«Қызылжар» креатив орталығында Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық IT технопаркі Astana Hub-тың 18-ші филиалы – SKO Hub ашылды. Іс-шараға облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев қатысты.
SKO Hub – мүмкіндіктер мекені, мұнда жастар өз идеяларын жүзеге асырып, мүдделес адамдармен танысып, стартаптарын табысты жобаға айналдыра алады. Өңірлік даму кеңсесінің директоры Аида Дусованың ай- туынша, SKO Hub-ты ашудағы негізгі мақ- сат – өңірдегі IT стартаптарды қолдау.
– Бұл жерде IT саласына қызығушылық танытатын жандарға есігі әрдайым ашық. Барлық жұмыс тегін жүргізіледі. Жаңа жобаларға, бұрын іске асырылған бастамаларға қолдау көрсетуге дайынбыз. Біздің менед- жерлеріміз жоба иелеріне жол көрсетіп, кеңес береді. Түрлі курстарымыз да бар. Онда бір ай көлемінде қалаған бағытыңызда біліміңізді шыңдай аласыз. Бағдарламалау, фриланс сияқты бағыттардың өзіндік ерекшеліктері бар, – деді ол.
Жиында Astana Hub ұйымдастырған Қазақстандағы ең ірі хакатонда үздік деп танылған жерлестеріміз өз идеяларын ұсынды. Солардың бірі – «ITshechka» тобы. Мұнда қаламыздың түрлі мектебінен 9-10 сынып оқушылары жиналған. Олар оқытушылар мен оқушыларға арналған қосымшаны таныстырды. Руслан Әлішев бұл жобаны білім басқармасына ұсынатынын жеткізді.
Ал Владислав Захаров «Забронируй» сервисінің жұмысын көрсетті. Жоба жыл соңына дейін толық әзірленіп, қолданысқа берілмек. Оның көпшілікке жақсы танымал «Booking» қосымшасынан ерекшелігі – мұнда қолданушылар туризммен ғана шектелмейді. Яғни кез келген қонақүй, мейрамхана, демалыс орындарына қашықтықтан тапсырыс бере алады. Бұл ең алдымен жеке кәсіпкерлерге, бизнес өкілдеріне таптырмас құрал. Облыс әкімі аппаратының басшысы бұл қосымшаға да оң бағасын берді. Сервистің жұмысы бір жолға қойылғанша оған мемлекеттен қолдау көрсетілетінін айтты. Жыл соңына дейін креатив орталығында ауқымды шара ұйымдастырып, жобаны қалың жұртшылыққа таныстыруға кеңес берді.
Рабиға ЕРАЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».