2003-2007 жылдар аралығында өңірімізге басшылық еткен мемлекет және қоғам қайраткері Тайыр Мансұровтың “Солтүстік Қазақстан облысы сенімді даму жылдары” атты кітабы жарық көрді. Онда өңірде бірнеше жыл ішінде орын алған елеулі оқиғалар туралы естеліктер жинақталған. Кітап оқырманы осы жылдар аралығындағы Қызылжардың әлеуметтік-экономикалық, мәдени өмірімен жақынырақ таныса алады. Кітаптың алғысөзінде автор облыс әкімі қызметіне кірісіп кетуі қиындық тудырғаны, мұнда бірқатар қордаланған мәселелер болғаны туралы айтады.
“Сол жылдары Солтүстік Қазақстан облысындағы тұрғындардың 68 пайызы орыс тілді болатын. Өңірдің Ресейдің үш облысымен шекаралас болуы жағдайында тұрғындардың барлығы дерлігі орыс тілін жақсы меңгерген еді. Көптеген отбасылар шекараның екі жағында да жұмыс істейтін, күн сайын кеден арқылы ондаған мың адам өтетін. Ал қазақ тілінің қолдану аясы шын мәнінде биліктің назарынан тыс қалған мәселе болып шықты”, – деп жазыпты жұмысының алғашқы кезеңі туралы Тайыр Мансұров.
Көп өтпей аталған мәселе талқыға салынып, өңірдегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне гранттар тағайындала бастаған. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жанынан Тіл және әдебиет институты ашылған.
Кітапта “Абылай хан резиденциясы” музей-кешенін қайта жаңғырту туралы да айтылады. Аталған жұмыстар 2004 жылы басталған. Мамандар құжаттарды зерттей келе кешеннің жобасын жасаған. Омбы қаласындағы Шоқан ескерткішінің ашылуы туралы да кітапта жан-жақты сөз болады.
Қарап отырсақ, облыс орталығының бас жоспары да осы жылдары жасалған екен. “Құрылыс бойынша өткізген жиындардың бірінде мен Петропавл қаласын дамытудың бас жоспарын көрсетуді сұрадым. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері қаланың бұл маңызды құжатын жасаумен ешкім айналыспапты. Бірден жұмыс тобы құрылып, жобалаушылар, сәулетшілер бұл мәселемен тығыз айналысты”, – дейді автор.
Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев өз естелігінде Тайыр Мансұровтың іскерлік қыры туралы баяндайды. Облыста бидайды терең өңдеу кешенінің салынуы, құрылыстың қарқын алуы, қаланың бас жоспарының жасалуы, Абылайдың ақ үйінің қайта жаңғыртылуы өңір халқы үшін қуанышты жаңалық болғанын жазады. Істеген жұмысы үшін 2007 жылы Тайыр Мансұровқа “Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы” атағы берілген екен. Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, Мағжан Жұмабаев сынды ардақты тұлғалардың шығармаларының жинақ болып басылып шығуына да сол кездегі облыс әкімінің тигізген көмегі көп. Оның азаматтық қырының қалыптасуына әкесінің “Ел басқарған жігіттің етек-жеңі кең болар” деген сөзі де көп әсер еткен сияқты.
“Тәкең қайда жүрсе де туған халқының алдындағы перзенттік борышын бір сәт те естен шығарған емес. Мәскеуде болған жылдары, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің озық үлгілерін ұлыларын ұлықтай білген Ресей жұртына кеңінен таныстырып, насихаттап отырды. Бұл екінің бірі, егіздің сыңарының қолынан келе бермейтіні белгілі”, – дейді Бекет Тұрғараев.
Жинақта Тайыр Мансұровтың 2005 жылдың ақпанында халыққа берген есебі де жарияланыпты. Есепте бюджеттің жоспардан тыс кірістерінің бір жылда үш есеге дейін өскені айтылған. Сол сияқты машина жасау саласында да едәуір өсім байқалған. 2004 жылы 61,7 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілген. 2005 жылы 19-шағынауданда 1100 орынға шақталған қазақ мектебінің құрылысы басталған. Тарихи-өлкетану мұражайын жаңғыртуға қаржы бөлінген. Оған қоса 2005 жылы әр жаңа туған сәбиге бір реттік жәрдемақы төлеу туралы шешім қабылданған.
Кітапқа Тайыр Мансұровтың “Мағжан – ұлт ақыны” атты мақаласы да еніпті. Мұнда халқының алтын қазынасына айналған ақынның шығармашылығы туралы сөз болады. Өзіне дейінгі ақын-жыраулардың мұрасын бойына сіңірген ақын өзі де жаңа әдебиет жасады. Автор ұлт ақынының қазақ руханиятындағы орны туралы айта келе, оның шығармаларының өміршеңдігінің сыры неде деген сұраққа жауап іздейді.
“Ұлтты сүю деген оны жалаң, өзгеше дәріптеу, жақсылығын ғана көріп, олқылығына көз жұмып қалу емес. Бұл жөнінде Мағжаннан алар өнегеміз зор. Оның 1911 жылы жазылған “Жатыр” атты өлеңі осыған айқын айғақ. Сонда небәрі 18 жасар Мағжан қазақтың өнер-білімнен, ғылымнан ада, бейғам, бойкүйез кемшілігін көзге шұқып жазбай ма? Ендеше ол Абайдың қарасөздерін де, Міржақыптың “Оян, қазағын” да, Ахметтің “Масасын” да әбден ежіктеп оқыған. Алдындағы алыптардың жанайқайына өз жырымен үн қосқан. Бұл ретте орыс поэзиясында да айшықты айғақтар барын білген”, – деп жазады автор.
Кітап Мәскеу қаласынан мың данамен жарық көрген. Жинаққа Жарасбай Сүлейменов, Ерік Нұрақаев, Марат Тасмағанбетов, Кәрібай Мұсырман, Оңдасын Әшімов, Асқар Сақыпкереев, Марат Омаров және өзге де азаматтардың лебіздері берілген. Сұхбаттар мен БАҚ-та жарияланған материалдар да енген. Жинақтың соңындағы суреттер де 2003-2007 жылдар аралығындағы өңірдегі өзгерістерді кеңінен танытып тұр.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.