«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕЛТОҚСАН – ТӘУЕЛСІЗДІК БАСТАУЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қай халықтың болсын тарихындағы елеулі оқиғалар сол халықтың болашағына айтарлықтай өзгеріс әкеледі, келешегін айқындайды, тағдырында айшықты із қалдырады. Қазақ тарихындағы сондай оқиғалардың бірі 1986 жылғы желтоқсан ай­ында бүкіл Қазақстанды қамтыған қазақ жастар қозғалысы. Біреулер оның көлемін та­рылтып, тек Алматы қозғалысымен шектейді, екіншілері оның саяси мәнін төмендетіп жай ғана «оқиға» деп санай­ды, ал енді үшіншілері оны ХХ ғасырдың мәнді құбылысы деп атап, КСРО сияқты супердержаваның күйреуінің бастауы са­найды.

Өкінішке қарай, не саясаткерлер тарапынан, не ғалымдар тарапынан тұщымды баға әлі берілген жоқ. Біздің түсінігімізше, тарихи оқиғаға баға беретін халық. Өйткені тарихты жасайтын сол халықтың өзі. Ал ғалымдар тек соның тұжырымын жасайды.

Одақтық баспасөз беттерінде алаңға шыққан жастар «бұзақылар», «арамтамақтар», «қоғамға жат адамдар», «нашақорлар», «шектен шыққан ұлтшылдар» деп бағаланып, олардың әрекеті «оқиға» деп тырнақшаға алынды. Алайда ел ішіндегі құбылысты жасырын ұстау мүмкін болмай қалды. Әлемді дүр сілкіндірді. Хельсинки тобы мұны «толқу» деп атады.1986 жылғы оқиғаның бүге-шүгесіне дейін зерттеу мақсатында құрылған Қазақ КСР Жоғары кеңе сінің Мұхтар Шаханов басқарған арнаулы комиссиясы ұзақ және жемісті еңбегінің арқасында біраз дүниенің бетін ашты. Желтоқсан құбылысын комиссия «толқу», «қақтығыс» деп бағалап, жоғарыда аталған Хельсинки тобының пікіріне қосылды.

Сол жылдары Желтоқсан оқиғасын зерттеумен айналысқан белгілі журналист Коммунар Тебеев оны 1825 жылғы декабристерь әрекетімен салыстырып, алғаш рет «көтеріліс» терминін пайдаланды. Жазушы Әбіш Кекілбаев та Желтоқсанның статусын анықтауға тырысты. Оны Желтоқсан проблемасын зерттеп жүрген Қостанай педагогика институтының профессоры, тарих ғылымының докторы Аманжол Күзембайдың тұжырымдамасынан байқауға болады. «1986 жылғы желтоқсанға анықтауыш ретінде «Желтоқсан толқуы», «Желтоқсан оқиғалары» «Желтоқсан оқиғасы» сияқты ұғымдар аталуда. Ал Кекілбаев көкеміз желтоқсан 1916 жылғыдай «Орталықтың бір ғана озбырлығын пайдаланып, күллі ұлттық болмысты түгелімен шайқап, жаңа сапалық өреге көтергені үшін «1986 жылдың желтоқсан оқиғасын көтеріліс деп те пайдалануға болады» деген болжам жасады. Оқиғаның ұйым-дастырылмағанына қарамастан, салдары жағынан өзінен кейінгі бүкіл бір ұлт, бір елдік ауқымдағы әлеуметтік процестерді алдын ала анықтап бере алады деп санайды жазушы ағамыз. Әбекеңнің мұндай пайымы бізді «көтеріліс» деген тұжырымға сілтегендей көрінді».

Осы тақырыпқа алғашқылардың бірі болып қалам тартқан, кәсіби тарихшы, академик Манаш Қозыбаев еді. Академик 1986 жылғы Қазақстан желтоқсанын 1905 жылғы Санк-Петербургтағы қанды жексенбімен салыстырып, Москвадағы желтоқсанда қарулы көтеріліс арасына аналогия жүргізді. «1986 жылдың 16-18 желтоқсанында Қазақстан астанасында болған қанды шайқас халқымыздың тарихына тоң-тоң болған шері мен мұңы бар, қатпар-қатпар сыры бар күндер болып мәңгі хатталады», – деп жазды ол. Осы бір тарихи құбылыс пердесі әлі толық ашылмау себептеріне тоқталды. «Біріншіден, бейбіт демонстрацияға, манифестацияға шыққан шын мәніндегі реформатор ұрпақтың өкілдерін қанға бөктіру процесіне қатысқандар әлі арамызда. Екіншіден, жүйе алғашқы жылдары Желтоқсан қозғалысына байланысты негізгі деректерді құртып үлгерді. Үшіншіден, 1986 желтоқсан проблемасын зерттеуге тарихшылар, қоғамтанушы ғалымдар әлі араласқан жоқ. Өйткені фактілер жиналып, одан оқиға, оқиғалардан құбылыс, құбылыстардан тарихи заңдылық өрбіту үшін уақыттың ұзаруы керек», – деді ол. Манаш Қабашұлы шығармасында қозғалыс пен көтеріліс анықтауыштарын қатар пайдаланған.

Осы қозғалыстың ең басты зерттеушісі және 2016 жылы Астанада өткізілген «Қазақстандағы Желтоқсан (1986) көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызы» конференциясын ұйымдастырушысы, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, заң ғылымының кандидаты Сабыр Қасымов сонау 1996 жылы өткен Желтоқсанның онжылдығына арналған бірінші ғылыми- практикалық конференцияда бұл тарихи құбылысқа «көтеріліс» деген толықтай ғылыми анықтама берді. Осы пікірін өзінің газет тілшілеріне берген сұхбаты мен мақалаларында бірнеше рет қайталады. Ол желтоқсанға тек құқықтық баға мен қорытынды беріп қоймай, сонымен қатар маңызды саясаттанымдық ұсыныстар мен тұжырымдамалар жасады. 1986 жылға 17- 18 желтоқсан күндері Алматыдағы орталық алаңда және бүкіл ел көлемінде болған қанды қақтығыстар мен толқулар Кеңес үкіметі мен қазақ ұлты арасында өзара сенімсіздіктің қанша жылдар өтсе де сол күйінде қалғандығының нақты айғағы болып табылды. Қазақ жастарының көтерілісі елімізге сырттан әкелінген басшының орыс болғандығынан емес, Қазақстанның мемлекеттік, ұлттық мүддесінің ескерілмеуінен туындады. Мұны 17 желтоқсан күні шеруге шыққан жастардың қолдарына ұстаған «Ешқандай ұлтқа ешқандай артықшылық болмасын», «Ұлт саясатының лениндік ұстанымын сыйлауды талап етеміз» деген ұрандар айғақтайды.

Желтоқсан көтерілісі Одақ көлемінде жалғасын тапты. Одақтың құлдырауына, ыдырауына әкелді. Одақтас республикалардың мемлекеттік егемендігін жариялануына мол мүмкіндік берді. Тбилисиде, Бакуде, Вильнюсте, Ригада, Сумгайтте және өзіміздің басқа қалаларда тоталитарлық жүйеге қарсы толқулар өрбіді. Осылайша біздің Желтоқсан республика шеңберінен шығып, Еуразиялық сипат алды.

Желтоқсан кеңестік отаршылдық саясатқа қарсы алғашқы көтеріліс еді. Бұдан 38 жыл бұрын ол үлкен тарихи сілкініс болды. Оны сол заманда ой елегінен өткізу оңай емес-ті. Ұлттық рухты көтеріп, тәуелсіздікке жетуімізге серпін берген бұл көтерілістің тарихтағы орнын жоғары бағалауымыз керек. Желтоқсан көтерілісі – бірнеше ғасырға созылған ұлтымыздың тәуелсіздікке жету жолындағы жанкешті ұлт-азаттық көтерілістерінің жалғасы және биік шыңы. Өйткені Желтоқсан бізді тәуелсіздікке жеткізді. Мұны ешқашан ұмытуға болмайды.

Мейрам БАЙҒАЗИН,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp