«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бір ғасырлық шежіре

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстандағы ең көне музейлердің бірі саналатын облыстық тарихи-өлкетану музейінің 100 жылдығы кеңінен ата­лып өтті. Мерекелік іс-шаралар 1947- 1983 жылдар аралығында музейдің директоры болған Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері Константин Ушковқа арналған мемориалдық тақтаның ашылуымен басталды.

Облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов мұ­ражай қызметкерлерін құттықтап, өңір басшысы мен Мәдениет және ақпарат министрінің атынан төсбелгі мен Алғыс хаттар табыс етілді. Музей мамандары Ғалия Балтабаева, Ирина Матвеева «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері атанса, Гүлнұр Зейнелғабиденова, Римма Попович, Айсұлу Сәрсенова, Вера Гончарова Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен, Мейрамгүл Әбуова, Татьяна Ланьщикова, Ольга Смагина облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

– Тәуелсіз еліміздің жас ұрпағының ұлттық сана- сезімі өршіл болып қалыптасуына және оларды отан­шылдық рухта тәрбиелеу саласында 2002 жылдан бері қызмет етіп келемін. Еңбегімді бағалап, сый-құрмет көрсеткен ұжымыма алғысым шексіз, – деді марапат­талғандардың бірі Гүлнұр Зейнелғабиденова.

Салтанатты шара барысында Мәдениет және ақпа­рат министрлігі Мәдениет комитетінің «Ботай» мемле­кеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры Қуаныш Шақшақовпен М.Қозыбаев атындағы Сол­түстік Қазақстан университетінің тарих, экономика және құқық факультетінің деканы, тарих ғылымдары­ның кандидаты Зауре Картова жүрекжарды лебіздерін білдірді. Сонымен қатар облыс әкімдігінің атынан мұражайға «Газель» автокөлігінің кілті тапсырылды.

Іс-шараға қатысушылар тарихи-өлкетану музейінің қалыптасуы мен дамуы туралы баяндайтын «Музей ғасыры» көрмесімен танысты. Ғасырлық тарихы бар мұражай қорында өлкеміздің өткенінен сыр шертер 350 мыңнан астам жәдігер сақталған.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp