1”, “Украина-4” кинопроекторлары бүгінде музейлердің сөрелеріне қойылған.
– Бұл жәдігерді руханият ордасына 2015 жылы “Музейге сый” акциясы аясында Сергеевка қаласының тұрғыны Елизавета Кадочникова тапсырды. Ол бұл жәдігерді әкесі Василий Крутевке киномеханик Клеоц Вениаминнің 1987 жылы сыйға тартқанын айтты. “Украина-4” дыбыстық кинопроектор жинағы дыбыстың фотографиялық немесе магниттік жазбасы бар дыбыстық тар пленкалы (16 мм.) кинофильмдерді көрсетуге арналған, – деді музей директоры Маржан Таушарова.
Музей жетекшісі бұл жәдігердің әлі күнге дейін жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Ол сөз арасында тапсырыстар бойынша фильмдер көрсетіліп тұратынын да айтып өтті. “Украина-4” кинопроекторының көмескілеу естілген дыбысы өткен күннің жаңғырығындай әсер қалдырды.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.