Желтоқсан көтерілісіне қатысушы қызыл саясаттың құрбаны, жерлесіміз Нұржан Қалиасқаров атындағы «Желтоқсан» қоғамдық қорының ұсынысымен 7-17 желтоқсан аралығында қыршынынан қиылған боздақтарды еске алу онкүндігі жарияланды.
Желтоқсанда зардап шеккен Боташ Қажымов, куәгері Бағдат Мұқанова, республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің өңірдегі тілшісі Жақсыбай Самрат, тіл жанашыры, жеке кәсіпкер Руслан Қайырбеков, қоғамдық қордың төрағасы Өмір Есқали Қожаберген жырау атындағы №6 мектепте өткен «дөңгелек үстелге» қатысып, естеліктермен бөлісіп, сұрақтарға жауап берді. Жоғары сынып оқушылары «Бітеу жара» пьесасын сахналады.
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрындағы еркін пікір алмасу өзгеше форматта ұйымдастырылды. Театр директоры Біржан Жалғасбаев Желтоқсан көтерілісіне 40 жыл толу қарсаңында театр актерларының қатысуымен сахналық қойылымдар қою туралы ұсыныс тастады. М.Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейде өткен кездесуде бейнесюжеттер көрсетілді.
Волейболдан Нұржан Қалиасқаровты еске алу турнирі жылдағы дәстүр бойынша Абай атындағы қалалық қазақ гимназиясында осымен 27-ші рет өз жалауын желбіретті. 7 мектеп пен 8 ұйым арасындағы спорттық жарыс тартысқа толы болып, нәтижесінде облыстық полиция департаментіне қарасты жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың командасы жеңістің ең биік тұғырына көтеріліп, ауыспалы кубок пен 100 мың теңге сыйақы тапсырылды. Екінші, үшінші орындарды Абай атындағы қалалық қазақ гимназиясы мен «Сұңқар» командалары бөлісті. «Жеңіске деген ерен құштарлығы үшін» сый-сияпатына облыстық спорт мектеп-интернатының балғын спортшылары ие болды.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».