Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында цифрландыру саласын дамыту, сонымен қатар темір жол мен транзиттік әлеуетті арттыру мәселесі талқыланды.
Цифрлық инфрақұрылым игілігі
Əкімдерге IT мамандарын қолдау мақсатында өңірлерде цифрлық инфрақұрылым құру тапсырылды. Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Жаслан Мəдиев “Astana Hub” жұмысының аясында IT-экспорт көлемін арттыру, цифрлық платформалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен отандық стартаптарды іске асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ “Терриконовая долина” IТ-хабының басшысы Сабир Ниязов, “Arlan BioTech” компаниясының басшысы Болат Сұлтанқұлов, “ITS Partner Ltd” компаниясының басшысы Марат Тастеміров баяндама жасады.
Еліміз əлемде цифрландыру саласы дамыған ең озық 30 мемлекеттің қатарына кіреді əрі онлайн қызметтер көрсетуде 8-ші орында тұр. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында IT-қызмет экспорты 306 млн. долларға дейін өсті. Жыл соңына дейін 600 млн. доллардан асады деп күтіліп отыр. Жалпы 5 жыл ішінде отандық IT-қызметтердің экспорты 20 есеге ұлғайды. Елімізде роботтандыру мен жасанды интеллект технологиялары орнықты дамып, көптеген салада трансформация жалғасып жатыр. Сондай-ақ заңнамалық база қалыптасып, үнемі жетілдіріліп отырады. Цифрлық трансформация тұжырымдамасы қабылданды, венчурлік нарық пен стартап-экожүйені дамытуда қолайлы экономикалық жағдай жасалды.
“Astana Hub” технопаркі көптеген стартапқа шын мəнінде, инновациялық кластерге əрі ең негізгі əріптеске айналды. Бұл алаңда 1,5 мыңнан аса компания табысты жұмыс істеп жатыр. “E-commerce”, “BigData”, “GameDev”, “Fintech”, “MedTech” пен басқа да серпінді жобалардың экспорттық əлеуеті жоғары. Олардың белсенді дамуы 2026 жылға қарай ІТ-өнімдер мен қызметтер экспортын 1 млрд. долларға дейін өсіруге ықпал етпек.
Премьер-министр Үкімет алдағы уақытта да IT-технологиялар мен көрсетілетін қызметтер саласын белсенді қолдай беретінін атап өтті. Өңірлік акселерациялық бағдарламаларды, басқа елдердегі жаһандық əріптестік желіні дамыту саясатын одан əрі жалғастыру қажет.
– Мемлекет басшысы 2029 жылы цифрлық технологиялардың экономикаға қосатын үлесін 1 пайызға дейін, ал ІТ-қызметтердегі жергілікті үлесті кемінде 80 пайызға жеткізу міндетін қойды. Оған қол жеткізуде IT-хабтар мен венчурлік қорлар басты драйверлерге айналуға тиіс. Кейінгі алты жылда елімізде венчурлік қаржыландыру көлемі 6 еседен аса өскен. Əрі қарай өсу үшін біз осы саладағы озық сарапшыларды тартуымыз керек. Бұл орайда білім беру бағдарламаларын дамытып, ірі бизнесті тарту жəне сауатты цифрлық инфрақұрылым құру жұмыстарына жете көңіл бөлу қажет. Цифрландыру, ІТ-саланы дамыту жəне киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді іске асыру экономиканың дамуына ықпал етуі тиіс, – деді Олжас Бектенов.
Жалпы Президент жүктеген жасанды интеллектіні дамыту міндеттерін іске асыру аясында салалық заңнаманы жетілдіруде белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Келер жылы Астанада Жасанды интеллект орталығын ашу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде жас таланттарды тарту нүктесіне айналуы тиіс. Цифрлық даму министрлігіне осы мəселені ерекше бақылауда ұстау тапсырылды. IT-саланың жоғары білікті мамандарын даярлау да басым міндет болып отыр. “Astana Hub”-та үздік халықаралық тəжірибе ескеріліп, қажетті жағдайлар жасалған. Цифрлық даму, Ғылым жəне жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктеріне “Astana Hub”-пен өңірлік хабтармен өзара тығыз байланыса отырып, одан əрі даму мен оқыту тұжырымдамасын жасау тапсырылды. Осы ретте оқу бітірген мамандардың санын көбейту мақсат емес, олардың даярлық сапасына баса назар аудару қажеттігі аталып өтті. Үздік əлемдік əдістемелерді назарда ұстап, цифрлық білім мен дағдыларды арттыру тəсілдерін үнемі жаңартып тұру маңызды.
Сонымен қатар өңірлердегі цифрлық инфрақұрылымды қамтамасыз ету мəселелеріне əкімдік тиісті көңіл бөлу керек. Салалық министрлікке өңірлердің əкімдіктерімен бірлесіп, “Astana Hub”-ты дамыту, өңірлік хабтарды қолдау мен IT-саласында экспортқа бағытталған бағыттарды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша шаралар қабылдау, сондай-ақ венчурлік қаржыландыруды қолдау жүйесіндегі тəсілдерді жаңарту тапсырылды.
Темір жол саласында серпіліс бар
2030 жылға дейін темір жол көлігін дамыту жөніндегі тұжырымдама қабылданғалы бері бұл салаға баса назар аударылып келеді. Бүгінде 2,8 мың шақырым жол жөнделіп, 143 жолаушы вагоны жаңартылған. Министрліктің мəліметінше, биылғы жылдың 10 айының қорытындысында жүк тасымалының көлемі 3,5 пайызға артып, 263 млн. 400 мың тоннаны құраған. Ішкі тасымалдар 10,8 пайызға өсіп, 156,2 млн. тоннаға жеткен. Ал транзиттік жүк тасымалының көлемі өткен жылдың деңгейінде қалды. Яғни 22 млн 400 мың тонна.
Қазір Президент тапсырмасын іске асыру аясында көлік-логистика саласын дамытуда елде ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Былтырдан бері 2,8 мың шақырымнан астам темір жол жөнделді. Жылжымалы құрамды жаңарту жұмысы жалғасып келеді. “Қазақстан темір жолы” басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевтың мəліметінше, биыл 185 локомотив пен 143 жолаушылар вагоны сатып алынған. 2028 жылы жолаушылар вагондарының паркі 3 мыңнан аса бірлікке жетіп, елдің қажеттілігін толық қамтамасыз етеді.
Ал Премьер-министр саланы жаңғыртуда күш-жігерді арттыру қажеттігіне ерекше тоқталды. Əсіресе темір жол вокзалдары мен стансалардың инфрақұрылымына ерекше назар аудару керектігін тілге тиек етті. Қазір олардың шамамен 90 пайызы жөндеуді қажет етеді.
– Мемлекет басшысы Қазақстанды толыққанды көлік-логистикалық хабқа айналдыру бағытында нақты міндеттер қойды. Бұл ретте темір жол саласының даму əлеуеті жоғары екенін атап өткім келеді. Сондай-ақ ол ішкі жəне транзиттік жүк тасымалын арттыруда шешуші рөл атқарып отыр. Алға қойылған мақсаттарға жетуге біз қолданыстағы темір жолдар мен логистикалық орталықтарды жаңғыртып, жаңаларын салып жатырмыз. Сондай-ақ вагон паркін жаңарту жұмыстары да тұрақты жүріп жатыр. Бұл еліміздің көлік жүйесінің тиімділігі мен оның өткізу қабілетін барынша ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қабылданған шаралардың нəтижесінде, 2029 жылға қарай транзиттік тасымал көлемі 28 млн. тоннадан 45 млн. тоннаға дейін, ал транзит жиырма футтық баламадағы 2 млн. контейнерге дейін өседі, – деді Олжас Бектенов.
Халықаралық көлік дəліздеріндегі отандық бағыттардың бəсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды. Премьер-министр шекарадағы мемлекеттік қызметтерді сапалы əрі жедел көрсетуге барлық рəсімді аяқтауды тапсырды. Қазіргі уақытта салық жүйесі мен темір жолдың ақпараттық жүйелері интеграцияланды. Көлік министрлігі мен “Қазақстан темір жолы” компаниясы негізгі инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың нақты тетіктерін əзірлеп, қаржыландыру көздерін анықтау тапсырылды.
Сонымен қатар вагондарды жаңартуда қиындықтарға кезігіп отырған жеке тасымалдаушыларды қолдау шараларын əзірлеу қажет. Бұған қоса, Үкімет басшысы темір жол жүктерін ауыстырып тиеу көлемін ұлғайту, теңіз тасымалының əлеуетін арттыруға Ақтау портының инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Көлік министрлігі мен “Қазақстан темір жолы” компаниясына 2025 жылы контейнерлік хаб салып, Ақтау портының түбін тереңдету жұмыстарын аяқтау тапсырылды.
(“Egemen Qazaqstan”,
27 қараша 2024 жыл).