Аққайың ауданының әкімі Жанар Құсайын жергілікті коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын инвестициялық көрсеткіштерден бастады.
Қаңтар-қазан айларында инвестиция көлемі 13,4 млрд.теңгеге жуықтап, 95,5 пайыз болған. Негізгі капиталға инвестициялар тарту жалғасуда. Жыл қорытындысы бойынша 15,5 млрд. теңге көлемінде болады деп күтілуде. Бұл орайда тауар өндірушілердің ауыл шаруашылығы саласына қаржы құюдағы белсенділігі жоғары.
Ауыл шаруашылығында 55,3 млрд.теңгенің жалпы өнімі өндіріліп, нақты индекс көлемі 122,4 пайызды құраған. Диқан қауымы 217,0 мың гектар алқапта өсірілген астықты ысырыпсыз жинап алған. Дәнді дақылдардың орташа өнімділігі –24, майлы дақылдар 14,3 центнерден айналған. Жемшөптің бір жарым жылдық қоры жасалған. Машина-трактор паркін жаңарту жүйелі түрде жалғасып, 6,1 млрд. теңгеге 157 жаңа техника сатып алынған.
Мал шаруашылығы саласында үш инвестициялық жоба іске асырылуда. Олар – құны 1,5 миллион теңге болатын 400 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы («Гагарино» ЖШС), 400 басқа арналған сүт кешенін кеңейту («Гердт В.В.» ШҚ) және 200 басқа шақталған тауарлы-сүт фермасын жаңғырту («Кедр» ШҚ). Бұдан бөлек «Леонтьев» ШҚ 2 млрд. теңгеге 400 басқа лайықталған сүт кешенін тұрғызбақ. «Полтавское» ЖШС жалпы құны 6 млрд. теңгеге парапар дәнді дақылдар өңдейтін зауыт салуды жоспарлап отыр. Етті мал шаруашылығын дамыту мақсатында Астраханка ауылында бір мың басқа арналған мал бордақылау алаңы тұрғызылмақ.
– «Қазақстан халқына» қорының бастамасымен Смирнов мектеп гимназиясын қайта жабдықтауға 250 млн. теңге жұмсалған. 3 кабинетке 25,1 млн.теңгенің жабдықтары сатып алынған. Елді мекендер білікті медицина қызметкерлерімен қамтамасыз етілген. 4 дәрігерлік амбулатория, 6 фельдшерлік-акушерлік пункт, 14 медициналық қосын, 58 орындық бір аурухана, тәулігіне 250 науқасты қабылдай алатын емхана жұмыс істейді, – деді Жанар Поселкеқызы.